Спорт

Айдында алтын таққан қыз

«Наргиза жүзуден Қазақстаннан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы болыпты!» деген сүйінші хабар Қарқаралы, Егіндібұлақ өңіріне тез-ақ тарады. Қайдағы әлем чемпионаты, жүзудің қай түрінен, бастапқыда оның байыбына барып жатқан ешкім болған жоқ. «Ол кім?» деген сұраққа «Тәттімбет ауылының тумасы, өзіміздің Болат Қамаровтың немересі көрінеді», «Бөкеңнің Теміртауда тұратын ұлы Асыланның қыз баласы екен», – деп жатты. Мұның бәрі рас. Әлеуметтік желідегі «Егіндібұлақ» тобында да естіген жұрт бір-біріне құтты болсын айтып, қуанып жатыр. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген осы да…

Бұл – Қазақстанға су спорты түрлерінен әлем чемпионатынан бұйырған тұңғыш алтын медаль! Сондықтан бұл дегеніңіз шын мәнінде тарихи оқиға. Елдің бәрі Наргизаға дән риза!..

Сурет А.Қамаров

Әлем біріншілігінен кейін бірден наурыз айында Қытайда өтетін Әлем кубогына дайындығын бастап кеткен алыстағы Наргизамен сұхбаттасу мүмкін болмаса да, әкесі Асылан құрдасыммен сөйлесудің орайы табылды. Әкесі Болат ағамыз кезінде Егіндібұлақ (Қазыбек би) ауданының Арқалық совхозында сауда саласында қызмет істеген. Болат аға зейнет демалысына шыққаннан кейін, оқудағы, қызметтегі балалардың қасында болайық деп, отбасымен сонау 1995 жылы қалаға көшкен. Құдай қосқан қосағы Рымжан тәтеміз екеуі өмірге әкелген бес ұлын бес арыстан ғып жеткізіп, бас-басына отау қылып, немере сүйіп, енді солардың ортасында қызықтарын көріп отыр.

Асылан Болатұлы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы­ның стоматология факультетін тә­мам­даған, қазір Теміртауда хирург-стоматолог болып қызмет жа­сайды. Жары Айжан – Қарқаралы қаласының тумасы, бүгінде Теміртау жоғары политехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Балаларының үлкені Ильяс Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған, қазір Астанада қызметте, жүзуден спорт шебері. Одан кейінгі Наргиза міне, Әлем чемпионы болып, халықтың қызына айналды. Ал кенжелері Айару – он екі жаста, орта мектептің 7-сынып оқушысы.

* * *

Адам кім болса да, қандай болса да, ол туралы ата-анасынан асырып ешкім айта алмас. Сондықтан, Наргиза қызымыз туралы әкесі Асылан Болатұлы айтсын.

– Теміртауда спорт түрлерін дамытуға жақсы жағдай жасалған, –  дейді Асекең. – Қай спортта да мықты, білікті бапкерлер баршы­лық. Соған сәйкес жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар да көп. Осы Теміртаудың «Строитель» спорт кешеніндегі жүзу секциясына Ильяс пен Наргизаны алғаш 2009 жылы ертіп бардым. Ол кезде Ильяс сегіз, Наргиза алты жаста. Сол бассейнде жүзу секциясы мен үйлесімді жүзу секциясы жұмыс істейді екен. Екі баламды жүзу секциясына беріп, олар жаттығуға қуана барып жүрді. Жарты жылдан кейін маған үйлесімді жүзу секциясының бапкері жолығып, «Қызыңыздың талабын, дене бітімі мен икемділігін сырттай бақылап, байқап жүрмін. Наргиза үйлесімді жүзуден жақсы нәтижеге жете алар еді, оны біздің секцияға ауыстырыңыз», – деп өтініш білдірді. Үйде қызымның анасымен ақылдасып, ақыры үйлесімді жүзу секциясына ауыстыратын болып шештік. Содан бері, міне, он төрт жыл бойы спорттың осы түрімен шұғылданып келеді. Наргиза он төрт жасында Қазақстан құрамасына алынғанға дейін Теміртаудағы жаттығуларына өзім апарып жүрдім. Күнде таңертең сағат 6-да тұрады, сағат 7-де ол бассейн бортында тұруы тиіс. Жаттығудан сағат 9:30-да шығып, мектептегі сабағына барады. Түскі екіде үйге келіп, тамағын ішіп, сағат үштен кешкі жетіге дейін болатын екінші жаттығуына барады. Оған да өзім апарып, алып қайтам. Таңертең анасы ерте тұрып, балалардың тамағын беріп, киіндіріп, шығарып салады. Кешкісін сабақ үлгерімдерін қарап, үй тапсырмаларын орындауына көмектеседі. Үйде кәдімгідей режим: Айжан балаларды уақытымен тұрғызып, уақытымен жатқызады. Олардың дұрыс тамақтануы да сол кісінің мойнында болды. Екі балам да Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резерв мектебінде оқыды. Наргиза қазір Қарағанды экономикалық университетінде дене шынықтыру және спорт менеджменті мамандығы бойынша оқып жүр, 3 курс студенті. Спортшылық жолына байланысты қашықтан оқуына тура келеді. Тиісті тапсырмаларын алып, уақытымен орындап, өткізіп тұрады. Түрлі жарыстарда ел намысын қорғап жүрген қызымыздың осындай мәжбүрлігіне түсіністікпен қарап, қолдап отырған оқу орнының басшыларына, деканаты мен кафедрасына, ұстаздары мен курстас дос­тарына алғысымыз шексіз. Олар Наргизаның қай уақытта жаттығуларда, қай уақытта жарыста жүргенінен әрдайым хабардар болып отырады.

