Ақтоғай

Ақтоғайлықтар оттегі концентраторына 2,5 миллион теңге жинады

Екі сағат ішінде Ақтоғай ауданының тұрғындары 2,5 миллион теңге жинады. Бұл қаражат оттегі концентраторын, пульсоксиметрлерді және дәрі-дәрмектерді сатып алуға жұмсалады. Олар Жаңаарқа және Қарқаралы аудандарының өнегелі істерінен рухтанып, ізгі іске кіріскен.


– Жаңаарқа ауданының тумасы, блогер Айсұлтан Жақыповтың бастамасымен, еліміздің әр түрлі қалаларында тұрып жатқан осы ауданнан шыққан азаматтар 10-нан астам ӨЖЖ аппаратын сатып алды. Көмекке қарапайым адамдар да, әртістер де, меценаттар да жұмыла кірісті… Олармен қатар, қарқаралылықтар да өз ұйымшылдықтарымен ерекшеленді, мұнда аудан тұрғындарын ақын Жанат Жанқаш біріктірді. Олар бірлесіп сегіз аппарат сатып алып, аудандық ауруханаға жіберді. Осы екі аудан тұрғындарының игі бастамасына тәнті болып, мен өз жерлестерім ақтоғайлықтарға үндеу тастадым. Және бастамамды Қамбар Ахметов қолдады. Біз бірлесіп Қазақстанның әр аймақтарында тұрып жатқан жерлестерімізді жұмылдырдық, – дейді журналист Ләззат Қожахметова.
Қаражат жинау туралы хабар таратылған соң, алғашқы 20 минут ішінде ақтоғайдықтар оттегі концентраторын сатып алуға 200 мың теңге аударды. Ал, келесі екі сағатта 2,5 миллион теңге жиналды. Ешкім де шетте қалған жоқ. Мысалы, меценат, облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков жабдықтың бір бірлігіне қаржы бөлді, астаналық және Балқаштық кәсіпкерлер тиісінше, екі және үш аппаратқа ақша аударды. Сонымен қатар, «Алтын Алмас» АҚ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, жеке кәсіпкерлер Серік Қасымбеков, Ерлан және Ержан Нұртазиндер, Азамат Төребеков, Марат Көкеев, Бекболат Қожабаев және Ақтоғай, Қызыларай, Шабанбай би және Құсақ ауылдық округінің тұрғындары көмектесті.
Сондай-ақ, Ақтоғай ауданының орталық ауруханасы мен медицина орталығы үшін еріктілер мен кәсіпорындардың, фермерлік шаруашылықтардың және жеке тұлғалардың қолдауымен 20 термометр, 37 оттегі концентраторы, 52 пульсоксиметр және 15 Бобров құралына тапсырыс берілді.

Басқа материалдар

Back to top button