«Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен өзге де тұлғаларды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Комитеттің 25 қарашадағы мәліметінше, күдіктілер «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі (Пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
ҰҚК Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, ұстау туралы ресми ақпарат тарамай тұрып, атом компаниясының ресми сайтында басшылық құрамдағы өзгерістер жөнінде хабарлама жарияланған болатын.
– Директорлар кеңесінің 2026 жылғы 24 қарашадағы шешімімен «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшелері — коммерция жөніндегі бас директор Владислав Ерханұлы Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Алтынбекұлы Омарбековтің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды, — делінген компания хабарламасында.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



