Жаңалықтар

Қасиеттің тасасындағы қасірет

Араб тілін жетік меңгерген. Діни білімнен де кенде емес. Әу баста ілім іздеп шетел асқан азамат ақыр аяғында Сириядағы соғыс ортасынан бір-ақ шыққан. Адасқанын аңғарғанда, кері қайтуға мүмкіндік болмапты. Кейін елге оралып, жазасын өтеген онымен теологтар бір жарым жылдай жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде өзі ақиқат деп қабылдаған біраз түсінігін қайта түзеген. Бір адамның тағдыры қоғамда қалыптасқан тұтас бір пайымға күмән келтіреді. Көпшілік жат ағымның жетегінде кететіндерді тек діни сауаты жоқ, қараңғы жандар деп біледі. Ал, діни білімі бар адамның өзі деструктивті идеологияның ықпалына түссе, мәселенің түп-тамыры қайда? Білімнің тапшылығында ма, әлде білгенін таразылайтын парасаттың кемдігінде ме?

«Апиын» және жалған жұбаныш

Карл Маркстің «Дін – халықтың апиыны» деген тәмсілге айналған тұжырымын бәрі білсе керек. Алайда, неміс ойшылының 1844 жылы жарық көрген еңбегіндегі осы сөздің алдындағы пайымына екінің бірі үңіле бермейді. Философ дінді азап шеккен жанның күрсінісі, мейірімнен жұрдай дүниедегі жұбаныш ретінде де сипаттайды. Мәселенің бізді қызықтыратын тұсы да осында.

Апиынның ауырсынуды басатын әсері бар. Бірақ, ауырсынудың басылуы дерттің жазылғанын білдірмейді. Деструктивті идеологияның адамға ұсынатын жалған жұбанышы да осыған ұқсас. Жалғыздықтың тауқыметін тартқан жанға – орта, қадірі кеміген адамға – құрмет, әділетсіздік көрген азаматқа әділетті қоғам керек. Адам баласының өмірлік тірегі шайқалған сәтте оның санасында бос кеңістік пайда болады. Осындай адами мұқтаждықтар діни ұранның тасасында өзгенің мүддесіне қызмет ете бастағанда, мәселенің тек теологиялық астарына үңілу аздық етеді.

Ақтас кентіндегі «Ерімбет ата» мешітінің имамы, теолог Азамат Ерғазы алты-жеті жылдан бері жат ағымдардың ықпалына түскен азаматтармен жұмыс істеп келеді. Түзеу мекемелерінде де оңалту жұмыстарын жүргізетін маманның тәжірибесінде тағдырдың теперішін көріп, ақырында жалған идеологияның шырмауына түскен жандар аз кездеспеген.

– Жат ағымға түскендердің әлеуметтік жағдайы мен білім деңгейі әртүрлі. Ішінде жоғары білімдісі де, оқымағаны да, тұрмысы жақсысы да, орташасы да бар, – дейді теолог.

Оңалтудан өткен азаматың бірі ата-анасынан ерте айырылыпты. Ауылдан жұмыс таппай, Алматыға барғанында да тұрмысы түзіле қоймаған. Тұрақты баспанасы болмай, пәтерден пәтерге көшіп, күнкөрістің қамымен жүрген. Осындай алмағайып кезеңде радикалды идеологияны насихаттаушылардың жалған уәделеріне сенген. Сирияға барған соң ғана өзі аңсаған өмір мен алдынан шыққан ақиқаттың арасы жер мен көктей екенін ұққан. Соғыста қызынан айырылған.

Азамат Сайлауұлының айтуынша, әлгі жігіт елге оралып, жазасын өтеп жүрген кезінде түзеу мекемесінде от жағушы болып жұмыс істепті. Тапқан азын-аулақ қаражатын отбасына жіберіп отырған.

Тағдырдың ащы мысқылын қараңыз. Кезінде тұрмыстың тауқыметінен арылуға үміттенген азамат ақырында темір торда жүріп, отбасының нәпақасын табуға мәжбүр. Ал, жоғалтқан перзентін ешқандай өкініш қайтарып бере алмайды.

Біз жат ағымның зардабын көрген адамды айыптауға асыққанымызбен, оның сол ағымнан не іздегеніне үнемі мән бере бермейміз. Бәлкім, ол іздеген құрметті өз ортасынан көрмеген шығар. Бәлкім, жанын жегідей жеген сауалдарына жауап таба алмаған болар. Мұндайда діни насихаттың мазмұнын ғана емес, оған құлақ түрген адамның өмірін де зерделеу керек. Өйткені, қоғам шеше алмаған әрбір әлеуметтік немесе рухани түйткіл радикалды идеологияның қолжаулығына айналуы ықтимал. Адамның жан жарасын жазуға қауқарсыз болған жалған сенім сол жараны тереңдете түсіп, ақырында оның ақыл-парасатына да билік жүргізе бастайды.

