Өлкенің өрісін кеңейткендер
Таңның атысы мен күннің батысына дейін дала төсінде тыным таппайтын шаруалардың еселі еңбегі ел ырысын еселеп келеді. Абай ауданына қарасты Ақбастау ауылдық округіндегі төрт шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі көпке үлгі боларлық. Әр қожалықтың бағыты сан түрлі болғанымен, мақсаты бір – туған жерді түлетіп, халықты таза әрі сапалы өніммен қамту.

Ауылдың мал шаруашылығын өркендетуде Қанат Баедилов жетекшілік ететін «Шопан ата» қожалығының орны бөлек. Мұнда биылғы есеп бойынша атақты еділбай тұқымды 2 114 қой мен 101 жылқы бағылуда. Төрт түліктің күйлі болуы өріс пен қыстық азыққа тікелей байланысты екенін жақсы түсінетін шаруашылық иелігіндегі 957 гектар жердің 837 гектарын жайылымға, ал 62 гектарын шабындыққа тиімді пайдаланып отыр. Жазғы жайылымның жөні бір бөлек, ал қыс қаһарына мінбей тұрып шөп қорын сайлап алу – нағыз шаруаның ісі. Осы мақсатта қожалық лизинг арқылы үш МТЗ тракторын, бір және екі брусты шөп шапқыштар мен өзге де заманауи техникаларды сатып алып, күшін еселей түскен. Бұдан бөлек, шаруашылық ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласып, көмекке мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде қолұшын созып келеді.
Ал 2020 жылы іргесі қаланған «Союз» шаруа қожалығы егін мен мал шаруашылығын тең ұстап, қос саланың тізгінін қатар алып жүр. Алексей Сергеевич басқаратын бұл ұжым биыл 120 гектар алқапқа арпа, 40 гектарға сұлы және тағы 40 гектар жерге көпжылдық шөп еккен. Агротехникалық талаптарды сақтаудың арқасында дәнді дақылдардың әр гектарынан 10 центнерден өнім жиналды. Арпа мен сұлы – малдың қыстық жемі болса, көпжылдық шөптің пайдасы алдағы бірнеше маусым бойы үзілмейді. Техникалық паркін жаңартуды да ұмытпаған қожалық егіс пен мал күтіміне аса қажет тиегіш, трактор және басқа да ауыл шаруашылығы машиналарын лизингке рәсімдеген. Сонымен қатар, 2024 жылы етті бағыттағы герефорд тұқымды 63 ірі қара сатып алған «Союз» бүгінде мал басын 189 ірі қара мен 5 жылқыға жеткізіп отыр. Қожалықтың 1 026 гектар жерінің 891 гектары жайылымға тиесілі. Шаруашылық басшысы ауыл тұрғындарына демеушілік танытып, игі істердің басы-қасынан табылуды дағдыға айналдырған.
Түйіндей айтқанда, бұл шаруашылықтың әрқайсысы Ақбастаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосуда. Бірі мал азығын молайтса, бірі елді ет-сүтпен қамтып, қайырымдылық істерімен көпке үлгі болып жүр.
– Осындай іскер, бастамашыл және еңбекқор азаматтардың арқасында ауыл шаруашылығының дәстүрі сақталып, ауылдың одан әрі дамуына жағдай жасалуда. Туған жердің өркендеуі мен ауылдық округтің әл-ауқаты – ортақ еңбек пен бірліктің нәтижесі, – дейді Ақбастау ауылдық округінің әкімі Рымбек Тұяқбаев.
Расында да, қыстық шөбін мезгілінде жинап, техникасын сайлап, өсірген малын баптап отырған осындай еңбек адамдарының арқасында ауылдың түтіні түзу ұшып, елдің берекесі арта бермек.
Ержан ИМАШ
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы



