Ескі ғимараттағы жаңа мүмкіндік
Кеңестік дәуірдің мейрамханасы болған бұл ғимарат талай өзгерісті бастан өткерді. Бір кездері мұнда мейрамхана қонақтары бас қосса, кейін гастрономның сөрелері тауарға толды. Уақыт өте келе, ол Нұра ауданы тұрғындарының күнделікті тіршілігіне етене араласқан сауда орнына айналды. Алайда, жылдар ғимарат сәулетіне өз ізін қалдырмай қойған жоқ. Қабырғасы ескіріп, ішкі кеңістігі жаңаруды қажет ететіндей жағдайға жетті. Осыдан жеті ай бұрын жұмысын уақытша тоқтатқан супермаркет енді жаңарған келбетімен есігін айқара ашты. Бұл – ескі ғимаратқа жаңа өң беру ғана емес, 25 жылға жуық уақыт бойы қалыптасқан кәсіптің жаңа кезеңге қадам басуы.

Нұра ауданының орталығындағы «I&N» супермаркетінің тарихы 2000 жылдан басталады. Ибрахим Абайұлы сол жылы ғимаратты сатып алып, кәсіпкерлікке қадам басқан. Алғашында сауда орны «Динара» атауымен жұмыс істеді. Кейін мұнда кафе ашылып, бірнеше жылдан соң қызмет бағыты қайта өзгерді. Шамамен жеті-сегіз жыл өткеннен кейін нысан супермаркет форматына көшті. Содан бері 12-13 жыл бойы аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді.
Кәсіпкер ғимаратты сатып алған кезде нысан бос тұрған. Алғашқы жылдары оны ретке келтіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келді. Кейінгі жылдары сауда орнының қызметі де, ішкі құрылымы да біртіндеп өзгеріп, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін өтейтін орталыққа айналды.
Кәсіп иесі Ибрахим Абайұлының айтуынша, соңғы ауқымды жаңарту жұмыстары 2011 жылы жүргізілген. Содан бері сауда орны күнделікті жұмысын жалғастырып, аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп келді.
– Бұрынғы едені кеңестік кезеңнен қалған мәрмәр болатын. Қазір оны толықтай жаңартып, керамогранит төседік. Қабырғаларын түзеп, ішкі құрылымын өзгерттік. Кейбір қабырғаларды алып, есіктердің орнын ауыстырдық. Барлығын тұтынушыларға ыңғайлы болатындай етіп жасадық, – дейді Ибрахим Абайұлы.
Мамыр айында басталған жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың бір бөлігі кеңейтіліп, алдыңғы жағына қарай шамамен төрт метрге созылды. Ішкі бөлмелердің орналасуы қайта қаралып, кіреберіс пен есіктері сауда жасауға қолайлы етіп өзгертілді. Жөндеу жұмыстарына бастапқыда шамамен 25 миллион теңге жұмсау жоспарланған. Дегенмен, құрылыс барысында қосымша жұмыстардың көлемі артып, шығын да көбейген. Кәсіпкердің айтуынша, ғимаратты жаңғырту жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі 45-50 миллион теңгеге дейін жеткен.

– Қазір жөндеу жұмыстарына жұмсалған шығын 45 миллионнан асып, 50 миллион теңгеге жуықтауы мүмкін деп отырмыз. Материалдардың бағасы да қымбат. Тіпті, асфальт төсеудің өзіне қомақты қаражат жұмсалды, – дейді кәсіп иесі.
Жеті айлық үзіліс кәсіп үшін оңай болмағаны анық. Табыс шектеліп, шығын еселенді. Қаржы айналымы тоқтады. Дегенмен, Ибрахим Абайұлы табандылық табысты еселейтініне бек сенімді.
Жаңартылған супермаркеттің басты ерекшеліктерінің бірі – мұнда саудамен қатар тұтынушылардың тынығып, жеңіл тамақтануына да жағдай жасалмақ. Кәсіпкердің айтуынша, жаңа форматта кулинария бөлімі ашылады. Сонымен бірге, фойеге шағын үстелдер қойылып, кофе мен шай ішуге болатын кафетерий ұйымдастыру жоспарланған. Бұл жобаның өзіндік тиімділігі бар. Өйткені, аудан орталығына күн сайын алуан түрлі шаруамен келетін шалғай ауыл тұрғындары үшін дүкеннен қажетті заттарын алып қана қоймай, жолай тынығып, жеңіл тамақтануға мүмкіндік туады.
Ибрахим Абайұлы үшін кәсіпкерліктің мәні тек сауда жасап, табыс табумен шектелмейді. Оның пайымынша, елдің ортасында кәсіп жүргізген адам айналасындағы жұрттың да жағдайына бейжай қарамауы керек. Сондықтан, ол сауда орнын дамытумен қатар, қайырымдылық шараларына да тұрақты түрде атсалысып келеді.

Атап айтқанда, супермаркет тарапынан әр жұма сайын аз қамтылған отбасыларға тегін нан таратылады. Бұл – сырт көзге қарапайым ғана көрінгенімен, күнделікті тұрмысында қолдауға мұқтаж жандар үшін мәні зор игі іс. Бұдан бөлек, қасиетті Рамазан айында да қайырымдылық жұмыстары назардан тыс қалмайды. Мешіт арқылы ораза кезінде игі шаралар ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі. Мұндай сауапты шаралардан супермаркет иесінің қалыс қалған кезі жоқ.
Кез келген кәсіптің ұзақ жылдар бойы жұмыс істеуі үшін тек ғимаратты жаңарту жеткіліксіз. Оның артында тұрақты ұжым, қызмет көрсету сапасы және тұтынушылардың сенімі тұрады. Қазіргі уақытта супермаркетте шамамен 10 адам еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта тағы 12-15 адамды тұрақты жұмыс қамту жоспарланған.
Супермаркеттің жаңаруы тек ғимараттың ішкі бөлігімен шектелмеген. Тұтынушылар үшін көлік тұрағы жасақталып, барынша қолайлылық ұсынылып отыр.
Тарихы кеңестік кезеңнен басталып, бірнеше буынның күнделікті тіршілігімен біте қайнасқан ғимарат енді жаңа келбетімен аудан тұрғындарын қайта қарсы алуға дайын. Ескі ғимараттың ішкі-сыртқы келбеті жаңарғанымен, оның халыққа қызмет ету деген бастапқы мақсаты өзгерген жоқ.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
Нұра ауданы.
“Ortalyq Qazaqstan”



