Руханият

«Абай – ұлттық идеология»

Қозы

 Тегінде дегдарлық болмаса, адам жоқтан бар жасай алмайды. Қазақ халқы ата текке айрықша мән бермегі, түп-тұқиян, тектік нышан-генетикалық заңдылықтың қадір-қасиетін дөп танудан туған. Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамовтың арғы бабасы Лаумырза атанған. Ақмола, Нұра өңірлерін жайлаған, елге мырзалығымен аты шыққан. Қазақ дәулетті кісіні жақтап, «Байдан жұғар, балдан тамар» десе, кеңдікті әсіре сүйетін ұлттық дүниетаным, жомартқа жаны ырза пейілі. Лаумырза бабасының жанама аты болуы мүмкін, ел оның малын өзінен сұрамай алып жүре береді. Есеп айтқан кісі екен, ауа райын дәл болжайтын адамды ескі қазақта есепші атайды, былайша күн жадына тәуелді мал баққан көшпелі елдің жер жадына сәуегейлік танытуы, малын жұттан сақтауы. Лаумырза бір ауылға келе жатса, біреулер қар күреп жатыпты.«Мынау қар қашан кетеді?», – деп сұрайды олар әбден қажыған кейіпте. Лаумырза күректің сабын көрсетіп, ең соңғы керткенде, қыс кетіп, жер қараяды, – дейді. Балта сабына соңғы керту түсті. Қар қалың жауып, төңіректі көміп тастайды. «Баекеңнің сөзі жалғанға шықты-ау», – деп жұрт ренжиді. Іле күн құбылып, қалың қар демде еріп кетеді. «Лаумырза Құдай емес, Құдайдан былай емес» деген сөз содан қалыпты. Қазақтың ұлттық мінезінде жақсы көрген адамының мәртебесін асыру, аңызға бергісіз сом кейіптеу бар.

Мейрам мен Әбіш төрт ағайынды болған. Үшеуінің бейіті бар, Мейрам ата бейіті жоқ. Тілектестің әкесі соғыстан аман оралған. «Тұңғышбай айтпақшы, біздер оқ-дәрі сасыған балалармыз», – деп қалды артист. Әкесі Уақит совхоз директоры болған, қызмет бабымен Қарағандыға ауысып, бала 7 класта орыс тілінен диктантты қалай естісе, солай жаза берген ғой. Ертесінде қып-қызыл сия, дәптердің бетінен сау-тамтық жер жоқ, мұғалима «1»деген баға қойыпты. Бір үйдің бетінен қақпай, мәпелеп өсірген, үздік оқитын ерке баласы, мына қорлықтан ботадай боздап ал жыласын, анасы қоса еңіреп жылайды. Әкесі кешкілік үйге келгенде екеуінің қиналған жүзін көріп, шошып кетті. «Баламның сағын сындырдың, орыс мектебіне неге бердің?», – деп анасы ренжіді. Әке мектеп директорын сөзден жеңген: «Қазақстанда қанша жыл тұрасыз?». «Отыз жыл». «Қазақша отыз ауыз сөз білесіз бе?». «Жоқ». «Ендеше ауылда өскен баладан не сұрайсыз?». Содан оқушы ұлдың көзі ашылды, мұғалімдер бағаны кемітіп қоймайтын болды. Марқұм анасы Рымжаннан естіп, құлағы қанып өскен ертегі-қисса, халық әндері жас бала өнерді таңдауының әліпбиі еді. Мектепте әр оқушы өз тарапынан кітап таңдап оқуы керек, білім деңгейін Зоя Львовна Трахтанберг сауал арқылы анықтайды. «Мейрамов, каникулда қандай кітаптар оқыдың?». «Майн Рид, Джек Лондон». Мұғалима қазақ баласын: «Бұл жазушыларды 4 класта оқу керек», – деп бір ұялтты. Шәкіртін құнарлы әдебиет қазынасына баулитын ұстаз талғампаз. Жұлдызы жарық қисынды түйін, асыл ой, бал татитын шырын сөзбен қиюласқан көркемдік әлемі жасөспірім балалардың жан сарайын баурап алса, оның түбі талантты байыту, табиғи бұлақ көзі – дарын-қабілетті ашуға бастайды. Мектеп бітірерде Тілектес Мейрамов әнші болуға көңілі ауды. Одаққа даңқы озған әзірбайжанның қос бұлбұлы Рашид Бейбітов пен Мүсілім Магомаевтың радиодан тамылжи төгілетін лирикалық әндерін айна-қатесіз жаттап алды. Әнші болу үшін консерваторияға түсу деген ұғым ол кезде қазақ баласының миына кіріп шықпайды. Ел ішінде мал шаруашылық институты беделді.

