Ақтоғай

Ақтоғайда баспана мәселесі шешіледі

Ақтоғай ауданы орталығында 12 пәтерлік екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сметалық құны 171,610 мың теңге болатын тұрғын үй құрылысының бас мердігері – «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС-і. Қос қабатты тұрғын үй 614,6 шаршы метрді құрайды. Ал, әр пәтердің аумағы – 50- 70 шаршы метр. Орталық қазандықпен жылытылатын бұл үйдегі пәтерлер екі бөлмелік. Тұрғын үй пайдалануға қыркүйек айында беріледі деп жоспарланған.

  • Бұдан бөлек, Сана би көшесінде қос пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы күзге дейін аяқталады. Аталған пәтерлер үй кезегінде тұрғандарға, әлеуметтің әлжуаз тобына тапсырылады. Сонымен қатар, аудан бойынша көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешу мақсатында 12 үйді коммуналдық меншікке сатып алдық. Бұдан тысқары иесіз мүлік ретінде танылып, сот шешімімен коммуналдық меншікке алынған қосқабатты үйдегі бірқатар пәтерге жөндеу жүргізіледі. Бұл баспаналарды заң талабына сәйкес кезекте тұрған отбасылар алады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев.

Жария етілген деректерге сүйенсек, 41 аудан тұрғыны баспаналы болады. Сонымен бірге, Ақтоғай ауылында салынатын (Оразалин көшесі) қос пәтерлі – 3, Сарышаған кентінде 12 пәтерлі – 1, қос пәтерлі – 2 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткен. Бұл жобалар 2020-2021 жылдардың ішінде жүзеге асырылады деп күтілуде.

2017 жылы Ақтоғай ауылының басынан «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес жаңадан солтүстік-батыс шағын ауданының құрылысын жүргізу көзделуде. Жоба бойынша шағын аудандағы 200-ге тарта жеке меншік тұрғын үйдің жер телімдерін сатып алу, сөйтіп, 16 көп пәтерлі тұрғын үй және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысын іске асыру жоспарда. Осыған орай, «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 16 пәтерлі екі қабатты 4 тұрғын үйдің және бір қабатты 10 тұрғын үйдің жобалаусметалық құжаттамалары дайындалып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды.

Жалпы Ақтоғай ауданында 501 адам үй кезегінде тұр. Оның 37-сі – көпбалалы отбасы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, биылдың өзінде 18 көпбалалы ана қоныстойын тойламақ. Алдағы екі-үш жылдың мұғдарында аталған шағын ауданның жобасы бекіген жағдайда, Ақтоғайда 100-ден аса жаңа үй тұрғызылады.

Думан ҚАБЫЛ

Басқа материалдар

Back to top button