АЭС салынса не өзгереді?
Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазин мен елімізге белгілі мамандар атом энергиясы қауіпсіз екенін айтып, АЭС салсақ елімізде қандай өзгеріс болатынын айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап.
– Біз тек атом өнеркәсібінің болашағын емес, Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесінің тұрақты дамуын анықтайтын маңызды таңдаудың алдында тұрмыз. Қазіргі таңда энергияға сұраныстың артуы мен көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерді теңестіруіміз керек. Атом энергиясы қауіпсіз және таза энергия көзі ретінде осы тепе-теңдікке қол жеткізуде шешуші рөл атқара алады, – деді Ғ. Серғазин.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, АЭС құрылысы атом индустриясы мен тұтастай ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
– АЭС құрылысы елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлық әлеуетінің өсуіне, құрылыс кезеңінде 8 мыңға дейін жұмыс орнын және пайдалану кезеңінде 2 000-ға дейін сапалы жұмыс орнын құруға алып келеді. Бұл сондай-ақ жергілікті өнеркәсіпті дамытуға, өз отын базасының әлеуетін кешенді пайдалануға және 60 жылдан астам уақыт бойы сенімді энергиямен қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Жалпы, АЭС құрылысы айтарлықтай экономикалық, әлеуметтік, техникалық және экологиялық артықшылықтарға ие, – дейді Т.Жантикин.
Сонымен қатар Ядролық физика институтының басшысы Саябек Сахиев ядролық технологиялар саласындағы қауіпсіздікті нығайту ғылыми зерттеулер жасалатынын айтады.
– Ядролық физика институты Атом энергетикасы және өнеркәсіп саласында белсенді зерттеулер жүргізіп жатыр. Біз атом энергетикасын одан да қауіпсіз және тиімді етуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеп жатырмыз, – деді сарапшы.
Материалды әзірлеген Ілияс МҰҚАЙ.