Қарағандыда қоғамдық көлік бақылауы күшейтіледі
Қарағанды қаласында қоғамдық көлік жұмысын бірыңғай жүйе арқылы басқару жобасы қолға алынды. Жаңа тетік әр автобустың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға, қозғалыс кестесінің сақталуын қадағалауға және қажет болған жағдайда желіге қосымша көліктерді жедел шығаруға мүмкіндік береді.

Бүгінде қалалық бағыттарға алты автобус паркі қызмет көрсетеді. Олардың жұмысын бір орталыққа біріктіру үшін барлық қоғамдық көлікті арнайы трекерлермен жабдықтау жоспарланған. Қазіргі таңда мұндай құрылғылар 170 автобусқа орнатылды.

Бірыңғай диспетчерлік жүйе күні бойы көлік қозғалысын үздіксіз бақылауға жағдай жасайды. Диспетчер әр бағытта нақты қанша автобус жүргенін, олардың кестеден ауытқымауын және қозғалыс аралықтарының сақталуын қадағалай алады. Мәселен, кесте бойынша белгілі бір бағытта жеті автобус жүруі тиіс болса, жүйе олардың толықтай желіге шыққан-шықпағанын бірден көрсетеді.
Жобаның келесі кезеңінде автобустарға кері байланыс орнату мүмкіндігі бар планшеттер қойылады. Бұл құрылғылар арқылы жүргізушілер өздерінің қозғалыс кестесін бақылап, белгіленген уақыттан қаншалықты озып немесе кешігіп келе жатқанын көре алады. Сонымен қатар диспетчерден түсетін шұғыл хабарламаларды жедел қабылдайды.
Жаңа жүйе жолдағы күтпеген жағдайларға да жылдам әрекет етуге септігін тигізеді. Мәселен, автобус бұзылып, бағыттан шығып қалса, диспетчер өзге жүргізушілерге аялдамаларда жолаушылардың жиналып қалуы мүмкін екенін алдын ала ескертеді, ал қажеттілік туындаса, желіге қосымша көлік шығарылады. Бұдан бөлек, жүргізушілер жолдардың жабылуы мен қозғалыстағы өзгерістер туралы ақпаратты уақытылы алып отырады.
Жобаны Цифрлық технологиялар басқармасы, облыстық және қалалық әкімдіктер бірлесіп жүзеге асыруда. Бұл бастама қоғамдық көлік қызметінің тұрақтылығын арттырып, жолаушылар үшін сапарды барынша қолайлы әрі болжамды етуге бағытталған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



