Ақтоғай

Ақтоғай өңірінің өркендеуіне негіз бар

Ауыл шаруашылығы өркен жайып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келе жатқан Ақтоғай ауданында тілге тиек етер толымды істер жетерлік. Сан сала бойынша сапалы жұмыс атқарылып жатқан мекеннің экономикалық көрсеткіштері туралы аудан әкімі Салтанат Әбеуова аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ақтоғай өңірінің өркендеуіне негіз бар

Биыл облыс бойынша кәсіпкерлікті қолдауға жіті назар аударылып, аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі болып отыр. Сондықтан, аталған салаға басымдық берілуде. Ішкі өнімнің елеулі бөлігін өндіру осы саланың үлесінде екені айтпаса да түсінікті. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік тауарлар мен қызметтерді көбейту арқылы қоғамдағы тұрақтылықтың басты негізі болып есептелетін орта тап өкілдерін қалыптастыруға көп мүмкіндік жасалмақ. Осы жылы аудан экономикасында өсім бар. Жыл басынан негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 14 млрд. 696 млн. теңгені құрағанын Салтанат Мірәсілқызы баспасөз мәслихаты барысында айтты.

– Аудан экономикасын дамытудың басты көзі болып табылатын өнеркәсіп кәсіпорындары биыл 140 млрд. 502 млн. теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің негізгі көрсеткіштерін аудан бойынша 5 орта және шағын деңгейдегі кәсіпорындар: «Алтыналмас АК» АҚ кәсіпорыны, тау-кен өндірісіндегі «Балқаш тау-кен» кәсіпорыны, «Балқашбалық» кәсіпорыны, «Алтыналмас Technology» ЖШС және тоқпен жабдықтаудағы Сарышаған тоқпен жабдықтау дистанциясы құрады. Есепті мерзімде аталған 5 кәсіпорынның өндірген өнімі 80 млрд. 802,6 млн. теңге, жалпы өнеркәсіп өндірісі өнімінің 62,8%-ын құрайды. 2022 жылы «Ирказ Металл Корпорациясы» ЖШС «Борлы» кен орнында катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы жалпы құны 9 млрд. теңге қараша айында толық іске қосылып, 140 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы – өңірді дамыту үшін аса маңызды сала, біздің экономикамыздың басым бағыттарының бірі. Мал шаруашылығы саласында да мал басы мен одан алынатын өнімдердің көлемінде өсім бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өндірген өнімі 20 млрд. 329 млн. теңгені құрады, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова.

Спикердің айтуынша, Үкіметтің қолдауымен ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар жеміс беруде. Нәтижесінде, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ет өндіру көлемі 6 419 тонна 7,8%, сүт өндіру 27 216 тонна 6,2%, тауық жұмыртқасы 1 882 мың дана орындалды, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда мал шаруашылығында да тұрақты өсім бар, ірі қара 12,6 пайызға, қой мен ешкі 6,2 пайызға, жылқы 14,2 пайызға, құс 2,7 пайызға артқан.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған 440 адамды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Шашубай кентінде 100 пәтерлі бес қабатты үй, Сарышаған кентінде апатты жағдайдағы 70 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмысы басталған. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы арқылы 2023 жылға жалғасатын Ақтоғай ауылындағы қолданыстағы стадионды қайта жаңарту жобасы басталды. Бүгінгі таңда құжаттары әзірленіп электр таратушы «ЖезРЭК» мекемесіне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстық басқарма тарапынан «Балқаш-Ақтоғай-Ақсу-Аюлы» автомобиль жолының 16 шақырымына және Ақтоғай-Балқаш бағытының 7 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қоса, аудан басшысы ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, сол елді мекенде кәсіп етемін деген ниетті азаматтарға құжаттық көмек көрсетіп, кәсібіне қажетті қаражатқа тиісті заңдылығына сәйкес кедергісіз қол жеткізуіне ықпал жасап отырғандығын жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ

Ақтоғай ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button