Аймақ

Ағадыр кентіндегі мотоцикл соқтығысында жасөспірім мен ер адам қаза тапты

Қарағанды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 сәуір күні шамамен сағат 21:00-де Шет ауданына қарасты Ағадыр кентінде бір бағытта қозғалған екі мотоцикл соқтығысқан. Алдын ала деректер бойынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан 37 және 17 жастағы екі жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір қатысушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Сурет видеодан алынды

Айта кетейік, осы күні өңірде ауа райы күрт нашарлап, ауа температурасы нөлден төмен түсіп, сәуір айының ортасына қарамастан қар жауған. Бұл жағдай жолдағы ахуалға әсер етуі мүмкін.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

Қарағанды облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Бекзат Саулембаев атап өткендей, полиция қызметкерлері тарапынан ескерту жұмыстары тұрақты жүргізілгеніне қарамастан, мұндай қайғылы оқиғалар әлі де орын алуда.

«Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жылдамдықты асырмау және мотокөлікті басқару кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажеттігі туралы бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар тіркелуде», – деді Бекзат Саулембаев.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button