Құрылыс – өңір дамуының айғағы
Бүгінгі Қарағандының келбеті жыл өткен сайын жаңарып, қаланың аумағы кеңейіп келеді. Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс пен Көгілдір тоғандар арасындағы аумақта құрылыс қарқыны ерекше. Осыдан 10 жыл бұрын ғана бос жатқан бұл алқапта бүгінде көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, қаланың жаңа шағын ауданы қалыптасып келеді.

Қазірдің өзінде мұнда 26 көпқабатты тұрғын үй салынған. Алдағы уақытта 7 мыңнан астам пәтерді қамтитын 55 тұрғын үй кешенін тұрғызу жоспарланып отыр. Жаңа шағын ауданның дамуы тұрғын үй құрылысымен ғана шектелмейді. Мұнда мектептер, балабақшалар мен аурухана кешені де салынбақ. Сонымен қатар, Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын ұзындығы 6 шақырымға жуық жаңа магистраль салу көзделген.
Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды облысында 8 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның 1,5 миллион шаршы метрі соңғы үш жылда салынған. Бұл өңірдегі құрылыс қарқынының артып, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында өңірде 40 емхана мен 15 аурухана пайдалануға берілсе, соңғы екі жылда 13 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылды. Бұған қоса, ауылдық елді мекендерде 90-нан астам медициналық нысан бой көтерді.

Қазір өңірде әлеуметтік маңызы бар ірі жобалар да жүзеге асырылуда. Соның бірі – қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогы. Бүгінде нысанның құрылыс және жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, өңірде жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып, медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы келер жылды «Жалпы халықтық ауқымда құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама елдегі тұрғын үй құрылысын жандандырып қана қоймай, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамытуға серпін бермек.
Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген нысандар Қарағанды облысының бүгінгі келбетін қалыптастырса, қазір қолға алынған ірі жобалар оның ертеңгі даму бағытын айқындайды. Демек, әрбір жаңа тұрғын үй, мектеп, аурухана мен жол – ел болашағына салынған инвестиция.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