Наргизаны үйлесімді жүзу секциясына шақырып, жаттықтырған алғашқы бапкерлері Елена Котова, Оксана Москвичева, Светлана Якушева сынды тамаша мамандар болды. Олар қызыма үйлесімді жүзудің қыр-сырын әліппесінен бастап үйретті. Осы кісілердің тынымсыз еңбегі мен Құдай берген қабілетінің арқасында Наргиза кішкентай кезінен-ақ айтарлықтай жетістіктерге жете бастады. Алғашқы жетістігі:  небары сегіз жасында халықаралық «Жемчужина Теміртау» жарысында топ жарып, алтыннан алқа тағынды. Бұл сайысқа өз елімізден бөлек, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің үздік спортшылары қатысқан болатын. Одан кейін Ресейдің Самара қаласында өткен «Принцесса Волги», Сочиде болған «Жемчужина Сочи» жарыстарына қатысты. 2011 жылы алғаш рет жасөспірімдер арасында Таиландта өткен Азия біріншілігінде бағын сынады. Онда соло, дуэт, топтық кезеңдердің бәрінде де бірінші орынға ие болып, жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Ал, 2012 жылы Өзбекстанда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында сол жетістіктерін тағы қайталап, екі дүркін Азия чемпионы мәртебесіне ие болды. «Баласы атқа шапса, ата-ана үйде отырып тақымын қысады» деген рас екен, қызымыз қатысқан жарыс аяқталып, нәтижесі хабарланғанша бізде ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ. Бәрімізден маза кетеді. Кез келген ақпарат көзіне құлақ түреміз, қолымыздан телефон түспейді.

Наргиза туғанда ата-анамыз да қалада тұратын. Балаларымыздың бәрі ата-әжесінің тәрбиесін көрген, қазақша тілге де, салт-дәстүрлерімізге де жетік. Ортасы орыс тілді болғанымен, үйдегі тілдері қазақша. Шаңырақта бәріміз тек ана тілімізде сөйлесек, олар қайда барады..?

Наргиза табиғатынан алғыр, көп сөйлемейді, тұйықтау, мінезі қаттылау, шындықты бетке айтатын өжеттігі бар. Дегенмен, айналасымен тіл табысқыш, ақжарқын, режимді қатаң сақтайды, уақытымен тұрып, уақытымен жатуды айнымас қағидасына айналдырған. Үй шаруасына да епті, анасы жастайынан бәріне үйреткен. Өзі уақытылы тамақтанғанымен, спорттық диетаны қатаң ұстанады. Сағат оннан қалмай ұйықтап, таңертең алтыда тұрады. Солай өзін-өзі қалыптастырған бала. Спорттық режимді қатаң сақтауда Ильяс та сондай. Ол жүзумен 11-сыныпқа дейін ғана шұғылданды, соның өзінде Қазақстанның спорт шебері. Оқуын аяқтағаннан кейін, «Кәсіби жүзумен бір үйден біреуіміз айналыссақ та жетер, папа», – деп, мамандығы бойынша қызмет жолын таңдады. Мен қарсы бола қоймадым. Азамат жасына жетті, өз таңдауы өзінде.