Нигилизм дерті неге дендеді?

Идеологиялық тәуелділіктің ең қауіпті тұсы – адамның өзгенің пікіріне құлақ асуында емес, өз пікірінің болуы міндетті емес деп ұғынуында. Ақиқатты іздеу мен әлдекімнің ақиқатына сөзсіз бағынудың арасында үлкен айырмашылық бар. Біріншісі адамды ізденіске жетелесе, екіншісі ізденістің өзін қажетсіз етеді.

– Қоғамда адамдар секталарға ақша үшін кіреді, оларды гипноз арқылы арбайды. Яки, ішкен асына әлдебір зат қосып береді деген қауесет көп. Алайда, біз тәжірибемізден мүлде басқа көріністі көреміз. Адамның санасын өзгерту, ең алдымен, оны өзінің әлеуметтік тіректерінен ажыратудан басталады. Әуелі ата-анасының ұстанған жолын теріске шығарып, кейін тарихы мен салт-дәстүрін мансұқтауға бейімделеді. Бірте-бірте қоғаммен байланысы әлсіреп, араласатын ортасы тарыла түседі. Тек өзімен пікірлес адамдардың сөзін құп көретін жағдайға жетеді. Тіпті, ата-анасының қолынан ас ішуден бас тартып, ағайын-туысымен қарым-қатынасын үзген азаматтарды да кездестірдік. Өйткені, жат ағымның ықпалына түскен адамды райынан қайтара алатын ең үлкен күш – оның отбасы мен туған-туыстары, – дейді теолог.

Әлбетте, дәстүрге сын көзбен қарау немесе өзгеше діни ұстанымда болу экстремизмнің белгісі емес. Мәселе сол көзқарастың өзге адамдарды кемсітуге, олардың құқығын жоққа шығаруға, өшпенділік пен зорлықты ақтауға негіз болуында.

Ілгеріде сөз еткен азаматтың тағдырына қайта оралайықшы. Ол араб тілін үйренген, шетелде діни білім алған. Соған қарамастан, соғыс аймағына кетудің ақыры неге соғарын дер кезінде бағамдай алмаған. Елге оралғаннан кейін Азамат Сайлауұлы онымен бір жарым жылдай жұмыс істеп, діни еңбектерді қайта зерделеуіне ықпал еткен. «Жүз пайыз толық өзгерді деп кесіп айтпасақ та, санасына үлкен сәуле түсіріп, ұшқын салдық», – дейді теолог.

Соқыр сенімнің сұрқы

Діни фанатизмнің қауіпті бір сипаты – адамның өз бойындағы қатыгездікті ізгі мұрат жолындағы әрекет деп қабылдауы. Өзгені қорлауды дінді қорғаумен шатастыра бастаған жерде ар-ожданның алдындағы жауапкершілік көмескіленеді.

Теолог Азамат Сайлауұлының тәжірибесінде де өзінің діни ұстанымына бола ағайын-туысымен қарым-қатынасын үзген, ата-анасынан алшақтаған азаматтар кездескен.

– Олардың санасында «намаз оқымайтындардың тағамы адал емес, олармен етене жақын араласуға болмайды» деген түсінік қалыптасып қалған. Олар тек саудасына, жұмысына қатысты аса қажетті адамдармен ғана белгілі бір шекара аясында араласады да, қалған жақындарынан алшақтайды, – дейді маман.

Қызығы сол, мұндай жағдайда адамның діни білімі тереңдегендей көрінгенімен, әлеуметтік дүниетанымы тарыла түседі. Өзіне өмір сыйлаған ата-анасының қадірінен, ғасырлар бойы қалыптасқан халқының мәдениетінен, айналасындағы адамдардың адами қасиеттерінен бұрын олардың діни ұстанымына мән бере бастайды. Осылайша, адамдарды мейірімге біріктіруге тиіс сенім, керісінше, олардың арасына көрінбейтін дуал тұрғызады.

Бәлкім, біз діни сауаттылықтың өлшемдерін де қайта қарауымыз керек шығар. Адамның қанша сүре жаттағанын, қанша діни кітап оқығанын білу маңызды болар. Алайда, сол білгенінің оның мінезіне, адамгершілігіне, еңбекке деген ықыласына, қоғам алдындағы жауапкершілігіне қалай әсер еткенін бағамдау одан да маңызды емес пе? Адамды өзгелерден биік сезіндіретін сенім мен адамды адамдық тұрғыдан биіктететін сенімнің арасы жер мен көктей. Осы екеуін шатастырған жерде тақуалықтың өзі тәкаппарлыққа ұласады.

Қатердің статистикасы

Облыстың полиция департаменті ұсынған деректерді саралап көрелік. 2022 жылы өңірде экстремистік немесе террористік сипаттағы 16 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2023 жылы олардың саны 32-ге, 2024 жылы 41-ге жеткен. 2025 жылы 23 дерек тіркелсе, биылғы он айда сегіз факт анықталған. Жалпы, аталған кезеңде осындай сипаттағы 120 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліпті.

