ЖаңалықтарРесми

Қазақстанда күштік құрылымдар арасында әскери дрондар турнирі өтті

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» далалық оқу орталығында мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен «MILITARY DRONE CHALLENGE» турнирі ұйымдастырылды. Жалпы саны 15 команда қатысқан жарыста қатысушылар дрондарды басқару және оларға қарсы іс-қимыл жасау машықтары бойынша өзара мықтыны анықтады.

Cуреттер ұйымдастырушылардан

Турнирді Мемлекеттік күзет қызметі «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен ұйымдастырды. Аталған қор Қазақстанда осы бағыттағы жарыстарды өткізетін уәкілетті ұйым болып саналады.

Сайыс барысында қатысушылар шынайы жағдайларға барынша жақындатылған ортада арнайы тапсырмаларды орындады. Негізгі мақсат – пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдану дағдыларын жетілдіру, оларға қарсы іс-қимыл тәсілдерін меңгеру және күштік құрылымдардың техникалық мүмкіндіктерін арттыру.

Турнир бағдарламасы төрт кезеңнен тұрды. Алғашқысы – «Шабуыл» жаттығуы. Мұнда ұшақ үлгісіндегі және мультироторлы дрон операторлары нысандарға, соның ішінде ғимарат ішіне әуеден барлау жүргізді. Ал шабуылдаушы топ алынған мәліметтерге сүйеніп, кепілге алынған адамды босату операциясын орындады.

Екінші кезеңде командалар «Барлау – қону – жүк тастау» тапсырмасы бойынша сынға түсті. Қатысушылар әуеден барлау жүргізіп, FPV-дронды қозғалыстағы тіркемеге қондыруы және оқу жүгін белгіленген нысанаға дәл жеткізуі керек болды.

«Ашық аспан» кезеңінде командалар штаттық антидрондық кешендердің көмегімен ұшу аппараттарын анықтап, олардың жұмысын тоқтатты. Бұдан кейін FPV-дрондарды тегіс ұңғылы атыс қаруымен жою тапсырмасы орындалды.

Ал «Командалық эстафета» кезеңінде жылу камерасымен жабдықталған мультироторлы дрон арқылы ғимарат ішінен шартты қарсыласты іздеу міндеті қойылды. Одан кейін FPV-дрон операторлары шектеулі көріну жағдайында анықталған нысаналарды жоюға тиіс болды.Шабуылдау тапсырмаларын орындау кезінде қатысушылар страйкбол қаруын пайдаланды.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің командасы жеңіп алды. Екінші орын ҚР Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасына бұйырса, үшінші орынға ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының командасы жайғасты.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button