Жазушы, екі тілге бірдей аудармашы Сәйділ Талжанов, туысы, езуіне екі тал «Беломорканал» шылымын қатар қыстырып шегеді, ректор Ермековке телефон шалып: «Әй, Мүсілім, сен де қойшы, мен де қойшы, мына баланы оқуға аласың», – деп тұтқаны қоя салды. Зооветинститутке үздік бағамен түскен, Тимирязев академиясынан өкілдер келіп, Москваға шақырды. Кейде мәртебелі Артист сол жолы бармағаныма өкінемін деп айта қалса, мұның астарында өнер мен әдебиетті диуана санайтын нарық заманға өкпе-наз жатыр. Борис Слуцкийдің «Химики и лирики» атты өлеңі бар: «Что-то физики в почете, / Что-то лирики в загоне. / Дело не в сухом расчете, / Дело в мировом законе. / Значит, что-то не раскрыли… ».

Үш айдан соң малдәрігерлік институтты Тілектес Мейрамов тастап кетті. Қарағандыға оралды. Әке жалғыз балаға ешқашан қатты сөйлемеген. Жаңа жыл өткен соң баласын қара жұмысқа салып қойды, өмірдің ыстық-суығына шынықсын десе керек. Жазға дейін жұмысшы болды, сүрлем тартты. Ара-арасында машиналарды тосып жатып, «Мың бір түн» атты 4 том кітапты тығып оқиды. «Жолдастары сиырдың соңында салпақтап жүресің бе? – деп хат жазады. Содан намыстанып, кетіп қалды», – дейді қарындастары. Оқуға политехникалық институтқа баруға шешкен. Газеттен «Қарағандыда драма театры ашылады» деген хабарландыруды көре сала, ол райынан ұрымтал тұста жалтарып кеткен ұлына әке не істейді?! «Артист боламын!».

Белгілі музыка зерттеушісі, күйші Жарқын Шәкәрім екеуі бірге оқыды. Қарағандыда көркемөнерпаздар үйірмесімен қатар заводта жұмыс істеп зорығып, сүр жығылғанын көріп, қайран әке баласын тағы құтқарды: «Екеуінің бірін таста!». «Тастасам, асырайсың ба?». «Асыраймын».

Құдай қалауымен алдан өнер жолы тосқан. Асқар Тоқпанов жезде болып келетін, Уақит Мейрамұлы Алматыға телефон шалғанда Күләш апасы ақпарды дөп беруі кездейсоқ құбылыс емес: «Асекең Шымкент, Қызылордаға талантты балалар іздеп кетті. Бір жұмада оқуға қабылдау басталады. Келсін!».

Бала кезімде суреті ерекше мұқабасына қызығып, «Кәлилә мен Димнә» атты кітапты бас алмай, бірақ астарын түсінбей оқыдым. Кәлилә мен Димнә – кісі есімі емес, өзара сөйлесе беретін екі қасқыр болып шыққанда балғын әсермен сұмдық қайран қалғаным есімде. Философиялықмифтік әдебиетке тән жанрлық ерекшелікті қайдан білейін?! Жарты әлемге даналық ғибратымен танылған үнді елінің классикалық асыл мұрасы «Панчатантра» атты аллегориялық кітапты кейін орыс тілінде оқыдым, оны қазақ тіліне Сәйділ Талжанов «Кәлилә мен Димнә» деп көркем аударған екен. Сәйділ аға тағы Алматыға Тілектеспен самолетте бірге ұшқанда:«Сен оқымайтын баласың», – деп намысын қайрау арқылы жас жігіттің озық оқуына әсері тиген: «Жалғыз бала, үлкен қалада қызық көп, әкеңнің ақшасына қыдырып бос жүрерсің. Кел, екеуміз бәстесейік, бір семестрді кілең беске оқысаң, мен саған қарыз боламын! Оқи алмасаң, сен маған…». Үшінші курста лениндік стипендияға ілікті. Сәйділ Омарұлына баға кітапшасын ауық-ауық апарып көрсетіп тұрды. Бәстескен соң біреуі жеңілуі керек қой.

