МедицинаБас тақырыпЖаңалықтар

Балқаш денсаулық сақтау саласын дамытады

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға айрықша басымдық беріліп отыр. Осындай маңызды бастамалардың бірі Балқаш қаласында табысты жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының жетекшісі Динара Нұрқасымова жұмыс сапары барысында қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтқанда, олар балаларға арналған «QH Оңалту орталығы» мен Балқаш жоғары медициналық колледжіне арнайы барып қайтты.

Cуреттер облыс әкімдігінен

Сапар барысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ашылған балаларды оңалту орталығының жұмысына ерекше мән берілді. Бұл орталықтың іске қосылуы өңірдегі көптеген отбасы үшін көптен күткен қуанышты оқиға болды. Енді Балқаш, Приозерск қаласы мен Ақтоғай және Шет ауданының бүлдіршіндері қажетті оңалту емін алу үшін шалғайдағы өзге қалаларға сабылмайды. Заманауи үлгіде жабдықталған орталықта бейінді медициналық көмек тұрғылықты жерінде қолжетімді болып отыр.

2026 жылдың тамыз айында есігін айқара ашқан орталықта бүгінге дейін 48 бала толық оңалту курсынан өтті. Жалпы, мекеме жылына 493 пациентке дейін қабылдап, сапалы қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде аймақтағы балаларға арналған оңалту медицинасының қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Медициналық инфрақұрылымды дамытудағы тағы бір маңызды қадам – Балқашта Өңірлік травматология орталығын ашу. Жаңа нысанды келер жылы іске қосу жоспарланып отыр.

– Келесі жылы Өңірлік травматология орталығын ашуды көздеп отырмыз. Республика қалаларының ішінен бұл жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен Балқашты таңдадық, – деді Динара Нұрқасымова.

Жаңа орталық қалалық көпбейінді аурухананың базасында бой көтереді. Жоба академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының әдістемелік әрі ұйымдастырушылық қолдауымен және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тікелей қатысуымен жүзеге асырылады. Бұл бастама Балқаш пен оған іргелес аудан тұрғындарына көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмекті жаңа деңгейге көтермек.

Жұмыс сапары аясында Балқаш жоғары медициналық колледжінің жай-күйі де назардан тыс қалмады. Бүгінде оқу орнында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталған. Су құбыры, кәріз және электр желілері түбегейлі жаңартылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі ретке келтірілді. Сонымен қатар, колледж аумағына жаңа төсемдер төселіп, спорт алаңы мен демалыс аймақтары заманауи талапқа сай абаттандырылды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, автоматты суару жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде, студенттер, оқытушылар мен оқу орнының қызметкерлері үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасты.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button