Басылым беделі биіктей береді
Бүгінде ақпарат ағыны қос қолымыздағы смартфонның көгілжім экранына ойысқалы, баспасөз қадірі мен оқу мәдениеті жаңаша сипат алғаны аян. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға тартқан «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы – ойлы орта қалыптастырудың, тарихи жады мен ұлттық парасатты сақтаудың стратегиялық бағдары. Мұндай өрелі мақсаттың нақты іспен өрбіген бір көрінісі «Жазылушылар күнінде» айшықты аңғарылды. «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қарағанды облыстық филиалының директоры Сымбат Құдайбергенов бастаған ұжым мен өңірдің беделді басылымдарының өкілдері мәртебелі оқырманымен емен-жарқын жүздесті.

Жазылым науқанының қызған шағына дөп келген келелі шара барысында аймақ журналистері мен баспагерлер, редакторлар бас қосты. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы, жазушы Ерсін Мұсабек, «Индустриальная Караганда» газетінің редакторы Станислав Песнев, «Кент» баспа үйінің басшылығы және «Телурис ЛТБ» ЖШС директоры Сергей Федоренко сынды зиялы тұлғалардың көпшілікпен қауышуы баспасөздің қоғам алдындағы ашықтығын тағы бір мәрте айқындады.
– Мұндай кездесулердің мәні ерекше. Өйткені, басылымның басты бағдары – оқырман. Бүгін сол оқырмандарымызбен жүздесіп, пікір алмасудың сәті түсіп отыр. Сондай-ақ, «Қазпошта» ұжымымен әріптестік қарым-қатынасты бекемдеп, жыл бойы баспасөзді халыққа уақытылы жеткізуге еңбек сіңірген пошташыларға құрмет көрсету де – біз үшін үлкен қуаныш. Газетке жазылушылар санын арттыру бағытында да ізденісіміз толастаған емес. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің қолдауымен түрлі жеңілдіктер мен акциялар өткізіп, басылым мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға ден қойып келеміз, – деді Ерсін Мұсабек.
Жазылым науқанына арналған дәстүрлі кездесуде пошташылар алғаусыз алғыс алды. Кездесудің жарқын сәттерінің бірі – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, басылымдардың оқырманға дер кезінде жетуіне еңбек сіңіріп жүрген пошташыларды марапаттау рәсімі болды. Осы орайда «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қарағанды облыстық филиалының қызметкерлері Кульбаршан Бажеева, Айжан Ержанова мен Раиса Бачурская «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі директоры Қайрат Әбілданың Алғыс хаты және арнайы әзірленген кәдесыймен марапатталды.
– Бүгінгі басқосуға келіп жатқан жұртшылықтың көптігі көңіл қуантады. Мұның өзі оқырманның газет-журналға деген ықыласы әлі де жоғары екенін аңғартады. Біздің міндетіміз – сол қызығушылықты одан әрі арттырып, басылым мен оқырман арасындағы байланысты нығайту. Алдымызда жазылым көрсеткіштерін жақсарту, халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында бірқатар жұмыс тұр. Соның бәрін жүйелі жүзеге асыруға күш саламыз, – деді «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Ғанибет Әубәкіров.
Мерзімді басылымдар адамның күнделікті таным мен талғамын тәрбиелейді. Тұрақты оқу әдетін орнықтырады. Аптасына бірнеше рет қолына газет-журнал алатын жан ақпаратты үзік-үзік қалпынан тыс, жүйелі әрі терең қабылдауға дағдыланады. Өңірлік және республикалық басылымдар туған жердің тарихын, еңбек адамының бейнесін, тіл тазалығын назарда ұстайды.
– Бүгін «Ortalyq Qazaqstan» газетіне алғашқылардың бірі болып жазылдым. 95 жылдық терең тарихы бар басылымның орны мен үшін ерекше. Аймақтың бас басылымы өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, ел ішіндегі елеулі жаңалықтарды дер шағында жеткізеді. Газет оқу – жақсы дәстүр, рухани қажеттілік. Баспасөз майталмандарына шығармашылық табыс, қаламдарына қуат тілеймін. Оқырмандарыңыздың қатары қалыңдап, ормандай болсын! – деп лебіз білдірді оқырман Анар Құспанова.
Газет парағын ашқан сәтте оқырман тек жаңалықпен танысып қоймай, тұтас бір дәуірдің тынысына үңіледі. Қағазға қатталған сөздің қадірі де осында. Ақпарат құралдары түрленіп, оны тарату арналары өзгергенімен, ойлы сөзге деген сұраныс жоғалмақ емес. Өйткені, баспасөз – уақыттың куәгері, қоғамның шежіресі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



