«Ақын мен әнші» – Арқада

     Арқада тың жоба. Әнеукүннен бері газетімізде жарнамасы жүрген «Ақын мен әнші» жобасының тұсауы Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында кесіліп, концертке келген көрермендердің көңілін бір көтеріп тастады. Көрген де арманда, көрмеген де арманда десе де болады. Сонымен…

     «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» демей ме әйгілі әнші?! Ертеде Алашқа аты кеткен Ақан сері, Біржан сал, Әсет Найманбаев, тағы басқаларының әншілігі мен ақындығы қатар жүрген. Тек орындаушы ғана емес. Тіпті, Әсет Найманбаевтың өлеңдері қазақ поэзия­сының інжу-маржандарының қа­тарында. Сондықтан, әнші атану­дың жүгі ауыр-тын. Қазір ақы­ны бөлек, әншісі бір басқа. Десек те, ел ішінде ақын әрі әнші-сазгерлер бар. Мәселен, осы концертті жүргізушілер – Мирас Асан мен Роза Әлқожа. Оқырмандарын өлеңдерімен баурап жүрген Мирас осы жолы Розамен дуэт айтып, әншілік қырын танытты. Әу деп жүрген қазақтың біразын аттан түсіріп кететін мөлдір даусы Арқа жұртын тамашаға қалдырды. Ал, республикаға танымал әнші Розаның сазгерлігімен қатар, ақындығы барын естіп жүрміз.

     Сахна қаққа айрылғанда, жарықтық Мұқағали Мақатаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбайдың алтын қордағы дауыстары саңқ-саңқ ете қалғанынан-ақ, концерт ақындар мен әншілер жобасы екені әйгіленді. Ақынның сөзі мен сазгердің сазы онсызда әншінің көмейінде, жұрттың мерейінде емес пе?!

     Ортаға Қорабай Есенов шығып, авторлық әндерін орындады. Қазақ гитарасының атасы. Халықтың қошеметі шексіз Қорекеңе. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қол соқты әнші-сазгерге. Басқа дүние тозса да, өнер қартаймайды… Іле қазақтың айтыскер ақыны Аманжол Әлтаев арнау айтып, жырдан шашу шашты. Қарағанды, Қарқаралы, Қояндыдан бері қайырды. Ақын айтпақшы, сол бойда Қоянды жәрмеңкесі ашылғандай ән мен жырдың думаны атой салды да кетті. Сал-серілер бірінен соң бірі шығып ән мен жырдың көрігін қыздырды. Қояндыға Біржан келгендей, той алдына Сержан Мұсайын шығып, баба салдың «Айтпайын» алты қыр­ға ұзатты. «Арғындардың дауысы ащы болар, Кісідей былтыр кетіп, биыл келген» деген Біржанмен айтысқан Сара сөзінің шындығын тағы бір әйгіледі әнші. Сержаннан соң, серілердің сарқытындай Сейіл Аяған мен Саят Әбдіғали айтқан әндер сезімтал жүректердегі сырлы сезімдерді сыңғырымен оятқандай еді. Арасында ақын Руслан Нұрбай «Желтоқсан жендетіне» өлеңін оқып, Тәуелсіздіктің түбіндегі шындықты су бетіне шығарды. «Айтқым келеді» кітабының авторы, астаналық ақын Танакөз Толқынқызы ел «әлемді сұлулық құтқарады» десе, мен кешірім дер едім» деп «Кешірдім» өлеңін оқыды. Кешірімнің бір аты – мейірім, ол болмаса сұлулықтың суық нұрынан әлем жылынар ма еді?!

      Жоба тұсауының сал-серілер мекені Арқа төрінде кесілуі де тегін емес. Алаш аспанын әнге бөлеген даңғайыр ұлдарды тудырған топыраққа деген құрметі мен тағзымы осындай болуы керек елдің. Ұйымдастырушы Роза Әлқожа мен Мирас Асанның қосылып оқыған поэзиялық дуэттері де керемет әсерлі шығып отырды. Екеуі концерт басталғанда «Арқада салған ән қандай!» деп шырқап сала берді. Өнерге өлместің кебенегін кигізген Роза Әлқожа жеке шырқаған әндер туралы тарқатып айтса, өз алдына бөлек әңгіме.

     «Дауыс» кітабының авторы, ақын Қайрат Асқар батыс пен шығыс елдері алашапқынының астында қалған жазықсыз жандардың тағдырын өзек еткен өлеңін бағыштады. Ақыл-ойын өлең қозғап отырған ел көңілін қазақ эстрадасының жұлдызы Еркін Нұржанов еліктірді. Екі-үш әнді бірінен соң бірін қатар жіберіп, соңғысын Роза Әлқожамен дуэт болып айтты. «Сен сыйға тартқан орамал» – ән төресі. Айтыскер ақындар жайлы әңгіме бөлек. Аламан айтыстарда топ жарып жүрген айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин Арқаның апайтөс әнші-балуаны Иманжүсіп рухына арнаған өлеңін оқып, домбырамен авторлық әні «Тарбағатайдан» құлатты. Бүгінгі айтыс өнерінің шаппайберлері – Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысова эстрадалық жанрда орындады әндерін. Кейін көрермендердің сұрауымен үшеуі сахнада Құлманбет айтысын көрсетті. Қарағандылық жас ақындар – Қуаныш Медеубаев пен Жадыра Байбұланова поэзиялық дуэт жасап ерекшеленсе, басында дуэт айтып шыққан Мирас пен Роза кеш шымылдығын қайта қосыла шырқаған әндерімен жапты.

Жәнібек ӘЛИМАН

2 thoughts on “«Ақын мен әнші» – Арқада

  1. – Жоба жақсы. Ақындар мен әншілердің арасын жақындастыру үшін ғана емес, шығармашылық тұтастықты көр­сету мақсатында қолға алынған тың дүние ғой. Көңілден шықты. Айтыскер ақындар Айнұр мен Сараның ән салғаны, әсіресе, оқырмандарын мөлдір жырларымен сусындатып жүрген Мирас Асан бауырымның ән салғандағы мөлдір даусы болсын, поэзия өкілдерінің өлең оқығаны – бәрі-бәрі құлаққа қонымды. Көрер­мен қауым соңына дейін тапжылмай отырғаны да біраз жайды аңғартса керек, демалып қайттық.

  2. – Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Бұлай демалғаным кем де кем. Әдемі ән, мағыналы сөз, дуалы өлең қосылып – үлкен дүниеге ұласқандай. Эстраданың есі бар екенін енді ұққандаймын. Ең әсерлі сәт – аты аңызға айналған Қорабай Есеновтің шыққаны. Әке-шешеміз аузынан тастамайтын автордың әнін өзі орындауы, оны көргеніміз – керемет болды. Кеш біткен соң үйге асықтым, анама айту үшін.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.