Ақтоғай
Ақтоғайда «Мектепке жол» акциясы жалғасуда
Ақтоғайда республикалық «Мектепке жол» акциясы қарқынмен жалғасуда. Аудан орталығындағы Ә.Бөкейхан атындағы орта мектепте өткен «Жүректен жүрекке» қайырымдылық шарасы аясында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.
Қайырымдылық шарасына жас кәсіпкер Азамат Изатов демеушілік көрсетті.
- Бүгінде екі-үш баланы бастан-аяқ жаңа киіммен және оқу-құралдарымен қамтамасыз етудің өзі оңайға соқпайтынын ата-аналар жақсы біледі. Ал, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар үшін бұл өте үлкен қиындық тудырары сөзсіз. Біз осы тұрғыдан алғанда мұқтаж жандарды, оның ішінде, балаларды мейірім құшағына алып, мектепке алаңсыз баруына жағдай жасауға тырыстық, – дейді кәсіпкер.
«Мектепке жол» республикалық акциясының аясында ортақ іске жұдырықтай жұмылып, жүректерге жылу сыйлап жүрген қайырымды азаматтар ауданымызда баршылық. Қайырымды істер шарасы мұнымен шектелмейтініне сенімдіміз.