Ақселеу биігіне талпыныс
Өткен жұмада облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жазиралы Жаңаарқада «Туған жер» бағдарламасы аясында Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен белгілі өлкетанушы, публицист, қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған жазушы Ақселеу СЕЙДІМБЕКТІҢ туғанына 75 жыл толуына арналған игі шара өтті.
Ойы биік, қаламы жүйрік саңлақ қаламгердің 75 жылдығына орай ұлық құрмет Ақселеу биігінен құран бағыштаудан бастау алып, Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылар және көсемсөз шеберлерінің әдеби-шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау қорытынды кеші аудандық мәдениет үйінде ұласты. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова кіріспе сөзбен ашып, жерлесіміздің ұлттық құндылығымызға қосқан зор үлесін, оның шығармашылығы мен адамгершілік тұлғасы былайғы жастарға үлгі болатынын атап көрсетті. Сахнаға көтерілген үзеңгілес досы тарих ғылымдарының докторы, танымал қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлының, қанаттасы, жазушы Төлеген Әбдіктің естелікке толы әр сөзінен саңлақ сөз зергеріне деген жылы ықылас, ыстық сағыныш желдей есіп тұрды.
Байқау қорытындысы бойынша поэзия жанрында ІІІ орынды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Анна Строкова, ІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Ерік Нарынов, І орынды ҚарМТУ-дың оқытушысы Айзада Рахымжанова иеленсе, проза жанры бойынша ІІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Гүлден Ерғали, ІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Әйгерім Қарабаева, І орынды Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық қызмет көрсету инспекторы Ерзат Ермағанбетов және көсемсөз жанры бойынша ІІІ орынды Жаңаарқа ауданы Бидайық мектебінің тәлімгері Нәзира Ақаева, ІІ орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының оқытушысы Құлынтай Монайұлы, І орынды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрдос Кәрім еншіледі. Ақселеу Сейдімбеков атындағы арнайы 100 000 теңге сыйлықты Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінің қызметкері Дулат Аманжол қанжығалады. Сондай-ақ, Ақселеу Сейдімбектің туыстары тағайындаған арнайы жүлдені Қасым.kz/ақпараттық порталының бас редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы иемденіп, Қазақстан Жазушылар одағының дипломымен ҚарМУ-дың студенті Жоламан Айткен марапатталды. Айтулы шараның соңынан Ақселеу Сейдімбектің туған-туыстары құран оқытып, ас берді.
Өз тілшімізден.
Суретті түсірген
Л.ГАЛИМОВ.