Абайдың болашағы жарқын

Астананың мерейтойын 36 абайлық отбасы ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Баспананың кілтіне ие болды. Жаңа пәтерлердің кілттерін қоныстанушыларға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ табыс етті.

Бірінші кезекте, барлықтарыңызды елордамыздың 20 жылдығымен құттықтағым келеді. Бұл, тек, астаналықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мерекесі, – деді аймақ басшысы. – Әр отбасы үшін ең бастысы – өзінің жеке баспанасы болғаны. Ол – нағыз бақыт. Бүгінгі таңда біз Абайдың және жалпы аудан тұрғындары үшін көптеген жұмыстарды жасап жатырмыз. Қаланың гүлденіп келе жатқанын байқаған шығарсыздар деп ойлаймын. Бірінші кезекте біз тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік нысандарды салып жатырмыз. Жуырда ғана жүзу бассейнін іске қостық, белсенді түрде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. 100 орынға шақталған жатақхана салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, біз тұрғын үйлерді салуды жалғастыратын боламыз. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл екі үйдің құрылысы аяқталды, тұрғындар өз баспанасына ие болды. Ал, бүгін 36 қоныстанушыға кілттерін табыс етіп отырмыз. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын, жаңа үйлеріңіз бақытқа толы болсын. Абай ауданы гүлдене берсін.

Мердігерлердің айтуынша, көпқабатты екі тұрғын үйдің құрылысына бір жыл уақыт кеткен екен.

– Біз 2017 жылдың тамызының соңында жұмыстарымызды бастадық. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде 72 пәтері бар екі үйдің құрылысын аяқтадық. Бірінші үйдің тұрғындары өз баспаналарын мамыр айында алды. Бүгін екінші үйді қолданысқа беріп, пәтер кілттерін табыс етіп жатырмыз. Барлық жұмыстар 100 пайыз орындалды. Құрылыс барысын біз және Абай ауданы әкімдігі бақылап отырдық. Барлық материалдар – отандық өнімдер. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша шамамен 600 млн. теңге жұмсалды. Үйлерде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар. Жақын болашақта маңындағы аумақты абаттандыратын боламыз, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады, – деді «ККК ЛТД» ЖШС-нің коммерциялық директоры Иван Малюшенко. 36 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйдің жалпы ауданы – 2000 шаршы метр, пәтерлердің ауданы – 1904 шаршы метр.

– Менің ІІ топтағы мүгедек қызымның пәтер алғанына өте қуаныштымын. Кезекте 9 жыл тұрдық. Енді міне, баспанаға қолымыз жетіп, облыс әкімінің қолынан кілтін алып отырмыз. Еліміздің Президентіне, облыс әкіміне және Абай ауданы әкімдігіне бізді қолдағаны үшін, көмектескені үшін алғысымды айтамын, – дейді қала тұрғыны Раиса Мұқанова.

Абай ауданы ТКШ бөлімі мамандарының айтуынша, баспана «Нұрлы жер» бағдарламасының төрт бағыты бойынша берілді.

– Ол әлеуметтік қамсыздандырылмаған тұрғындарға жекешелендіру құқығынсыз жалға баспана беру. Пәтер иелері ай сайын коммуналдық төлемдермен қоса, жалға алу ақысын төлеп отырады. Мысалы, бір бөлмелі пәтер үшін 6 мың теңге. Бізде пәтер ге кезекте 1870 адам тұр. Соңғы рет кезекте тұрғандар баспананы 2013 жылы мүлікті түгендеу барысында алған болатын. 2019 жылы 80 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр, – деп мәлімдеді Абай ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің маманы Дина Гусамова.

Жаңа үйлерден пәтерлер жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да берілді.

– Мен жалғыз өзім үш баланы асырап отырмын. Бүгін бақытты күн. 9 жыл бойы күткен баспананы алдық. Осыған дейін тұрақты баспанамыз болған жоқ. Не жалға алатынбыз, не болмаса ата-анамның қолында тұрып келдік. Енді өзіміздің үйіміз бар. Қатты қуанып отырмыз. Енді әр баламның өз бөлмесі болады. Пәтеріміз өте кең және жарық, – дейді Наталья Столбова.