Алайда, статистиканың сыртқы көрінісі мен ішкі мазмұнына үңілгенде, мәселенің басқа қыры ашылады. 120 деректің 77-сі Қылмыстық кодекстің 273-бабы, яғни, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша тіркелген. Тағы 35 дерек әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға қатысты. Демек, барлық көрсеткішті тұтасымен діни радикализмнің салдары ретінде бағалау жаңсақтық болар еді.

Дегенмен, биыл тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты бейжай қалдырмайды. Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру бойынша – екі, террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру бойынша – бір, осындай әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіруге, даярлауға немесе қаруландыруға қатысты бап бойынша бір дерек тіркелген.

Бұдан бөлек, департамент мәліметінде деструктивті діни ағым ұстанушыларының жасаған жалпы қылмыстары да жеке көрсетілген. Бес жылға жуық кезеңде осындай 66 қылмыс тіркеліпті. Олардың барлығы діни уәжбен жасалмағанымен, адамның діни ұстанымы өздігінен оның заңға бағынуының, адамгершілік қасиеттерінің немесе қоғамдық жауапкершілігінің кепілі бола алмайтынын ескерген жөн.

Енді назарымызды басқа көрсеткішке аударайық. Діни қызмет саласындағы, экстремистік материалдарды сақтау мен жариялауға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар фактілер 2022 жылы – 26, 2023 жылы – 27, 2024 жылы – 13, былтыр 20 болған. Ал, биылдың он айында 24 дерек анықталып отыр. Яғни, биылғы толық емес жылдың көрсеткіші былтырғы тұтас жылдың межесінен асып кеткен. Бұл сандар деструктивті насихаттың көшеден сандық кеңістікке толық көшкенін аңғартады.

– Жастардың бұл ағымдарға тап болуы көбіне TikTok, YouTube секілді әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады, өйткені, олар интернет кеңістігінде өте белсенді. Ал, бұрынғыдай мешіт маңайында немесе үйлерді аралап, ашық уағыз-насихат жүргізе алмайды, – дейді теолог Азамат Ерғазыұлы.

Сананың азаттығы

Теолог Азамат Сайлауұлы қазір түзеу мекемесінде радикалды көзқарастағы екі азаматпен жұмыс істеп жүр. Бірімен жыл басынан бері кездесіп, әңгімелеседі. Алғашында өз ұстанымынан айнымаған азамат бүгінде сұрақтарға жауап беріп, біртіндеп диалог құра бастапты. Екіншісімен жұмыс жүргізіп жүргеніне екі айдай болған. Әзірге томаға-тұйық қалпынан арылмаған.

– Көпшілік жат ағым өкіліне Құран аяттары мен хадистерден діни дәлелдер келтірсе болды, бірден түзеледі деп ойлайды. Алайда, біздің негізгі жұмыс тәсіліміз – ең алдымен, адамның сеніміне кіріп, көңілінен орын табу, – дейді теолог.

Маманның пайымынша, әуелі адамның ішкі өкпе-ренішін тарқатып, қоғаммен үзілген байланысын қалпына келтіруге мән беру керек. Отбасын, тұрмыс-тіршілігін, өмірден көрген қиындықтарын сөз ету барысында ғана оның дүниетанымындағы қайшылықтарға үңілуге мүмкіндік туады. Өйткені, тоң жібімей, ақыл-ойға қозғау салу мүмкін емес.

Теологтың тәжірибесінде дер кезінде жүргізілген жұмыстың нәтижелі болған мысалы да бар. Әскери қызметтегі бір азамат біртіндеп оқшауланып, достарымен, әріптестерімен араласуын сирете бастапты. Маманның айтуынша, бірнеше мәрте жеке кездесіп, қызметтегі басшылығымен бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесінде азамат өзінің діни көзқарасын қайта қараған. Қазір қызметін жалғастырып жүр.

Хакім Абай жиырма сегізінші қара сөзінде «Құдай Тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен» дейді. Назар аударсақ, ойшыл әуелі ақылды, содан соң иманды, одан кейін ғибадатты сөз етіп отыр. Ал, он үшінші қара сөзінде сенімнің мәнін ақылмен, дәлелмен ұғынуға айрықша маңыз береді. Шәкәрімнің ар ілімінде де адамдық кемелдіктің өлшемі ұжданмен сабақтасады. Ынсап, әділет, мейірім ұғымдары ойшылдың дүниетанымында іргелі орын алады.

Демек, қазақтың рухани мұрасында бүгінгі діни фанатизмге қарсы қоя алатын тұтас интеллектуалдық иммунитет бар. Мәселе, соны қаншалықты танып, кейінгі ұрпаққа түсінікті тілде жеткізе алғанымызда.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button