Алматыда таңғы 6-да Асқар Тоқпанов үйінің қоңырауын басып оятты. «Кімсің?». «Тілектеспін». «Тілектес болсаң қайтейін?». «Әкем жіберді». «Таң атпай неге мазалайсың? Бар, сағат 9-10-да келесің», – деп ол кісі Тілектесті қуып жіберді. Қайта барғанда Асқар аға Сәкеннің «Жұбату» атты өлеңін оқимын дегенін ұнатып, көзін тарс жұмып алды. Өлеңді бастай бергені сол, Тоқпанов «Тоқта!», – деп айқай салды. «Артист жұрт алдында жүреді.Үсті-басыңды жөндеп кел!», – деп үйден екінші рет қуып жіберді. Бағдат әпке үйінің кілті қолында, жуынып, киімін үтіктеп киіп, ертесінде қайта оралған. Өнер әліппесін қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтан алды.

Емтихан күні сенген адамы Асқар Тоқпанов ауырып қалып, профессор Рабиға Қаныбаева қабылдаған, бекер шошыпты. Ол аңсарлы оқуға ілікті. Курста Асқар Тоқпанов 8 сағат дәріс оқиды, домбыраны берсе, әңгіме бастаса, тарих көшінен демі үзіліп бара жатқан эпикалық дәуірдің соңғы тұяғы ғой; Тайбурылдың шабысындай үдей екпіндеп тоқтамайды, студент қауымға қалт етуге, артық қимылдауға болмайды. Асқар аға Абайдың жырларын сүйетінін білген соң Тілектес темірдей тәртіпті жұмсартатын әдіс ойлап тапты. Абай десе, ол кісі жаны кіріп, «ОҺ!», – дейді де, көсіле жөнеледі. Сол кезде біраз еркінсуге болады.

1971 жылы 20-шы қаңтарда жапалақтап қар жауып тұрғаны әлі есінде. Әлем аппақ, ауа кіршіксіз, әзиз армандай сиқырлы. Әзірбайжан Мәмбетов: – Көшеден болсын қазақтың көрікті ұл-қызын, Қозы мен Баянды тауып әкеліңдер! – деп көмекшілеріне тапсырған. Көркемдік кеңес мәжілісіне ұстазы, Қазақстанның Халық әртісі Шолпан Жандарбекова философия пәні оқытушысымен келісіп, 4 курс студенті Тілектес Мейрамовты сабақтан босатып қоя берді. Театрға жаяу келді. Зал іші құпия, қап-қараңғы, сахна алақандай, жап-жарық. Өз есімін хабарлағанда абыржып, дірілін баса алмай, залдағы сын көздерден қаймығып тұрған. Біреу орысшалап: «В искусстве надо быть наглым!», – деп арт жағынан бір тепті. Қара көзілдірік киген жігіт екенін көз қиығымен байқап қалды. Оспадар қылықтан ыза кернеп, сахнаға жебедей атылып шыққанда қорыққанын демде ұмытып кетті. Бақ қонарда бір себеп. Ертеңгі күні Мұхтар Әуезов атындағы театр труппасына қабылданарын ол білген жоқ. Диплом алмаған студент үшін Қозыны ойнау үш ұйықтаса түске кірмеген құт.

Әзірбайжан Мәмбетов іздеген Қозысын өстіп тапты. Кейіннен артист тырнақалды ырысты рөлі туралы: «17 жасар Қозыны 42 жасыма дейін ойнадым», – дейді. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының эпостық соңғы нұсқасын халық ақыны Шәкір Әбенов жырлаған: «Жөргөкте Қозы жатыр айдай болып», «Қой шетінде Қозыекең ұйықтап жатса, / Соның нұры мың қойды қылар жарық». Қозының ақ жүзі нұр шаша жарқырауы эпикалық кейіпкерге тән гипербола. Ғабит Мүсірепов қазақ сахнасына эпостық ұлы образды солдырмай алып шықты. Қозы-Көрпеш – оғыз-қыпшақ нәсілінде архетип екенін ірі фольклортанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев дәл жазды: «Қозы – қой аты емес, «оғыз» сөзінің түбірінен туған». Түрік текті халықтардың эпонимдік ойлау дәстүрінде, рулық атауында бар қасиет: «өгіз-оғыз», «қошқар-қозы», «теке», соңғысы оғыз түркпеннің іргелі тайпа атауынан шыққан.

