Құсбегілер олжалы оралды
Абай облысында Көкбай Жанатайұлының 165 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Абай Салбұрыны – 2026» республикалық құсбегілер турнирі мәресіне жетті. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 70-тен астам құсбегі қатысып, өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеде Қарағанды облысының намысын қорғаған «Сарыарқа құсбегілері» федерациясының алты өкілі бір күміс және екі қола жүлдені еншіледі.

Чемпионат бүркіт, ителгі және қаршыға санаты бойынша өтті. Үш бағытта да құстардың қырағылығы, шапшаңдығы мен бапталу деңгейі сыналған. Бүркіт бәсекесіне құсбегілер 48 қыран қосып, төрт кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде бүркіттер 500 метр қашықтықтан қолға шақырылса, екінші кезеңде 200 метрден шырғаға салынды. Үшінші кезеңде қоянға, соңғысында қарсаққа түсті. Осы санатта Қарағанды облысының атынан сынға түскен Нұрғазы Қазбектің «Ақбалақ» атты бүркіті жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Қаршыға сайысында 21 құс тіркелген. Қатысушылар алдымен қаршығаларын 300 метр қашықтықтан қолға шақыртып, кейін кептер мен қоянға салды. Нәтижесінде, жерлесіміз Серік Кариповтің «Кербез» атты қаршығасы қола жүлдені жеңіп алды.

Ал, ителгі бәсекесіне 16 құс иесінен өтінім түскен. Бұл санатта да жарыс үш кезеңнен тұрды. Алдымен ителгілер қолға шақырылып, кейін далбайға және қоянға салынды. Сайыс қорытындысы бойынша Темірәлі Төлегенұлының «Жұлдыз» атты ителгісі күміс жүлдеге қол жеткізді.
– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Ақбалақ» бүркітіміз өз санатында уақыт көрсеткіші бойынша қарсыластарынан сәл қалып қойды. Ал, «Жұлдыз» бен «Кербезге» жинаған ұпайлары жеткіліксіз болды. Дегенмен, өңір намысын қорғаған құсбегілеріміз жақсы өнер көрсетіп, лайықты нәтиже көрсетті, – деді «Сарыарқа құсбегілері» федерациясының жетекшісі Темірәлі Төлегенұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



