Аймақ басшысы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады

Облыс әкімінің қабылдауына түрлі әлеуметтік санаттағы адамдар келді.  Олардың қатарында көпбалалы аналар мен кәсіпкерлер де бар. Сонау Қаражал, Сәтбаев тәрізді алыс қалалардан арнайы келген азаматтар да болды. Кездесу барысында тұрғын үй, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым және сот дауларына қатысты мәселелер көтерілді. 

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек әр жағдайды егжей-тегжейлі қарастырды. Түйіткілді мәселелердің шешілуін жеделдету мақсатында қабылдауға сала мамандары да қатысып, көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме берді. Мәселен,  қарағандылық қоғам белсендісі Бейбіт Жұмабеков Бобруйская көшесіндегі үйлердегі жылудың көп жылдық мәселесін шешімін табуды сұрады. Бұрын тұрғын үй секторы автокомбинаттың қазандығынан жылытылған. Кәсіпорын жабылған соң тұрғындар дербес қазандықтар мен пәтерлеріне «буржуйка» орнатуға  мәжбүр болды.

Қарағанды  қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, қазір бұл мәселені шешу жолдары қарастырылуда.

2020 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша жылу магистралінің құрылысына қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл мақсатқа шамамен 1,5 млрд теңге қажет. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде, — дейді қала басшысы.

Жеңіс Қасымбек бұл жағдайды жеке бақылауда ұстауға уәде берді.
Абай қаласынан келген кәсіпкер Нұрхан Жұмабеков тігін өндірісі үшін энергия қуатын арттыруда монополист тарапынан болған кедергілерге шағымданды.

— Инфрақұрылым мәселелері бойынша көмек көрсетеміз.  Мен шағын және орта бизнеске жетекшілік ететін орынбасарыма қызмет көрсетушімен бірге оңтайлы нұсқаны қарастыруды тапсырдым,   — деді облыс әкімі.

Қабылдау барысында айтылған бірде-бір өтініш назардан тыс қалған жоқ. Әр мәселе бойынша облыс әкімі тапсырма берді.