Әзекең Қозы рөліне бекіткенін Жақып Омаровтан естіген Тілектес, қатты қуанғаны сондай, троллейбустың артынан жаяу жүгіре берген еді. Репетицияға келсе, кілең ығай мен сығай отыр: Ыдырыс Ноғайбаев, Бикен Римова, Әнуар Молдабеков, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев. Қазақ өнерінің мүйізі қарағайдай жетекші артистері, студентте зәре жоқ. Әзекең он күнде бір келіп кетеді. Ассистенті Бикен Римова. Ол Бикен апайдан: «Анау не сөз?», – деп түстеп сұрайды. Бикен апай мағынасын түсіндірсе, Әзекең орысшалап: «Қысқарт, артық, шал өзі де білмейді!», – дейді. Бас режиссер Ғабеңнің атақты драмасынан Жарқын деген рөлді қысқартып тастады. Қозы рөлін ашуға жас Тілектесті Әзекең баулып: «Іштей жарылыс болуы керек!», – деп үйретті. «Ана баланы көрмейсіңдер ме, мақсаты бар, оған театрда қалу керек, тырысып бағады. Сендер жалқаусыңдар!», – деп өзгелерге ұрсып жатқанын кіре бере құлағы шалды. Бас режиссердің анық қолдауын ұғып, жас артист бойына сенім ұялады. Бірде репетицияда сырғанап, Әзекеңнің алдына топ етіп барып қалғанын бір-ақ көрді. Көз көзге түссе, мейірі жүзге түседі. Әзекеңнің көзінен ризалық көріп, жас артист арқасына қанат біткендей серпілді.

Гастрольге Нүкіске барарда ректор басқа топпен тапсырсын деп рұқсат берсе де, студент Тілектесті ғылыми коммунизм пәні сынағынан оқытушы жібермей қойды. Қиын пән. Орталық газеттерді сатып алып, оқи берді, саясатқа бұрып, беске тапсырды. Нүкіске самолетке үлгерді. Баян рөлінде Майра Рахманова. Халық қырғын. 5-6 жасар ұл анасының мойнына атша мініп алған. Ана баласы көргеніне мәз. Жаңағы баланың дауысы жер жарады: «Әй, артыңа қара, өлтіреді, өлтіреді! Әкеңнің аузы…». Артист сахнада құлап түсерде, күлкіден жарыла жаздап, іші бүлк-бүлк қозғалып жатты.

Қара шаңырақтағы үлкен сахнада Әшірәлі Кенжеев екеуі кезектесіп ойнаған сүйекті, аруақты Қозы рөлінен соң жас артистке басты лирикалық рөлдер бұйырды. Артынша психологиялық күрделі рольдерге енудің кезеңі туды. Театрда бағы ашылғанымен, кинода кедергілер кездесті. «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» атты фильмге көмекші режиссер Поплавская басты рөлге Тілектес Мейрамовты түсіргісі келген. Театрда әу бастан киноға бармайсыңдар деп ескерткен. Қайта айналып келмейтұғын қайран жиырма бес экранда таңбаланып қалуы үшін артиске өнердің талмас көкжиегі – құстың қос қанатындай театр мен кино қатар қажет-ау.

Тілектес Мейрамов В.Пұсырмановтың «Қош бол, сұлу», «Алатаудың күміс мүйізі», моңғолдармен бірге түсірген «Атқыш Хумучи», «Мейрамның үш күні», С.Тәуекелдің «Жерұйық», А.Сатаевтың «Жаужүрек, мың бала» атты бірнеше фильмде, телесериалдарға түсті.

Серағаң Тілектесті – Келес, Сәбира апай – Өлмес атаған

Әкемтеатрда Тілектес Мейрамовқа 1979- 1986 жыл аралығында жаңа бір рөл берілген жоқ. Театрдан кетіп қалуды ойлап, ішқұса болғанмен, сыр білдірмеді. 7 жыл рөл бермеген Әзағаңа не десін, қатты сыйлайды, рөлді емініп сұрап алғысы тағы жоқ. Мінезіне бітпеген. «Адамның көңіліне қатты қараймын, ренжітіп алмауға тырысамын. Ашуға атымен жоқпын. Бәрін ішіме сақтаймын. Сыртқа сирек шығарамын. Адалдықты пір тұтамын. Барлық кісілік қасиеттер адалдықтан туындайды» – Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамовтың жүрек сөзі. Өрлеу жолында Серке Қожамқұлов Тілектесті – Келес, Сәбира Майқанова – Өлмес атаған, Әнуар Молдабеков туған інісіндей жақсы көрген артисті күллі Қазақ елі театр тарланы деп таниды.

