ЖаңалықтарБас тақырып

Жасыл желек, жайлы жол

Қаланың ажарын ашатын – көше бойындағы саялы ағаш, ел мен елдің арасын жақындататын – тақтайдай тегіс жол. Кейінгі жылдары өндірісті өлкеде осы екі бағытта бірқатар ауқымды жоба қолға алынып, ел игілігіне бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Өңірді жасыл желекпен көмкеру, орман қорын молайту және жол инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында кеңінен таразыланды. Басқосуда биылғы жұмыс қорытындылары сараланып, алдағы межелер нақтыланды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Көшет көбейіп, көгал молайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өңірде көгалдандыру, орман алқаптарын кеңейту және қоршаған ортаны қорғау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 2021-2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес биылғы меже артығымен орындалған.

Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Тазабековтің мәліметінше, көктемде Қу және Қарағанды орман шаруашылықтары аумағындағы 559,6 гектар жерге 1,7 миллион қылқан жапырақты ағаш көшеті егілген. Күзде Ақтоғай орман шаруашылығының 63 гектар алқабына тағы 210 мың үйеңкі көшеті егілді. Бұған қоса, бұрын қалыптасқан орман алқаптарының сиреген тұстарын толықтыру мақсатында 565 мың көшет отырғызылған.

– Биыл орман қорын молайтуға бағытталған жұмыстардың жоспарлы көрсеткіштері артығымен орындалды. Жоспар бойынша 602,6 гектарға 2,3 миллион көшет егу көзделсе, іс жүзінде 622,6 гектар аумақта 2,5 миллионға жуық көшет егілді. Алдағы уақытта да орман қорын қалпына келтіру және сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасады, – деді Әсет Нұрмұханұлы.

Бұл бағыттағы тағы бір маңызды міндет – көшет қорын қалыптастыру. Қазір облыста жалпы аумағы 41 гектарды құрайтын орман тұқымбағы жұмыс істейді. Оның жобалық қуаты жылына 1,3 миллион көшет өсіруге есептелгенімен, биыл 2,8 миллион көшет өсірілген. Сондай-ақ, жылына 1 миллион көшет дайындауға мүмкіндік беретін, жабық тамыр жүйесімен өсірілетін көшеттерге арналған жылыжай кешенінің құрылысы басталған. Келер жылы 649,3 гектар аумаққа 2,5 миллион көшет егу жоспарланып отыр.

Орман қорын молайтумен қатар, елдімекендерді көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары да қарқын алған. Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, биыл өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында он сенбілік ұйымдастырылған. Оның екеуі республикалық, сегізі облыстық деңгейде өтті.

– Биыл елдімекендер аумағына 30 мың тал-дарақ егу жоспарланған-тын. Жыл соңында 34 мың ағаш егіліп, белгіленген меже төрт мыңға асыра орындалды. Былтыр да 54 мың жасыл желек егу көзделіп, іс жүзінде 60 мыңға жеткен еді. Сонымен қатар, облыстың цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, жасанды интеллект мүмкіндігі енгізілген GreenMap қосымшасы арқылы 1,2 миллионнан астам жасыл желек цифрлық есепке алынды, – деді Тілектес Темірбекұлы.

Алдағы жылы облыстың қалалары мен аудандарында тағы 31 мың тал-дарақ егу жоспарланған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жауапты басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне ағаштарды уақытылы суарып, агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптауды, олардың сақталуына тұрақты бақылау жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, келесі көгалдандыру маусымына қажетті көшет қоры мен жер учаскелерін алдын ала дайындау қажеттігін ескертті.

Жол азабы азаяды

Аппарат жиынының күн тәртібіндегі келесі мәселе – биылғы жол-құрылыс маусымының қорытындысы. Өңірде биыл жалпы, ұзындығы 643 шақырым автомобиль жолы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның 340 шақырымы республикалық, 90 шақырымы облыстық маңызы бар жолдарға тиесілі. Қалған 213 шақырым қала және аудан жолдарын қамтиды.

Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов өңірдегі маңызды жол жобаларының орындалу барысына тоқталды. Атап айтқанда, ұзындығы 19 шақырымдық «Саран-Шахтинск» автомобиль жолын күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Жолдың барлық бөлігіне асфальт төселген. Қазір жолды жабдықтау және Шерубай-Нұра өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

– Биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 13 учаскесінде жалпы ұзындығы 84 шақырымға орташа жөндеу жүргізу жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде 26 шақырымдық «Қарағанды-Шахтинск» жолында, Ленин атындағы және «Қазақстан» шахталарына апаратын кіреберіс жолдарда жөндеу аяқталды. «Шахан-Жаңаталап» бағытында да негізгі жұмыстар орындалды. Дегенмен, жекелеген нысандарда жұмыс кестесінен кешігу бар. Мәселен, «Саран-Шахтинск» жобасын толық аяқтау үшін қосымша 143,7 миллион теңге қажет, – деді Мақсұт Жолдыбайұлы.

Шет ауданындағы «Сәкен Сейфуллин-Ақсу-Аюлы» жолының Тұмсық пен Құттыбай ауылдары арасындағы бөлігі де жөндеуден өткен. Ал, келесі учаскедегі жұмыстарды келер жылы жалғастыру көзделген. Нұра, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында да жол жөндеу жобалары жүзеге асырылуда.

Жол сапасын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыстық маңызы бар жолдардың орташа жөндеу жұмыстарына берілетін кепілдік мерзімі бес жылға дейін ұзартылмақ. Сонымен қатар, ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтілген. «Қарағанды-Шахтинск» жолына автоматты салмақ өлшеу жүйесі орнатылған. Жыл басынан бері бақылау жүйелері арқылы 169 заңбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 57 миллион теңге айыппұл салынған.

Қаланың өзінде де жол инфрақұрылымын жаңарту жалғасуда. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзиннің мәліметінше, шаһардағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 923 шақырымды құрайды. Биылғы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қалыпты жағдайдағы жолдардың үлесі 85 пайыздан 88 пайызға артқан. Бес құрылыс және қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мұқанов көшесінің 2,9 шақырымына асфальт төселіп, тағы 4,78 шақырымда жол негізі дайындалған. Бөкетов, Приканальная және Университетская көшелеріндегі жұмыстар да жалғасуда. Ал, орташа жөндеу бойынша жоспарланған 85 шақырымның 39 шақырымы жөнделді.

Республикалық маңызы бар жолдарда да ірі жобалар жүзеге асырылуда. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің мәліметінше, «Қарағанды-Жезқазған» бағытындағы 122 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары басталған.

– Қазір бұл учаскеде топырақ қабатын алу, жол негізін дайындау және қажетті материалдар өндіретін карьерлерді игеру жұмыстары жүргізілуде. Нысанға 216 маман мен 155 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, республикалық жолдардың тоғыз учаскесінде жалпы, 280 шақырымға орташа жөндеу қарастырылған. Бір учаске пайдалануға берілді, тағы үшеуін жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Төрт учаскедегі жұмыстар келесі жылы жалғасады, – деді Думан Болатұлы.

Сондай-ақ, республикалық жолдардағы теміржол үстінен өтетін жолөтпе мен Шат өзеніндегі көпірді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі нысанның құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев алдағы қысқы маусымға дайындық мәселесіне баса назар аударды.

– Алдымызда қытымыр қысқы кезең тұр. Осыған байланысты барлық жол учаскелерінде көлік қозғалысының тұрақты әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етуіміз қажет. Жолдарды күтіп-ұстау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстап, қар тазалау техникасының дайындығын қамтамасыз ету, ауа райы күрт өзгерген жағдайда жедел әрекет ету маңызды. Қала және аудан әкімдері, барлық жауапты ұйымдар бұл мәселеге айрықша назар аударуы керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жауапты мекемелерге тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастыруды, жолдарды қардан уақытылы тазалауды, қауіпті учаскелерде қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауды міндеттеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button