Жаңалықтар

Абай Бекежан: Әскердің негізгі күші – техника мен сарбаздар

Аумалы-төкпелі заманда қауіп тек жерден немесе теңізден ғана төнбейді. Кейде көзге көрінбейтін көк жүзінен де жетеді. Әсіресе, бүгінгідей технология қарыштап дамыған дәуірде аспан кеңістігі стратегия­лық алаңға айналды. Қуаты жойқын, дәлдігі жоғары заманауи қарулар адамзат алдында жаңа сын-қатерлерді алға тартуда. Осындай алмағайып кезеңде ел тыныштығын күзететін әуе қорғанысы жүйелерінің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Қарағанды облысында осы жауапты міндетті арқалаған екі бірдей дивизион бар. Соның ІІ дивизионында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз – бөлімше командирі, аға техник, сержант Абай Бекежан. Отан қорғаушылар күніне орай біз оның қызмет жолы мен әскери қызметінің қыр-сыры жайында сұхбат құрған едік…

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Абай Елжасұлы, сөз басын өзіңізден бастасақ. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Мен Нұра ауданына қарасты Балықтыкөл ауылында дүниеге келдім. Оқуымды аяқтағаннан кейін Семей қаласындағы «Ұлттық ұлан» қатарында (сол кездегі ресми атауы – Ішкі әскер) әскери борышымды өтедім. 2014 жылы әскерден оралған соң түрлі салаларда еңбек етіп, құжаттарымды жинақтай бастадым. Бала кезімнен әскери қызметкер болуды армандайтынмын. 2015 жылы сол арманым жүзеге асып, мені Саранға қызметке жіберді. Дәл осы сәттен бастап, менің әскери өмірімнің жаңа кезеңі басталды. 2020 жылы Саран қаласынан Ақтас кентіндегі №44803 әскери бөлімге ауыстырылдым. Содан бері осы бөлімде қызмет атқарып келемін.

– Өз салаңыз, атқаратын қызметіңіз жайында толығырақ айтсаңыз…

– Әуе қорғанысы – әуе шабуылын дер кезінде анықтап, оның бетін қайтаруға бағытталған кешенді жүйе. Ал, әуе шабуылы – қарсы тараптың әскери және стратегиялық маңызды нысандарына әуеден соққы беру мақсатында жүзеге асырылатын әрекет. Қазіргі таңда мұндай шабуылдар ұшақтармен ғана емес, зымырандар, ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы да жасалады. Қарағанды облысында әуе қорғанысына жауап беретін екі дивизион бар десек, соның екеуінде де әуе шабуылына қарсы қолданылатын «МАЗ-543С» және «МАЗ-543Д» техникасы бар. ІІ дивизион құрамындағы №44803 әскери бөлімнің командирі ретінде, осы қос техника – менің жауапкершілігімде. Яғни, олардың күнделікті күтімі мен техникалық жарамдылығын қамтамасыз ету менің тікелей міндетім. Әрбір агрегаттың майы мен суы дер кезінде тексеріліп, барлық жүйесі үнемі бақылауда болуы тиіс. Бір сөзбен айт­қанда, техника кез келген уақытта іске қосылып, жауынгерлік тапсырманы орындауға дайын тұруы қажет. Аталған техникалардың пайдалану мерзімі біршама ескіргендіктен, оларға ерекше күтім қажет. Қарапайым тілмен айтқанда, әркім өз көлігіне қалай күтім жасаса, әскери техникаға да дәл сондай жанашырлықпен қарау керек.
Жалпы, әскердің негізгі күші – техника мен сарбаздар. Менің қарамағымда бірнеше жауынгер бар. Соларға осы техниканың қыр-сырын меңгерту, дұрыс пайдалануды үйрету де – менің міндеттерімнің бірі.

– Секундтың өзі шешуші рөл атқаратын жағдайлар болады. Сондай сәттер есіңізде ме?

– Әрине, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Біз жыл сайын әскери техникаларды полигонға шығарып, дайындығын жіті тексеріп отырамыз. Сондай оқу-жаттығулардың бірінде күтпеген жерден техника істен шығып қалды. Соған қарамастан, жеке құрам шұғыл әрекет етіп, ақауды дала жағдайында жедел жоюға кірістік. Кеш батқанша дамыл таппай, техниканы қайта іске қостық. Осындай сәттерде әр секундтың қадірін терең түсінесің. Өйткені, нақты жағдайда уақыт жоғалту тапсырманың орындалуына, бастысы қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Сондықтан, біз үшін жеделдік, ұйымшылдық және кәсіби дайындық әрдайым бірінші орында.

– Қазіргі заманғы әуе қорғанысы қаншалықты өзгерді?

– Әуе шабуылы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бұл сала қарқынды дамуда. Әсіресе, мобильділік тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілді. Бұрынғыдай бір орында тұрақтап, позициядан соққы беру тәсілі біртіндеп ескіріп келеді. Қазіргі әскери тактикада керісінше. Жылдам орын ауыстырып, қозғалыс үстінде әрекет ету басым. Бұл қарсыластың соққысынан жалтарып, шабуылдың дәлдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Қазіргі жастарға әскери қызмет туралы қандай кеңес берер едіңіз?

– Бүгінде жастардың арасында әскерге баруға құлшынысы төмен жандар бар. Десе де, әскери техникаға, жалпы, әскери салаға қызығушылық танытатындар көп екен. Көпшілігі әскери техникалардың қалай жұмыс істейтінін көзбен көріп, қолмен ұстап, нақты түсінгісі келеді. Әскер қатарында жүргендер де мұнда келмей тұрып техникаға қызығушылықтарының болғанын айтады. Сондықтан, менің кеңесім – әскери қызметтен қашпау қажет. Керісінше, оны жақыннан танып көруге ұмтылған жөн. Әскерге келіп, тәртіпті, техниканы, қызметтің шынайы қырын өз көзімен көрген адам ғана оның мәнін толық түсінеді. Көбісі әскерді тәжірибе алаңы ретінде қабылдайды. Негізі, әскер – адамды шыңдайтын өмір мектебі.

– Сіз үшін Отанды қорғау деген ұғым нені білдіреді?

– Отанды қорғау – ең алдымен ер-азаматтың басты міндеті. Туған жерің мен еліңнің тыныштығы, қауіпсіздігі үшін терең жауапкершілік сезіну деген сөз. Әскери қызметте адам тек өзі үшін емес, отбасы, халқы және болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін еңбек етеді. Ал, өз басым ер-азамат ретінде бұл ұғымды жай ғана міндет деп емес, жүрекпен қабылданған серт деп білемін. Өйткені, бейбіт өмірдің шынайы бағасы – оны қорғап тұрған жандардың табандылығы мен адалдығында…

– Уақыт бөліп, әңгімелес­кеніңіз үшін алғысымды білдіремін!

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button