Сахнада идеал рөлдерді ойнайтын артист – ет пен сүйектен жаралған тірі жан иесі, оның қос өмірі болады. Артист жазатайым басына күн туса, құсадан есеңгіреп жүріп, рөл ойнауға үкім етілген сахна тұтқыны сияқты, мұндай мүшкіл хал, жан төзгісіз ауыртпалық Серке Қожамқұловтың басына түсті, Тілектес Мейрамов иығымен көтерді. 1986 жылы Әзекең «Ескерткіш» спектаклінде басты рөлге бекіткен. Премьера күні бауыр еті баласы – Ұланнан айырылды. Орны толмас ауыр қаза үстінде баласын оң жаққа салып қойып, артист спектакль ойнап жатты. Ұлы қайтыс болған соң түс көрді: Жұмагүлдің әкесі Өмірзақ, қайынатасы жылап айтты: «Әй, біліп едім-ау, біліп едім-ау! Қолыма құс қондырдым, балақ бауы қысқа еді!». Өнер құрбандықты қалайды дегізер қиямет сыр осы. Қия-құзда табаны таймас жанкештілік өнер иелеріне тән. «Театральная жизнь» атты журналдың бас редакторы Пивоваров Тілектес Мейрамовты сахнада көріп, «Гений!» десе, шын асылды бағалаудан туған биік марапат.

Әзекең Әнуарды сұмдық жақсы көретін, бірақ еркелеткен жоқ. Әнуар Молдабеков 47 жасында бақиға озғанда Әзірбайжан Мәмбетов солқылдап тұрып жылады. Әнуар Молдабековті Тілектес Мейрамов пір тұтты. Айтпақшы, өзін ең алғаш сахнаға итеріп шығарған Әнуар болып шықты. «Неге тептің?» деп сұраған, сен үрейден қалтырап тұрған соң зейініңді басқа жаққа аудару керек болды, – дейді. Әнуар өте қарапайым еді. 20 жылда ағалы-інілі болып, рухани туысып кетті.

1984 жылы 26 тамызда Мәскеуге Әзекең апарған А.Чеховтың «Ваня ағай» атты қойылымы нағыз сенсация болды. Ірі газеттер сүйініп, жамырай жазды. Оның Ваня ағай бейнесіне енуін рухани бағалауға ғаділ әрі кірпияз театр сыншылары тегіс құлап түскен. «Орыстың рөлін орыстан асырып ойнады, кейіпкер табиғатын керемет бере алды! Образға жан дүниесімен енуі ғажап! Гений!». Барлығы бірауыздан астарлы иірімі, қалтарысы мол Чехов драмасына қазақтар қалай тұңғиық берген десті. Спектакль біткенде атағы жер жарған И.Смоктуновский сынды үлкен артистер келіп, Әнуар Молдабековті шын пейілімен мәртебесін асыра құттықтаған. Қонақүйде Тілектес екеуі жүрек тоқтатып, Омар Хайям жырлаған шараптан ұрттап, қошемет-құрметтің әсеріне елтіп, шалықтап отырды. Әнуар аға тілмен айтып жеткізгісіз творчестволық зор табысына солқылдап жылайды. Көзінен баданадай тамшылар ақты. Тілектес қоса жылаған. «Алтыным, Мәскеуден кеткім келмейді, елге барсам, қатардағы болып қаламын», – деп өксиді.

Рөлдері: Ғабит Мүсірепов, «Қозы КөрпешБаян сұлу» – Қозы, Жантық, Қарабай; Ғабең, «Ақан сері – Ақтоқты» – Ақан; Антон Чехов, «Ваня ағай» – Ваня ағай (Әнуар аға қайтқан соң); Мұхтар Әуезов, «Абай» – Керім; Антон Чехов, «Шағала» – Сорин; Асқар Сүлейменов – «Ситуациялар» триптихында басты үш рөл; Нәбиден Әбуталиев, «Өттің дүние» – Жәңгір хан; Иранғайып, «Шыңғыс хан» – басты рөл, Евгений Замятин, «Еділ патша» – басты рөл;

