АймақАқтоғай

Адам жанының арашасы

Талай жанның дертіне шипа болып, емімен өмір сыйлап жүрген ақ халатты абзал жан Жанар ӘБДІҒҰЛОВАҒА деген Ақтоғай ауданы жұртшылығының құрметі шексіз.

Сананы ақша билеп, соған ғана тәуелді болып тұрған мына алмағайып заманда денсаулықты ғана сатып ала алмайсың. Ағзада кінәрат туындап, денсаулыққа шипа іздесең тек дәрігерге ғана барып, еміне жүгіне аласың. Ақтоғай аудандық ауруханаға келген науқастар да ең бірінші Жанардың көмегіне жүгінеді.

Жанар Әшімбекқызы 1981 жылы №7 Озерный орта мектебін бітіргеннен кейін арман қуып Қарағандыдағы медицина институтына түсіп, «емдеу ісі» мамандығын алып шығады. Одан кейін №1 Балқаш қалалық ауруханасында тәжірибеден өтіп, дәрігер терапевт санатын алды. 1998 жылы Ақтоғай аудандық ауруханасында дәрігер терапевт ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Бұдан кейін жас маманға сенім артқан аурухана басшылығы Сарытерек отбасылық дәрігерлік емханасына дәрігер етіп жібереді.

Өзінің еңбек жолы жайында сөз сабақтаған кейіпкеріміз:

– Сарытерек отбасылық емханасында мол тәжірибе жинақтап, көп нәрсені үйрендім. Тегінде, ауылдық жерде еңбек еткенге өкінбеу керек. Себебі, сен бір бойыңда бірнеше мамандықты қажетке жаратасың. Алдыңа бала келсе бала дәрігері, аяғы ауыр анаға көмектесетін акушер де, кардиолог, терапевт, хирург та болуыңа тура келеді. Осының бәрі тәжірибеңді молайтады, – дейді.

2001 жылы Жанар Әшімбекқызы Ақтоғай аудандық ауруханасына кардиолог болып келеді. Науқастың диагнозын дәл тауып, соған орай нақты ем тағайындауда Жәкеңнің қателескен кезі болмапты. Сол себепті, науқастар оған зор үмітпен және үлкен сеніммен келеді. Білікті дәрігердің аудан, облыс әкімінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталғандығын айту артық болмас.

Әрине, әйел бақыты – ана болып, отау құру. Ақтоғай ауылының азаматы Өмірғалы Медеубековпен бас қосқанына биыл – 30 жыл. Өмірғалы аға ұзақ жылдан бері аудандық ауруханада жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі. Екеуі – бір ұл, бір қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отырған үлгілі отбасының отағасы мен отанасы.

Думан ҚАБЫЛ.

Ақтоғай ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button