Интернеттің игілігі баршаға ортақ
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» интернет бүгінде күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, шалғай елдімекендер үшін сапалы байланыс – ақпарат алудың ғана емес, білімге, медициналық кеңеске және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің маңызды құралы. Дегенмен, ауыл мен қала арасындағы цифрлық мүмкіндіктердің айырмашылығы әлі де сезіледі. Осы алшақтықты азайтуға бағытталған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының өңірде жүзеге асырылу барысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында қаралды.

Жиында облыстың цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.
– Ұлттық жоба аясында облыстың 133 ауылдық елдімекеніне жалпы ұзындығы 2500 шақырымнан асатын талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту көзделген. Бұл ауылдық жерлерде тұратын 39 мыңға жуық адамның интернетке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Жұмыстар биыл және келесі жылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді Константин Ильницкий.
Ауқымды жобаның бас мердігері болып «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы белгіленген. Ал, құрылыс-монтаж жұмыстарын Silk Net Road компаниясы атқаруда. Қазір облыс аумағында бес монтаждау бригадасы қатар жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін жеті ауданның 55 елдімекенінде құрылыс басталған. Атап айтқанда, Шет ауданында – 18, Қарқаралыда – 14, Абай ауданында – 8, Ақтоғай мен Нұрада – 6 ауылдан, Осакаров ауданында – 2, Бұқар жырау ауданында бір елдімекен қамтылған.
Желіні жүргізу бірнеше технологиялық кезеңнен тұрады. Бүгінде 19 ауылда кабель тартуға арналған микротүтіктер төселіп, тағы 20 елдімекенде осы жұмыстар жалғасуда. Он бес ауылда талшықты-оптикалық кабельді арнайы түтік арқылы өткізу жұмыстары жүргізілсе, Шұбаркөлде желі тарту аяқталып, оны жалғау құрылғылары орнатылып жатыр. Бекітілген кестеге сәйкес, биыл 79 елдімекенді, ал, келер жылы қалған 54 ауылды интернет желісіне қосу жоспарланған.
– Ұлттық жобаның келесі бағыты – мобильді байланыстың қамту аясын кеңейту. Осы мақсатта өңірде 14 антенна-мачталық құрылыс орнату көзделген. Жаңа нысандар арқылы шамамен 15 мың тұрғынды байланыспен қамту жоспарланып отыр. Жобаның бас мердігері – «Транстелеком» акционерлік қоғамы. Бүгінде Бұқар жырау ауданындағы Ақтөбе және Белағаш елдімекендерінде екі нысанның құрылысы аяқталды. Тағы сегіз нысанда жұмыс басталып, төртеуінің құрылысы алдағы кезеңге белгіленген. Жоспар бойынша барлық 14 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс, – деді басқарма басшысы.
Әзірге жаңадан салынатын байланыс нысандары Beeline операторының желісін қамтамасыз етуге бейімделген. Ал, келесі жылы Tele2 және Kcell операторларын да тарту жоспарланған.
Жобадағы тағы бір маңызды міндет – «соңғы шақырым» инфрақұрылымын дамыту. Яғни, интернет магистральдық желісін елдімекенге жеткізумен шектелмей, оны тұтынушыларға дейін таратуға жағдай жасау. Бұл бағыттағы субсидиялау тетігі арқылы облыстың 43 ауылын қамту көзделіп отыр. Қазір соның тоғызында монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Олардың алтауы Қарқаралы ауданындағы Аппаз, Бақты, Бүркітті, Жарлы, Қарабұлақ және Қаракөл ауылдары болса, үшеуі Нұра ауданындағы Ахмет, К.Мыңбаев және Көбетей елдімекендері. Тағы 18 ауылда тиісті жұмыстар келесі жылға жоспарланған.
Ал, тұрғындары аз әрі шалғай орналасқан елдімекендер үшін спутниктік технологиялардың мүмкіндігі пайдаланылуда. Қазіргі таңда облыстың 56 шағын ауылында осы тәсіл арқылы интернетке қосылу ұйымдастырылған. Оның ішінде KazSat-3 және OneWeb спутниктік байланыс жүйелері қолданылып отыр. Сонымен қатар, өңірдегі 105 мемлекеттік мекеме спутниктік интернетпен қамтамасыз етілген.
Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне қала және аудан әкімдерінің де тікелей жауапты екенін атап өтті.
– Халықты сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету мәселесі әрбір әкімге тікелей қатысты. Сондықтан, жұмыстарды белсенді түрде атқарыңыздар. Өз өңірлеріңізде байланыс инфрақұрылымын дамытумен, ұялы байланыс бағанасы құрылыстарды салу және жер учаскелері жөніндегі мәселелерді жедел шешіп, инвесторларды тартыңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, аймақ басшысы цифрлық технологиялар басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, ұлттық жоба аясындағы жұмыстардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



