Ақтоғай

Ақтоғайда көпбалалы ана баспаналы болды

Жақында ақтоғайлық көпбалалы, жалғызбасты ана Гүлбаһрам БОЛАТБАЕВА баспаналы болды.

Анаға пәтер кілтін Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова табыстап, ізгі тілегін айтты. Берілген пәтерге жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілген. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Марат Көкеев пәтердің қонақ бөлмесін жабдықтап, жаңа тоңазытқыш сыйласа, аудандық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Ерден Керімбай балардың жатын бөлмесіне қажетті жиһаз тарту етті.

Жеке баспанамыз болса деп армандайтын едік. Аудан әкімдігінің, қолдауының арқасында арманымыз орындалып, үш бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Жомарт жандарға айтар алғысым шексіз, – дейді қуанышын жасыра алмаған көпбалалы ана.

Гүлбаһрамның айтуынша, бүгінде ол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Төрт баласымен пәтер жалдап келе жатқанына он жылдың жүзі болыпты.

Айта кетейік, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы Ардагер Капашев аудан бойынша 37 көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұрғандығын жеткізді. Алдағы уақытта бұл отбасылардың барлығы баспанамен қамтылмақ.

Думан ҚАБЫЛ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button