Азаматтық белсенділік – өзгерістің қозғаушы күші
Қоғамдағы өзгерістің шынайы нәтижесі азаматтардың оған қаншалықты араласатынымен өлшенеді. Ел дамуының жаңа кезеңінде халықтың үнін есту, жергілікті бастамаларды қолдау және маңызды шешімдерді көпшілікпен талқылау айрықша мәнге ие. Реформаның табысты болуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына емес, қоғамның ортақ жауапкершілігіне де байланысты.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында реформаларды жүзеге асыруда қоғамның ортақ қатысуы маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте азаматтық белсенділікті арттыру, қоғамдық диалогты дамыту және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі саналады. Азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруда қоғамдық кеңестердің орны ерекше. Олар мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға және мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Азаматтық белсенділік қоғамдық кеңестердің жұмысымен ғана шектелмейді. Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар да әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың осал топтарын қолдауға және жергілікті бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып келеді.
Қарағанды облысы әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2026 жылы өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға шамамен 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық.
Азаматтық белсенділіктің тағы бір маңызды бағыты – жергілікті бастамаларға қатысу. Тұрғындардың өз ауласын абаттандыруға, қоршаған ортаны қорғауға, әлеуметтік мәселелерді көтеруге және қоғамдық талқылауларға араласуы туған өлкенің дамуына тікелей ықпал етеді. Мәселен, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы қоршаған ортаны қорғау ғана емес, қоғамды ортақ іске жұмылдыратын азаматтық бастамаға айналып келеді. Мұндай жұмыстарға тұрғындармен қатар қоғамдық ұйымдар, жастар бірлестіктері мен еріктілер де атсалысады.
Қоғамдық бірлік дегеніміз – мақсатқа жету жолында нақты әрекет ету. Әр азаматтың ұсынысы, пікірі мен бастамасы ескерілгенде ғана қоғам мен билік арасындағы сенім нығаяды. Түптеп келгенде, реформалардың нәтижелі жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның өзара түсіністігіне байланысты. Өзгерісті сырттан күтпей, оған әркім өз деңгейінде үлес қосқанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткізуге болады. Азаматтық белсенділік – ел дамуының қозғаушы күші, ал қоғамдық келісім мен бірлік – сол өзгерістің берік негізі.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
“Ortalyq Qazaqstan”



