Спорт

Ұлттық ұлан жауынгері топ жарды

Кипрдің Лимасол қаласында самбодан ардагерлер арасында өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүниежүзілік додаға 18 мемлекеттен 400-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтаған. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын қорғаған Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Ержан Қоңыров топ жарып, әлем чемпионы атанды.

Суреттер жеңімпаздың жеке мұрағатынан

Аталған чемпионатта ел намысын бес спортшы қорғаған. Солардың арасынан Ержан Қоңыровтың мерейі үстем болып, алтын жүлдені қанжығасына байлады. Жерлесіміз 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үш белдесуінің барлығында жеңіске жеткен.

Алғашқы кездесуінде болгариялық балуаннан басым түссе, жартылай финалда отандасымен белдескен. Ал, шешуші сында ресейлік спортшымен күш сынасып, ұпай айырмашылығымен жеңіске жетеді.

– Қарсыластарымның осалы болған жоқ. Әрқайсысының өзіндік күрес техникасы мен әдіс-тәсілі бар. Сондықтан, әр кездесуім оңайға соқпады. Бұл чемпионатқа тыңғылықты дайындалдым. Әсіресе, физикалық дайындыққа, төзімділікке және күрес техникасына ерекше көңіл бөлдім. Мұндай деңгейдегі жарыста тәжірибе мен психологиялық дайындықтың да маңызы зор. Қазақстанның көк туын халықаралық аренада желбірету – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Ұлттық ұланның әскери қызметшісі ретінде еліміздің абыройын асқақтату мен үшін айрықша маңызды. Бұл жеңіс – табанды еңбек пен үздіксіз дайындықтың нәтижесі, – деді әлем чемпионы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button