Ресми

«Ақордада алтын Елтаңба тұруы керек»

Әлемдік рейтинг бойынша ең әдемі Елтаңбалар арасында тоғызыншы орынды иеленген Мемлекеттік Елтаңбамыз болашақта алтыннан жасалуы мүмкін. Қарағанды облысына арнайы келген Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков осындай бастамамен келгенін айтып, жақсы жаңалығын жеткізді. Тіпті, құзырлы органнан игі бастамасын жүзеге асыру үшін арнайы хаты да бар. Хатты Қарағандыға ала келу себебі де бар. Өйткені, Қазақстан бойынша Мемлекеттік рәміздерді дайындайтын жиырмадан астам фирма болса, оның ішінде шоқтығы биігі – қарағандылық «Ақ бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Алтын Елтаңбаны дәл осы серіктестік әзірлеп, тұсаукесері Қарағандыда жасалуы мүмкін.

Қадірлі қонақты облыстық әкімдікте аймақ басшысының орынбасары Ербол Әліқұлов пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қарсы алып, пікір алмасты.

– Мен үшін Қазақстанның әр жері – қасиетті де қадірлі. Ал, оның ішінде Қарағандының орны – ерекше. Одан бөлек, Қарағандының жетістіктері, жастардың, әкімдіктің атқарып жатқан жұмыстары қуантады. Шынымен, еліміз өсіп-өркендеу дәуіріне жетіп қалыппыз. Қанша қиыншылық болғанымен, біздің қазіргі мәртебеміз, дәрежеміз биіктеп қалғанын атқарылып жатқан шаруалардан көруге болады, – деген Жандарбек Мәлібекұлы Ербол Шымкентбайұлына «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабы мен Елтаңба бейнесіндегі төсбелгіні сыйға тартты. Кітаптың құндылығы – Елтаңбадағы элементтердің егжей-тегжейлі түсіндіріліп жазылғандығында.

«Өзім отыз жылдан бері Елтаңбаға жұмыс істеп келемін деген ойдамын» дейді Жандарбек Мәлібекұлы. Себебі, оны жаңарту, жаңғырту, стандартын жасау деген сияқты шаруаларды өзі атқарып келеді. «Біз Президентке алтын Елтаңба беруіміз керек, Ақордада алтын Елтаңба, әр мекемеде алтын жалатылған Елтаңба тұруы керек» деген ол Ербол Шымкентбайұлына бастамасы жүзеге асар болса, алтын Елтаңбаның тұсаукесері дәл осы Қарағандыда өтетінін де айтты.

«Менің халқым Елтаңбасын алтыннан жасайды» деген ой мен үшін үлкен мәртебе болар еді» дейді Жандарбек Мәлібекұлы.

Елтаңба авторымен бірге келген Геральдикалық зерттеулер орталығының Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бөлімінің басшысы Жарқынбек Жұмаділұлы рәміздерді насихаттауда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.

– Біз рәміздерді насихаттаудың барлық қолжетімді тәсілін пайдалануға тырысамыз. Тағы бір мақсатымыз – мемлекеттік наградаларға қатысты жағдайды да реттеу. Мәселен, мемлекеттік геральдикаларға қатысты арнайы комиссия бар. Ол жылына бір рет өткізіледі. Ал, қазір, бекітілмеген ведомстволық наградалар қаптап кетті. Оның екі жүзден астам түрі бар екен. Егер мұны тоқтатпасақ, басымыздан балағымызға дейін медаль тағатын жағдайға жетеміз. Әр облыс, әр министрлік өзінің медалін шығарып тарата берсе, оның қадірі де болмай қалады. Одан бөлек, жекеменшік компаниялар да өздері қор құрып алып, «Қазақстанның Құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген азаматы» тәрізді ордендерді тапсыруда. Оны алу да қиын емес, 50 мың теңге төлесе болды. Осындай жағдайларды тоқтату үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді Жарқынбек Жұмаділұлы.

Одан бөлек, бірқатар облыстар өз төлтаңбаларын бекітіп, мемлекеттік мәртебе беруге қатысты айтылған ой-пікірлерге де тоқталды. Жарқынбек Жұмаділұлының айтуынша, бұл дұрыс емес. «Егер әр облыс өз белгісін қабылдар болса, оны нышан ретінде ғана қабылдау керек» дейді ол.

«Геральдикалық зерттеулер орталығы атқарып отырған жұмыстың дені мемлекеттік идеологияға тікелей қатысты. Сондықтан, олардың міндетіне Мемлекеттік рәміздердің кабинетте қалай тұрғанын тексеру де кіреді. Өкінішке қарай, оның өзін дұрыс орналастырмайтын мекемелердің бар екенін айтып, қынжылды. Осыған орай, түрлі әдістемелік құралдар әзірленуде. Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі заңды оқымаса да, сурет түрінде берсек деген ниеттеміз» деген ойын да білдірді.

Қарағандыға келу мақсаттары да жастарға рәміздердің шығу тарихын түсіндіру. «Рәмізді түсіну арқылы жастардың бойында ұлтшылдық пайда болады. Ұлтшылдықтан емес, ұлтсыздықтан қорқу керек» дейді ол.

Жандарбек Мәлібекұлының жос­­­парында бұдан бөлек қарағандылық жастармен кездесіп, Елтаңбаның қадір-қасиетін түсіндіру де бар.

Салтанат ІЛИЯШ,

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button