Елге қызмет – күнделікті әрекет
Елдің дамуы тек ірі жобалар мен ауқымды бастамалардан тұрмайды. Қоғамның алға жылжуына күн сайын өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, адал еңбек етіп жүрген мыңдаған адамның үлесі бар. Бірі қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз етсе, енді бірі науқасқа көмек көрсетіп, бала тәрбиелеп, білім беріп немесе өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне күш салады. Осындай қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер елге қызмет етудің нақты көрінісі.

Президент Жолдауында айтылған адал еңбек, заңды құрметтеу және ортақ жауапкершілік қағидаттары да күнделікті өмірде жүзеге асуы тиіс. Бұл ұстанымдар тек мемлекеттік қызметшілерге немесе белгілі бір сала өкілдеріне ғана емес, әрбір азаматқа қатысты. Өз жұмысына ұқыпты қарау, кәсіби міндетін сапалы орындау, қоғамдық тәртіпті сақтау және өзгелердің құқығын құрметтеу – қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын құндылықтар.
Қарағанды өңірінде ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Қала тазалығын қамтамасыз ететін коммуналдық қызмет мамандары, тұрғындардың денсаулығын қорғап жүрген медицина қызметкерлері, жас ұрпаққа білім беретін ұстаздар, өндіріс орындарындағы жұмысшылар мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлердің еңбегі күнделікті өмірдің қалыпты жүруіне мүмкіндік береді.
Мәселен, коммуналдық қызмет мамандарының жұмысы көбіне көзге көріне бермейді. Алайда көшелердің тазалығы, қардың уақытылы шығарылуы, инженерлік желілердің қалыпты жұмыс істеуі – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелер. Әсіресе қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегі қала тіршілігінің үздіксіз жүруі үшін маңызды.
Медицина қызметкерлерінің де жауапкершілігі жоғары. Науқастың жағдайын бағалап, уақытылы көмек көрсету, емдеу мен алдын алу шараларын жүргізу – адам өміріне тікелей қатысты міндет. Ал ұстаздар тек білім беріп қана қоймай, оқушының бойына тәртіп, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырады. Әр маман өз ісіне адал болған кезде ғана ортақ нәтиже қалыптасады.
Заңды құрметтеу де қоғамдағы жауапкершіліктің маңызды бөлігі. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін орындау, өзгенің мүлкіне құрметпен қарау, міндеттерін заң аясында атқару – азаматтық мәдениеттің көрсеткіші. Құқық пен міндет қатар жүрген жерде өзара сенім нығайып, қоғамдық тәртіп қалыптасады.
Ортақ жауапкершілік тек кәсіби міндетпен шектелмейді. Қоршаған ортаны таза ұстау, көршілермен сыйластықта болу, қоғамдық мүлікті бүлдірмеу, қиын жағдайға тап болған адамға қол ұшын беру де елге қызмет етудің бір бөлігі. Мұндай әрекеттер қоғамдағы өзара қолдау мен ынтымақтастықты күшейтеді.
Елге қызмет ету міндетті түрде үлкен мінберден айтылатын сөз немесе ауқымды бастама емес. Ол – өз жұмысына адал болу, берген уәдеге жауап беру, заңды сақтау және айналасына пайда келтіру. Әр азамат осы қағидаттарды күнделікті өмірінде ұстанса, қоғамның дамуына қосқан үлесі де арта түседі. Өйткені, елдің болашағы ортақ жауапкершілікті сезінетін, еңбекті бағалайтын және өз ісіне құрметпен қарайтын азаматтардың әрекетінен қалыптасады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”



