Бас тақырып

Тарихи жеңіс әкелген Наргизаға құрмет көрсетті

Теміртаулық Наргиза Болатова мен Эдуард Кимнің Катар астанасы Доха қаласында өткен су спорты сайысы чемпионы атанғанын әлем көрді. 25 елдің спортшылары бақ сынаған сайыста спортшылар алтыннан алқа тағып, Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады. Елге оралған спортшы мен оның жаттықтырушысы Елена Котованы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы қабылдады. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев та арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімінің орынбасары спортшыға жеңіс тілеп, құрмет көрсетті. Одан бөлек, спортшы мен жаттықтырушысына 1,5 млн. теңгелік сертификат табыс етті.

– Бұл – тәуелсіз Қазақстанның су спортынан әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны. Жақында Наргизаның Қытайдағы Азия ойындарының қола жүлдегері болғаны да ерекше қуантты. Қол жеткізген жетістіктер құтты болып, жаңа жеңістеріңіз көп болсын, – деді Ерлан Құсайын.

Наргиза Болатова 6 жастан бастап синхронды жүзумен айналысады. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, су спорты түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрамасының капитаны. Республикалық және әлемдік чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері.

– Жеңімпаз атану үшін ұзақ және ауыр жаттығу қажет. Қарсыластарым мықты болды. Мен эмоцияларды, судағы театрды көрсетуге тырыстым. Бірақ сонымен бірге, бағдарламаның күрделілігін көрсету қажет болды. Эдуардпен жұмыс істеу оңай болды. Ол – талантты спортшы, біз бір-бірімізге көмектестік. Енді әлем Кубогының келесі кезеңдеріне дайындаламын. 2028 жылы Олимпиада ойындарының бағдарламасына аралас дуэттер енгізіледі деп үміттенемін, – дейді Наргиза.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button