Бас тақырыпБәрекелді!

АҚТОҒАЙЛЫҚ Атымтай акцияға үн қосты

Қоғам рухани жарымжан хәлде. Олай деп топшылап, тұжырым жасауға, елдің газет-журнал оқудан қол үзіп бара жатқаны итермелейді. Оны күнделікті өмірімізге ғаламтор мен түрлі әлеуметтік желілердің дендеп енуімен байланыстыратындар да бар. Шынымен солай ма? Бұл әлде, дәлелі дүдәмал екіұшты пайым ба? Олай болса түрлі ақпарат көздері, тұрмыс-тірлігіне ғаламтор бізден көп ілгеріде енген «Батыс елдерінде баспасөзге деген көзқарас артпаса, еш кеміген жоқ» деген дәлелді көлденең неге тартады?!

Дегенмен, «ауызды қу шөппен сүртіп», «қара аспанды, жауға алдыруға» болмас. Неше жерден ғаламтор мен әлеуметтік желілер қоғамды жаулап алды десек те, апта құрғатпай, газет-журналдардың кезекті санын сарыла тосып, қызыға оқитын қауым Құдайға шүкір, әлі де жетіп артылады.

Оған дәлел жуырда ғана барша облыс жұртшылығын өзінің тың бастамасымен таң қалдырып, жалт қаратқан, жаңаарқалық ұстаз Нұргүл Шамаеваның баспасөзге деген жанашыр, жаңашыл үндеуі. Нұргүл «90 жылдыққа – 90 Орталық» акциясын бастап, кәсіпкерлерге үндеу тастап, қалғып кеткен қалың оқырманды ұйқыдан оятты.

Іле Нұргүлдің үндеуіне ақтоғайлық атымтай азамат Ержан Нұртазин үн қосып, қоғамда әлі де көкірегі ояу, көзі ашық жандар барын дәлелдеп, Ақтоғай, Қызыларай, Шабанбай би, Қараменде би ауылдарының әлеуметтік аз қамтылған 90 отбасын 90 жылдық бай тарихы бар, аймақтық аға басылым «Ortalyq Qazaqstan» газетіне жаздырып беріп, үлкен азаматтық танытты.

Біз енді, Ержан Нұртазинді жалпақ жұртқа таныстырсақ дейміз.

Ержанның әкесі марқұм Жәмел ақсақал 6 ұлын алаламай, бойларына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін сіңіріп, жастайынан еңбекке баулып өсірген. Сондықтан болар, Жәмекеңнің 6 ұлы да еңбекқор, бір-бір кәсіптің құлағын ұстап, ұршықтай иіріп отырған іскер жандар. Нұртазиндер елге қайыр, кісіге рахым жасауды өздерінің перзенттік міндеті, парызы деп біледі.

Біздің бүгінгі бас кейіпкеріміз Ержан елі үшін тау көтерген Толағай тектес жігіт. Ол кешегі ел байлығын қарпып қалған, қамтып қалған қауымның қатарынан емес. Ержан кәсібін маңдай тер, табан ақысы арқылы құрып, тасын өрге домалатып отырған кәсіпкер.

Ауданға үнемі демеушілік көрсетіп, мәрт меценаттық қырымен де ел көзіне түсіп жүр. Нұргүл бастаған, бекзада Бекзат, Ержан жалғастырған акцияны нұралық фермер Сейтжаппар Нығыметов пен айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтай іліп әкеткендігі жайлы желдей есіп жағымды жаңалық жетті. Балқаш қаласында тұратын қызыларайлық жерлесіміз, белгілі меценат, «Жібек жолы» ЖШС-нің басшысы Серік Қасымбеков өткен жылы 50 адамды аймақтың арда басылымына жаздырса, биыл да 70 адамды баспасөзге тартты. Міне, Нұргүл, Бекзат, Ержан, Сейтжаппар, Серік, Аманжол секілді руханият жанашырлары тұрғанда газеттің күні де, дәурені де өтпейді деп сенейік.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button