Руханият

Абай мұрасы дәріптелді

Ұлытау ауданының №14 Алғабас орта мектебінде өткен ХХ республикалық Абай оқуларының мектепішілік кезеңі мазмұн сапасының салмақтылығымен ерекшеленді. Дара данышпанның шығармалары негізінде өзара сынға түскен 5-10-сынып оқушылары қазылар құрамы мен көрермен қауымды таным-өрелерінің биіктігімен тәнті етті.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында талапты балалар һәкімнің өлеңдері, аудармалары, поэмалары мен мен қара сөздерін жатқа оқыса, «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша әндері мен күйлерін орындап, төңірегіне тағылым таратты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағыты аясында ұлы ақын ұстанымдарын үлгі еткен жас дарындар өздерінің төлтума шығармаларын оқу арқылы бәсекеге түсті. Ал, «Ұлылар әлемі» аталымында эссе жазып, ғұлама тұлға хақындағы көңіл төріне қонақтаған ойларын өнегелі түрде өрнектеуге талпыныс танытты.

Осы орайда, біліктілігі жоғары ұстаздардан құралған қазылар алқасы талабы таудай алғыр оқушылардың өнері мен қабілет-қарымын барынша әділ бағалағанын айта кеткен жөн.

Түпкі нәтижеде «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» сынағында 6-сынып оқушысы Арайлым Әділдің есімі жеңімпаз ретінде жария етілді. «Көңілім әнді ұғады» аталымында 9-сынып оқушысы Қарлығаш Арын алға шықса, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағыты бойынша 8-сынып оқушысы Нұрай Оразалының мерейі үстем болды. Оларға Абай оқуларының аудандық кезеңіне жолдама берілді.

Абай мұрасын дәріптеген мектепішілік байқаудың байыпты ұйымдастырылуына білім ошағы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есенгелді Оразбаев, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Роза Нағыпарова мен Айбарша Көзтай айрықша үлес қосты.

Әйгерім ХАМИТ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың студенті.

Басқа материалдар

Back to top button