Басты тақырыпЖаңалықтар

Ақпанда тұмау өршиді

    Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары айтты. Сондықтан, облыс халқы ақпан айында кең тараған жұқпалы аурулардың 90% -ын құрайтын жедел респираторлы вирустық инфекциядан (ЖРВИ) сақтануы тиіс.

«Тыныс жолдарының жұқпалы ауруы тұмауға себепкер вирустық инфекция қыста тарайды. Мұрын, көмекей, жұтқыншақ және бронхтар, тіпті, өкпенің эпителий жасушаларын зақымдайды. Жалпы, 2016 жылдың қазан айынан бүгінге дейін  ЖРВИ және тұмау бойынша 30 832 оқиға тіркелді. Оның 22 573-і 14 жасқа толмаған балалар арасында орын алды. Қарағандыда тұмау ви­ру­сының айналымы ерте басталды әрі зерт­ханалық расталған жағдайлар саны бо­йынша 61 оқиға (А түрінен (H3N2) – 41, В түрінен – 20 адам) тіркелді. Барлығы 1679 адам ауруханаға түсті. Олардың 609-ы 1 жас­қа толмаған балалар, 243-і жүкті әй­елдер», – дейді эпидемиолог дәрігер Ирина Князева.

Оның сөзіне сүйенсек, пациент ауырған ( қызу көтерілу, жөтел, тұмау, бас ауруы) жағдайда вирустық инфекцияны таратпау үшін емханаға келмегені жөн. Науқастанған адам дәрігерді үйге шақырғаны дұрыс. Пациент өздігінен емделмеуі тиіс. Себебі, әртүрлi асқынуларға (пневмония, ларингит, бронхит) шалдығуы мүмкін.

Юрий БОКАЧ, Облыстық жедел ме­дициналық жәрдем станциясы ди­рек­торының орынбасары:

Айналмалы ЖРВИ және тұмау белгісі қаңтар айымен салыстырғанда біршама төмен. Тұрғындар тәулігіне орта есеппен 92 рет жедел-жәрдем шақырады. Осы ретте айта кеткен жөн, жедел жәр­дем жұмысы айналымдық аурудың кө­те­рiлуiне ғана емес, медициналық мекеме жұмысының қызметіне де тікелей бағынышты. Мереке күндері біршама ауруханалар қысқартылған жұмыс тәртібіне көшетіндіктен, шақыртулар саны артады. Желтоқсанның кейбiр күндерiнде және қаңтар айларында тәулiгіне 1000 ша­қыр­туға дейiн болды. ЖРВИ бойынша желтоқсан айында тәулігіне 180 шақырту болса, қаңтарда –137, қазiгі уақытта 92-ге дейiн төмендеді. Дегенмен, тұмаудың ақпан айында көтерiлетін кезеңіне дайын болуымыз керек.

Сондай-ақ, дәрігер ЖРВИ симптомдарымен ауырған сырқат­тардан жедел жәрдем қызметінің жұмысына түсiністік танытуын сұ­райды. Жедел жәр­дем алдымен өмiріне қауiп төнген адамға барады.

Ақ халаттылар емделу барысында көпшілік жүрген орындарға баруға шектеу қойып, көбіне сұйық тағамдар – лимон қосқан шай, көк шай, ыстық сүт, емдік өсімдіктерді пайдаланған тиімді екенін айтады. Оған қоса парацетамол және «наф­тизин» тамшысын сақтықпен қолдануды ескертеді. «Дене қызуы көтерілген жағдайда дәрілерді дұрыс мөлшерде қолданған жөн. Бұған дейін пациенттердің дәріден уланғаны тіркеліп, жедел жәрдемнің қызметіне жүгінген жағдайлар орын алған», – дейді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button