Қаллеки театрына Астана Жастар театрында басшылық қызметте жүрген жерінен аттай қалап, Еркін Жуасбек шақырды. Ж.Ануй, «Жалын жұтқан Жанна дАрк» – эпископ, Оралхан Бөкей, «Құлыным менің» – Бозтайлақ, Ғабит Мүсірепов, «Ақан сері – Ақтоқты» – Науан хазірет, Мұхтар Әуезов, «Абай» – аға Абай, Ә.Нұрпейісов, «Қан мен тер» – Құдайменде, Рахымжан Отарбаев, «Көлеңкесіз жолаушы» – Әке рөлдері бұйырды. В.Ежовтың режиссер Талғат Теменов қойған «Тырау, тырау тырналар» атты спектаклі 2015 жылы желтоқсанда халықаралық XII Мәскеу театр фестивалінде «Золотой витязь» Гран-При сыйлығын жеңіп алды. Тілектес Мейрамов полковник Лукьянов рөлі үшін алтын дипломмен марапатталды.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ театрының артисі Тілектес Мейрамов Әзекеңнен бөлек көптеген көрнекті режисерлермен тізе қоса жұмыс істеді. Кез келген рөлге жүрексіне кіріседі. Режиссер спектакльдің қожасы болғанымен артист рөлге сыңаржақ қарағысы келмейтінін, егіз қозыдай ұқсас рөлдерге көңілі толмайтынын, штамп-қалып пайда болуына наразылығын жасырмай айтады. Еліктеу, даяр үлгінің кесірінен театрға халық келмейді. Артист рөл табиғатын, тарихи дәуірді зерттей білуге, деталь таңдауға әбден құқылы деп ойлайды. Сахнада кейіпкерден әулие, не болмаса сұмырай жасауға қарсы. Рахымжан Отарбаевтың тілі ұнайды. Қазіргі пьесаларға интерпретация жасалмайды. Сахнаның негізгі қорегі – тартыс. Пьесада тартыс, конфликт жоқ, ситуация жоқ болса, иін тірескен құр сөз кімге керек?! Драматургияның көбі жасанды, плагиат. Драматургтер дүниежүзінде небары 33 сюжет бар деп ақталады. Шын талант үшін сөз бе екен?! Тілектес Мейрамов балалар мен жасөспірімдер театрына директор болып тағайындалғанда депутаттарды аралап, театр ғимараты үлкен жөндеуден өтуіне ат салысты, жақсы пьесалар қойылуына мүдделі болды. Ол Әуезов театрынан кеткеніме 15 жыл болыпты деп сағынышпен айтты.

Тілектес Мейрамов қазақ театрына таңсық құбылыс – моноспектакльді алғаш алып шықты. Жалғыз актер ойыны аса күрделі құбылыс, оңайшылықпен уысқа түспейді. «Абай – ұлттық идеология», – дейді. «Бір актер театры» жанрында күллі ұлтқа өсиет айтқан Абай тақырыбын алып шығу – Тілектес Мейрамовтың асыл мұраты.

2015 жылы Тілектес Уақитұлы Ұлы Жеңістің 70 жылдығында, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Майдан әндері» атты моноспектакльді шығарды. Өнер академиясында «Тазша бала» атты спектакльді қойды. Авторы марқұм Талаптан Ахметжан. Қаллеки театрында Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер Ана» моноспектаклін қойды.

Жұбайы Жұмагүл Өмірзаққызы Мейрамова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Өнер университетінде сахна тілінен сабақ береді. Қыздары Сабина магистратура бітірді, тұрмыста, кішкентай жиені өсіп келеді. Осы университетте актер мамандығын таңдаған жас өрендерге дәріс оқитын артист харизмасы табиғи Тілектес аға жаратылысы кішіпейіл, мейірімді. Аудитория ұстаздың жан жылуын сезінері анық. Нағыз құндылық – адамның жан дүние байлығы, кісілік қасиеті, рухани мазмұны екенін көне грек философы Биант айтқан нақыл сөз («OMNIA MEA MECUM PORTO», «все мое ношу с собой») растайды. Тілектес ағаның тұлғалық игі жетістіктері үшін менменсу ырымға жоқ ізгілік қасиеті шәкірттеріне аумайтөкпей жұғуы тиіс. Қазақ өнерінің бағына деймін.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы.

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button