Бас тақырыпЖаңалықтар

Түнгі ойлардың тамшысындай

Бернард Шоу «Адамдарға шындықты айтқың келсе, алдымен оларды күлдіре біл. Әйтпесе, олар сені өлтіреді», – дейді. Марк Твен болса: «Адамзаттың қолындағы ең пәрменді қару – күлкі», – дейді. Ал әйгілі Чарлин Чаплиннен «Күлкілі нәрсе жасау – өте маңызды жұмыс. Ол терең зерттеуді, мұқият бақылауды қажет етеді. Адамдарды не күлдіретінін және неліктен күлдіретінін білу керек», – деген сөз қалған. Қарағандыда өзінің оқырманы қалыптасқан, шығармалары алыс-жақынға жетіп, белгілі бір деңгейде танылған, мойындалған санаулы ғана сатирик бар. Солардың бірі де бірегейі – Әдебиет Белгібайұлы. Оның жақында «Түнделік» деп аталған әзіл-ысқақ әңгімелерінің жинағы жарық көрді.

«Күнделік жазып қарық қылмаған пақырыңыз, «Түнделік» жазбақшы. Қабыл алыңыз. 18 260-түннен бастадым. 50˟365=18 250 екен, дә… Айтпақшы, 50 деген келген жасым, 365 деген бір жыл ғой. Он күн асырып бастап кеттік. «Түнде не болушы еді?» десеңіз, қателесесіз. 21+тан басқа түс көруге де, түнде өмір де болады екен… Ал бастаймыз!» деп басталады кітап.

Жалпы, автордың кітабын оқып отырып, оның еркіндігіне сүйсінесіз. Айналасында болып жатқан түрлі жағдайларға төбесінен күле қарап тұрғандай әсер қалдырады. Күнделікті, бір ортада немесе екеуара айтылған қарапайым әңгімелерді Әдебиет Белгібайұлы басқаша еститіндей. Сол әңгіме арқылы айтушының қоғамға деген көзқарасын, ішкі эгосын, мінезін аңдайсыз.

Жалпы, автор Сізді күлдіремін деп тыраштанбайды. Өзінің белгілі бір оқиғаға, жағдайға деген ойын сол қалпында түсіретіндей. Ойының кітапқа түскен көшірмесі іштей күлкі тудырады. Ал, ішкі күлкі сыртқы күлкіден әлдеқайда әсерлі. Автордың санағы бойынша 18 266-түні жазған шығармасына қараңызшы.

«2023 жыл екен. Яғни, биыл, ауылда жүрміз. Төрт мектеп бар. Әр мектепте бес жүз бала оқиды. Мұғалімді құдайдай сыйлайды. Арасында мен де бармын. «Құрметті ұстаздар, айлығымыз екі миллион. Күзде мектепке оралғанда тағы бес жүз мың қосылады», – деп директор сайрап тұр… Ауыл әкімі де мәз ғой: «Бүгін бізде үлкен той. Ауылымыз аудан орталығы болады», – дегенді қуана жеткізді. Киіз үйлер тігілген, арасында жастар атқа мініп, табақпен ет тартып жүр. Оянып кетпесім бар ма? 50-60 үйі қалған, кезінде бір сыныпта (а, б және орыс класы деп бөлінетін) 50-60 бала оқыған қайран ауылым есіме түсіп… Ұйықтай алсамшы. Ұялымды қосып қойып, ауылдың 90 жылдыққа арналған үлкен жиын тойдың бейнебаяның қарай бастадым…».

Шағын ғана шығармасында бүгінгі қоғамдағы мұғалімдер мәселесі мен ауыл трагедиясы қамтылған. Мұнда ащы мысқыл да, кіжініс те бар. «Мұғалімді құдайдай сыйлайтын» деген сөйлемге келгенде, ауыр ойға батасыз. Автор түс пен өңді қатар қою арқылы кешегі мен бүгінгіні салыстырады. Өзінің өткенін аңсау элементтері де менмұндалайды.

– Әлеуметтік желідегі парақшамда бөлісіп отырған қысқа әзіл-ысқақ жазбаларым мен сатиралық әңгімелерімді бір топтап алдым. Осы кітаптың шығуына қолдау көрсеткен Құрылтай депутаты Нұрлан Дулатбековке және «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Ұлан Әбдіхановқа мың алғыс! – деді Әдебиет Белгібайұлы.

Кітап 300 дана болып басылып шықты.

Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button