Ал, Наргизамыз кәсіби спорттағы жолын жалғастырып келеді. 2017 жылы Алматы қаласынан Теміртауға арнайы келген мамандар іріктеу шараларынан кейін теміртаулық екі қызды еліміздің негізгі құрамасына шақырды. Наргиза қазіргі уақытта үйлесімді жүзуден ұлттық құрама команданың капитаны. Сол 14 жасынан бері Алматыда тұрады.

Осы жолғы әлем біріншілігінде Наргизамен бірге чемпион болған Эдуард Ким – Алматы қаласының тумасы. Өте дарынды, еңбекқор жас. Жасөспірімдер арасында әлем­нің екі дүркін чемпионы, ересектер арасындағы былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Наргиза екеуінің микс-дуэт құрып, бірге өнер көрсетіп жүргендеріне жылдан асты. Катардың астанасы Доха қаласында өткен әлем чемпионаты – Наргиза мен Эдуардтың қатысқан екінші әлем біріншілігі. Былтыр Жапонияның Фукуока қаласында өткен әлем чемпионатында жартылай финалда көңіл күйлері келмеді ме, сәтсіздеу өнер көрсетіп, төртінші орынға табан тіреді.

Бірақ қыркүйек айында Қытайда өткен төрт жылдықтың Азия ойындарында Қазақстан құрамасының Наргиза бастаған сегіз қызы топтық сайыста лайықты өнер көрсетіп, еліміздің тарихында бірінші рет үйлесімді жүзуден Азия ойындарының қола медалін жеңіп алды. 

… Бір кезде Ильяс пен Наргизаның балалық шағына обал жасап жүрмін бе деген де ойым болған. Екеуі таңертең сағат 6-да тұрып жаттығуға кеткеннен үйге кешкі сағат сегізге қарай бір-ақ келеді. Басқа балалар аулада ойын қуып жүргенде бұлар тынымсыз жаттығуларда тер төгіп жүрді. Біресе жаттығу, біресе жарыстарға кетеді. Дұрыс іспен шұғылдансын десем де, балалық балғын шақтарының қызығын дұрыс көре алмады-ау деген өкінішім маза бермейтін еді. Наргиза қазір де үйге жылына екі-үш рет келіп кетеді, қалған уақыттың бәрінде не оқу-жаттығу жиынында, не жарыстарда жүреді. Бірақ осының бәрі жарқын келешегіне бастаған баспалдақ екенін ойлап, соған шүкіршілік айтамыз…

* * *

«Әкелі бала – жаужүрек», асқар тауының қамқор көңілін, жанашыр пейілін саналы перзент сезеді ғой, неге сезбесін.

Наргизаның ең үлкен арманы – Олимп шыңы. Әлбетте, бұл шыңды бағындыру – кез келген спортшының арманы! Бір өкініштісі, артистік жүзу Олимпиада бағдарламасында болғанымен, ол тек қыздар арасында ғана өткізіледі. Сондықтан, Әлем чемпиондары Наргиза мен Эдуардтың аралас жұбы әзірге Олимпиадаға қатыса алмайды. Қазір бұл мәселе тиісті жоғары деңгейлерде қарастырылуда, 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасына дейін оң шешімі болады деген үміт бар. Айтпақшы, синхронды (үйлесімді) жүзу спорты Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет 1984 жылы дәл осы Лос-Анджелесте өткен Олимпиададан бастап енгізілген. 2017 жылы Жүзу спорты халықаралық федерациясының (FINA) шешімімен атауы «артистік жүзу» болып өзгертілді.

Наргиза мен Эдуард осы күндері Әлем кубогының наурыз айында Қытай астанасы Бейжіңде өтетін алғашқы кезеңіне қызу дайындық үстінде. Әлем кубогының екінші кезеңі Канада, үшінші кезеңі Франция елдерінде, суперфинал Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өтеді.

Ел намысын ту еткен жастарымызға Жаратқан қайрат бергей! Жиырма жасында әлемді мойындатқан жұлдызды қызымыздың алдағы сындарда да биіктен көрінуіне жанкүйер боламыз. Теміртау тілеуін тілеп, Балқантау батасын беріп жатыр. Соның бәрі қабыл болып, Лос-Анджелес олимпиадасының айдынына жеткізсін!..

Болатбек ҚАУЫСОВ

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button