Ерлан Қошанов Абайдың тұрғындарына қала мен аудандағы коммуналдық саладағы проблемалар қалай шешіліп жатқаны жайлы айтып берді.

– Дәлірек айтар болсақ, тек, кәріз жүйелеріне ғана 4 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл – шағын қала үшін қыруар қаражат. Қаржыландыруды Елбасы тапсырмасымен, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алып отырмыз. Сондай-ақ, биыл Абайдың барлық мектептерін қалыпқа келтіріп, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз. Мектепке дейінгі мекемелер мен әлеуметтік нысандарда да үлкен жұмыстар атқарылмақ, – деп атап өтті облыс әкімі.

Абай ауданының Көксу ауылында 160 орынға шақталған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайда болады. 7 шілдеде болашақ құрылыстың алғашқы кірпіші қаланды. Іргетасты қалау салтанатына облыс әкімі Ерлан Қошанов қатысты.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының бастамашысы мен ұйымдастырушысы – «Шанс» ШҚ басшысы, кәсіпкер Игорь Жабяк.

– Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрғындар да, шаруа қожалықтары да, кәсіпкерлер де бұл ретте көмектерін аямауда. Көз алдарыңызда тұрған бір мысал – сіздердің жерлестеріңіз Игорь Жабяк дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды ұсынды. Әрине, біз ол кісіні қолдай кеттік. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сөзбен емес, іспен жүзеге асырудың мысалы. Бұл – Игорь Васильевичтің туған жеріне, бүгінгі таңда табысты кәсіпкер болуға көмегін тигізген жеріне деген алғысы. Сіз – еліміздің нағыз патриотысыз. Бұл шынымен де айтарлықтай әрекет – Көксу ауылының барлық тұрғындарына осындай спорт кешенін салып бергелі отырсыз. Жобаның табысты аяқталуына тілектеспін. Бір жылдан соң ашылуында бас қосамыз деп үміттенемін, – деді Ерлан Қошанов салтанатты рәсімде.

Құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың желтоқсанына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Кешен 160 орынға шақталған. Жоба құны – 250 млн. теңге «Шанс» ШҚ жеке қаражаты. Екі қабатты спорт кешені ғимаратының жалпы ауданы – 1296,7 шаршы метр.

Бірінші қабатта баскетбол, шағын футбол, воллейбол секілді ойын спорт түрлеріне арналған зал болады. Мұнда жуынатын кабиналары бар шешінетін бөлмелер орналасады. Сондай-ақ, ғимаратта жаттығу залы жабдықталады. Екінші қабатта күреске арналған зал салынбақ.

– Бүгін тамаша нысанның алғашқы тасын қалау салтанатына жиналып отырмыз. Жобаға қатысатындардың, құрылысқа қыруар қаражат бөлетіндердің барлығына алғысымыз зор. Біздің аймағымыздың тұрғындарының денсаулығын ойлағандарыңыз үшін үлкен рахмет. Біз, жаттықтырушылар, балаларымыз спортпен шұғылданып, өз дарындарын дамытулары үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасауға уәде береміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Абай ауданының Құрметті азаматы, балалар спорт мектебінің негізін қалаушы Андрей Райш.

Қарағанды облысында Елбасының бастамасын қолдай отырып, бизнес-қауымдастықтың өкілдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға тартылуда. Абай ауданының бизнесмендер мен кәсіпорын жетекшілері әлеуметтік бағыттағы жобаларды орындауға қатысуда.

– Мен кешенді, тек, қалаларда ғана емес, ауылдарда да адамдарда спортпен шұғылдануға мүмкіндік болсын деген ниетпен салуды ұйғардым. Ауылдық жерлерде адамдардың өмірі еш кем болмауы тиіс. Жастар көшіп кетпей, туған жерлерінде қалса екен деймін. Мен де кезінде осында қалған едім. Жастар спортпен шұғылданса екен дейміз. Мен Қазақстанның патриотымын, оның дамуына өз үлесімді қосып, ізімді қалдырғым келеді, – деді «Шанс» ШҚ басшысы Игорь Жабяк.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.