Тарих

Айбынды «Азия жолбарысы»

Диірменнің тасындай дөңгеленген уақыт тәу еткен Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толатынын айтады. Сосын… тарихқа айналып, өткеннің қатарына еніп кеткен кешегі күн туралы ойға жетелейді. Санаға салмақ салып, байыпты байлам жаса дейді. «Кешесіз бүгін жоқ» дейтін тәмсіл соған мегзейді. Сонымен, батыр-бағландарымыз, арыстарымыз арман еткен, жаны тәнінен шыққанша, егіле аңсаған еркіндік бізге не берді? Екі тізгін, бір шылбырды қолға ұстатты. Ең бастысы, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жетекке алған Алаштың Рухымен қайта қауыштырды. Қырдың қыранындай дүр сілкіндік. Сосын… етек-жеңімізді жиып, бағыт-бағдарымызды айқындадық. Кімнің қас, кімнің дос екенін екшедік. Өсу мен өрлеудің дұрыс жолын таңдадық. Оның жемісі – бүгінгі күн.

Сонау 1997 жылы Елбасы Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауында еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиясын ұсынған болатын. Мемлекеттің болашағы баян етілген бұл стратегияға күмәнмен, тіпті мысқылмен қарағандардың көп болғаны да өтірік емес. Ел арасында да бұл стратегияны ертегіге балайтын. Бірақ, «таң атпаймын десе де, күн шықпай қоймайды» дегендейін, сынаптай сырғып өткен уақыт оның ойдан шығарылған қиял емес, болашаққа батыл жасалған болжам екенін дәлелдеді. Кері ауызға құм құйылды. Досымыз көбейіп, дұшпанымыздың дымы құрыды.

Түркияның «ТюркишДэйлиНьюс» басылымы осыдан біраз жыл бұрын еліміз туралы: «Қазіргі Қазақстан 1991 жылғы одақтық республикадан мүлдем өзгеше. Бір кезде бұл «темір перденің» әр жағындағы жабық қоғам болған-ды, енді оның адамдары бүкіләлемдік коммуникациялардың рахатын көруде, Орталық Азиядағы Интернет пен ұялы байланыстарды пайдаланушылардың көпшілігі осында. Қазақстан аса ірі әлемдік компаниялардың Батыс авиажолдарымен байланыста, ал шет елдерден келген қонақтар Алматы мен Астанадағы халықаралық стандарттардың талаптарына сай мейманханалардың қонақжайлылығын пайдалана алады.

Қазақ үшін орындалмайтын арман болған кеңестік «лада» келмеске кеткен. Еуропалық және американдық седандар мен джиптер енді үлкен қалалардың көшелерінде ағылып жатқаны күнделікті көрініске айналды.

Адамдар да өзгерген. Олар Еуропа мен Америкаға еркін сапар шегеді, Анталия мен Бодрумға демалуға барады. Қазақстаннан шет елдердің озық университеттеріне оқуға баратын жастардың саны жыл сайын көбеюде. Қазақстан зейнеткерлік реформаны ойдағыдай өткізді және азаматтарының еңбекақыларын ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғары деңгейге көтерді» деп жазды.

Бұл айтылғандарды ешкім де жоққа шығара алмас. Тәуелсіздік пен байыпты саясаттың арқасында Алаш жұртының айбыны да асқақ. Ноқтаға басы сыймаған қазақ Кеңес Одағынан кейінгі пайда болған кеңістікте, әрі Орталық Азияда көш бастаушы тұғырына көтерілді. Әлем елі «Азия жолбарысына» – қазаққа қарай бастады. Егемендігін алғанда төрткүл дүниенің көбіне беймәлім қазақ аз уақыттың ішінде экономикалық секіріс жасады. Бұған өнер-білімі бар жұрттардың өзі қайран қалды. Қазақ сілкінді. Беркінді. Қайраттанды. Қажымады.

Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете түсінген еліміз еңсесін экономиканы еселеу арқылы ғана көтеруге болатынын жақсы білді. Өзін де, өзгені де сыйлату үшін қазақтың кеңдігі мен дархандығының, білімі мен біліктілігінің ауадай қажеттігін түйсінді. Сөйтіп, Тәуелсіздік алғаннан-ақ Елбасы биік мақсаттар қойды һәм ол мақсаттарға ел болып, жұрт болып жеттік те. Кешегі күні Кеңес үкіметінің керегесі қақырап, шаңырағы ортасына түскенде, өмір бойы Кеңестің көйлегін киіп, суын ішкен аға буынның кейбір өкілдері бұндай бұла күн туарына сенбестік танытқаны да жалған емес. Алайда, уақыт-төре төрелік айтты. Еркіндік пен қазақ әуел бастан ажырамас егіз ұғым екен…

Тайландықтар былай дейді: «Қазақстан Н.Назарбаевтың басшылығымен кеңестік және батыстық дамудың енжар зардаптарына ұқсамайтын шын мәніндегі тәуелсіз егеменді мемлекеттің саясатын жүргізіп отыр.

Бұрынғы КСРО-ның көптеген басқа мемлекеттерінен өзгешелігі, Қазақстан қоғамдық саяси, діни немесе қандай да бір басқа бір негізде түбейгейлендірмей, тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бері өзінше даму жолымен жүріп келеді» («Аsia Pacifik Investment» Гонконг, 2005 ж).

Сонымен басқа елді елең еткізген біздің басты саясатымыз қандай еді? Ол – Елбасымыз Н.Назарбаев үнемі қадап айтатын, біздің барлық табыстарымыздың қайнары дейтін – бірлік пен ынтымақ. Сосын жүргізіліп отырған ішкі және сыртқы саясаттағы құрыштай берік қолдау. Соған орай бүгінде «біздің саяси реформалардың өзімізге лайық үлгісі, саяси көшіміздің өзіндік «қазақстандық жолы» қалыптасу үстінде».

Тәуелсіздік тізгіні қолға енді тиген ел үшін, бәрінен бұрын жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту және бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуі жағдайында экономикалық реформаларды жүргізу аса қиынға соқты. Бұл тұста 1992 жылдың басында Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен жасалған “Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы” еліміз тарихындағы орташа мерзімге арналған тұңғыш жоспарлау тәжірибеміз болды. Бұл 1990-1991 жылдардағы аласапыран кезеңдегі ойластырылмай жасалған шаралардан бас тартып, елдің даму жолын айқындап алып ойластыруға бағытталған алғашқы әрекет еді. Үш жылға арналған мемлекеттіліктің қалыптасуы мен даму стратегиясында алғашқы кезектегі маңызды міндеттерді шешу талап етілді. Аталған стратегия ең алдымен еліміздің мемлекет ретінде қалыптасуын қажет етті. Бағдарламалық құжаттың “Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы” деп аталуы да осыдан. Мемлекеттің қалыптасуы ең алдымен биліктің мемлекеттік институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада танылуға жетудің, әртүрлі дүниежүзілік ұйымдарға кірудің қажеттілігін көрсетті. Бұл міндеттерді орындамай халықаралық аренаға шығу, мемлекет ретінде танылу мүмкін емес-тін» («Егемен Қазақстан», 16.12.10ж ).

Елбасы бұл құжат туралы: “Өткенге қарайлай отырып, бұл жоспар көбіне-көп тірі қалудың стратегиясы ретінде өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Атап айтқанда, ол біздің кім екенімізді, таяу және алыс болашақта кім болатынымызды айқындап берді”, – депті. Расында да солай. Еліміз әлемге Азия жолбарысы ретінде танылуда. Осыдан біраз жыл бұрын көршілеріміздің бірі – Қазақстанды «азия жолбарысы» қаз тұрып келеді деген еді. Осы бір ауыз сөз біраз жайды аңғартқандай.

Әмсе, азат еліміздің айбыны аса бергей! Бұл – исі қазақтың тілеуі.

Қызғалдақ  АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button