Хәкім БЕКІШЕВ: «Кітап – білім бұлағы» деген сөздің мәні ешқашан жойылмайды
Кешелі бері әлеуметтік желіде «17 жастағы қазақ баласы әлемдік рекорд орнатты» деген сүйінші жаңалық кеңінен тарады. Жасөспірімнің жетістігіне біз де қуандық. Әсіресе, кейбір ақпарат көздерінде оның Қарағандыда білім алатыны айтылған соң, жаңалыққа деген қызығушылығымыз арта түсті. Ақпаратты зерделей келе, үздік нәтижеге қол жеткізген оқушының Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Хәкім Бекішев екенін білдік. Ол шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін SAT халықаралық емтиханында мүмкін болған 1600 балдың барлығын жинап, әлемдік рекордты қайталап отыр.
Жас талапкердің жетістігімен жақынырақ танысып, алдағы жоспарлары мен дайындық барысы туралы сұрап көріп едік. Олай болса, назарларыңызға ұсынамыз.

– Ең алдымен, ерекше жетістігіңізбен құттықтаймыз! SAT ерекшелігі туралы айтып өтсеңіз…
– SAT – шетелдегі беделді жоғары оқу орындарына түсу кезінде талап етілетін халықаралық стандартталған емтихан. Оған 2 сағат 15 минут уақыт беріледі. Осы аралықта 98 сұраққа жауап беруің керек. Оның 54-і ағылшын тіліне қатысты. Яғни, оқу және жазу сауаттылығың тексеріледі. Ал, қалған 44 сұрақ математика пәнінен. Барлық тапсырма ағылшын тілінде.
Мен емтихан барысында барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, ең жоғары – 1600 балл жинадым. Биыл облыс көлемінде бұл нәтижеге қол жеткізген жалғыз оқушы болдым. Былтыр бізден бір сынып жоғары оқыған Кәрім Мұхаділ 1590 балл жинаған еді. Айта кетейін, Билл Гейтс те SAT емтиханынан 1590 балл, ал, Марк Цукерберг 1600 балл алған деген деректер бар. Сондықтан, өзімді «Әлемдік рекорд орнаттым» деп айта алмаймын. Дұрысы, бұрынғы жоғары нәтижені қайталадым деген жөн болар.
– Емтихан нәтижесін естіген сәттегі шынайы эмоцияңыз түсірілген видео әлеуметтік желіде кең тарап кетті…
– Шынымды айтсам, өзім де мұндай нәтиже күтпедім. Емтиханды аяқтаған соң сол сәтті естелік ретінде бейнежазбаға түсіріп алғым келген. Нәтижені көрген кезімде қуанғанымнан не істерімді білмей қалдым. Қазір сол бейнежазбаны қайта қарап, өзіме күліп қоямын.
Жалпы, Назарбаев Зияткерлік мектебіне өз білімім мен күшімнің арқасында түскенмін. Кейін Master Education оқу орталығының NIS Alumni бағдарламасы аясында тегін дайындалуға грант жеңіп алдым. SAT емтиханынан жоғары нәтиже көрсетуіме осы орталықтағы дайындықтың ықпалы зор болды. Ең жоғары балл жинағаным үшін осы оқу орталығы маған соңғы үлгідегі iPhone сыйлады.
– Қолыңызда сертификат бар. Ендігі мақсат қандай? Қай елдің жоғары оқу орнына түскіңіз келеді?
– Ағылшын тілімнің деңгейі – C1. Болашақта қаржы және экономика саласының маманы болғым келеді. Қазір АҚШ, Гонконг және Қытайдағы жетекші университеттерге түсу мүмкіндіктерін қарастырып жүрмін. Тіпті, Гонконг университетіне қажетті құжаттардың бір бөлігін тапсырып қойдым. Қабылдау нәтижесі қаңтар айында белгілі болады деп күтіп отырмын.
Алдағы уақытта шетелде білімімді жетілдіріп, тәжірибе жинақтағым келеді. Біраз уақыт сол жақта жұмыс істеп, кәсіби тұрғыдан қалыптасу – қазіргі басты мақсатым. Содан соң туған еліме оралып, алған білімім мен жинаған тәжірибемді Қазақстанның дамуына жұмсауды ойлап отырмын.
– Бүгінгі жастардың өмірінде телефон мен әлеуметтік желінің орны ерекше. Сіздіңше, бұл құбылыс жастардың білімге деген қызығушылығына қалай әсер етеді?
– Меніңше, бұл – заманның талабы. Қазір технологиясыз өмірді елестету қиын. Дегенмен, әлеуметтік желі мен телефонды тиімді пайдалана білу маңызды. Өйткені, оларды шектен тыс қолдану жастардың кітап оқуға, білім іздеуге деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. «Кітап – білім бұлағы» деген сөздің мәні ешқашан жойылмайды. Сондықтан, цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланумен қатар, кітап оқуды да ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Мен өз басым дайындық жұмыстарына кемі екі сағатымды арнаймын. Менде де әлеуметтік желі бар. Бірақ, оны дұрыс пайдаланамын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Алдағы білім жолыңа сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.



