Жаңалықтар

Құтыдағы құтты қымыз

Қасиетті Қарқаралының қымызы қазір ел аузында. Биыл өткен аймақтық «Bai Qymyz» гастрофестивалінде-ақ бас жүлде алып, брендке айналып кеткен Ақтерек ауылының қымызы өндіріске өріс ашты. «Қарқаралы Ақтерек» брендінің авторы Бұрхан Жолтай бастаған кәсіпкерлер кезінде бір биемен басталған шағын шаруашылықтан қазір 30 бие сауылатын өндіріс ошағына айналды.

Сурет автордан

Бабадан мұра болған қасиетті қымызды дайындау ісін заманауи үлгіде жолға қою үшін кәсіпорынға 15 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалған.

– Бұған жиырма жылға жуық уақытымды арнадым. Біз маусымдық қана емес, жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін толық циклді кәсіпорын болуды мақсат етіп отырмыз. Ендігі арманымыз – жеке бренд аясында ғана қалмай, ірі өнеркәсіптік кооператив құру, жылқы санын көбейтіп, ауылдастарымызды жұмыспен қамту. Өкінішке қарай, елімізде қымыз өндірісіне қатысты нақты стандарттар мен заңнамалық база әлі де кемшін. Бұл олқылықтың орнын толтырып, салаға мемлекеттік субсидиялар бөлінуі үшін өз ұсынысымызды беріп жатырмыз. Басты мақсат – қазақтың қасиетті қымызын әлемдік брендке айналдыру, – дейді жоба иесі.

Өндіріс үдерісіндегі ең басты жаңалық – дәстүрлі ағаш күбілердің орнына қажетті температураны бірқалыпты ұстап тұратын, тотықпайтын арнайы металдан жасалған 400 литрлік үлкен бөшкенің орнатылуы. Цех жұмысы толықтай автоматтандырылған, яғни, алып сорғылар арқылы қымыз төменнен сорылып, жоғарыдан үздіксіз сапырылып тұрады.

Арнайы CIP аппараты өзін-өзі автоматты түрде жуып-шайатындықтан, бүкіл цехтың жұмысын дөңгелетуге бар-жоғы екі адам ғана қатысады. Дайын өнімді құю үдерісі де барынша оңтайландырылған: арнайы құрылғы қымызды бір уақытта 6 бөтелкеге құйып, сыртына жапсырмасы мен шығарылған күнін автоматты түрде басып шығарады. Ұлттық сусын 250, 330 және 500 мл заманауи пластик бөтелкелерге құйылып, қазіргі энергетикалық сусындар форматындағы тартымды қаптамамен дүкен сөрелеріне жол тартып жатыр. Қазіргі кезде цех күніне 100 литр қымыз өндіріп отырса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті тәулігіне 400 литрге дейін жеткізу жоспарланған.

Бренд иесі гастрофестивальде қымыздың төрт түрлі нұсқасын ұсынғаны ел есінде болса керек: «Хан қымыз», «Сұлтан қымыз», «Құлын қымыз» бен «Бесті қымыз». Әрқайсының дайындалу әдісі де, дәмдік ерекшелігі де бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, «Хан қымызға» ту биенің қазысы қосылады, бұл – дәмі қанық, нәрі мол, қуат беретін қымыз түрі. Ал «Сұлтан қымыз» қойдың құйрық майымен бапталады. «Құлын қымыз» күнделікті ішуге лайық, жеңіл әрі жұмсақ дәмімен ерекшеленсе, тобылғымен ысталып, қаймақпен бапталған қою қымызды да жұртшылық ерекше сүйсініп ішеді. Мұнда дәстүрлі ыстаудың орнына қаймақты ғана ыстап қосу технологиясы қолданылады, сондай-ақ, мүлдем ысталмаған таза түрлері де бар.

Осы орайда Бұрханның өмірлік серігі әрі кәсіптегі оң қолы Бекзада Батырбекова ұлттық сусынды баптаудың өзіндік сырымен бөлісіп, өндірістің қыр-сырына тоқталды. Оның айтуынша, өндіріс қанша жерден автоматтандырылғанымен, қымыздың бабы дәстүрді талап етеді.

– Қымыз баптау – үлкен жауапкершілік пен ерекше мейірімді қажет ететін өнер. Жаңа аппараттар жұмысымызды жеңілдеткенімен, сусынның дәмі мен қасиеті ең алдымен ашытқыға, әр сауынның ерекшелігіне байланысты. Біз қаймақты тобылғымен ыстаудың көне әдісін заманауи температуралық режіммен ұштастыра білдік, – дейді Бекзада.

Осынау қажырлы еңбектің, ерекше технологияның арқасында гастрофестиваль қорытындысында бас жүлде – 5 миллион теңге дәл осы жаңа цехты ашып отырған Ақтеректегі «Мұхамед-Әли» жеке кәсіпкерлігіне, яғни, Бұрханның жобасына бұйырған-ды.

Тамақ өнеркәсібіндегі ең басты талап – қауіпсіздік болғандықтан, кәсіпорында сапа мәселесі жіті бақылауға алынған. Биылдың өзінде өнім сапасы 4-5 рет тексеріліп, оның ішінде Президенттік зертханада үш мәрте сараптамадан өтіп, тазалығы мен сапасы толығымен расталды. Ветеринарлық қызмет әр айдың 20-сы күні тұрақты түрде тексеріс жүргізіп отырады. Аудандық ветеринарлық зертхананы кеңейтіп, бактериологиялық бағытты қайта іске қосу жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Шикізат қорын ұлғайтып, биелердің сүттілігін арттыру үшін Қарқаралыдағы 300 гектар суармалы жерге ақуызға бай жоңышқа егіліп, жергілікті шаруашылықтармен бірлескен жемшөп дайындау ісі бір жүйеге қойылған.

Дайын өнім қатаң логистикалық талаптарды сақтай отырып, Қарағанды, Астана және Қарқаралы қалаларындағы сауда нүктелеріне жөнелтіледі. Кәсіпорын өнімді келешекте Қырғызстан мен Ресейге экспорттауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, қымызды сублимациялау, яғни, арнайы технологиямен ұнтаққа айналдыру арқылы алыс шетелге шығарудың ауқымды жобасы да қарастырылған.

Әзірге мемлекет тарапынан қымыз өндірісіне берілетін субсидия көлемі аздық ететіндіктен, кәсіпорынға қосымша қаржылық қолдау ауадай қажет болып тұр.

Кәсіпкердің алдағы жоспарлары мұнымен шектелмейді. Келешекте саумал және қымызбен емдейтін заманауи шипажай салып, өңірдегі экотуризмді дамытуды көздеп отыр.

Өндіріс орнының тағы бір мақтанышы – олардың табиғи өнімдерінің «Cheese Open» ұлттық байқауында жүлделі екінші орынды қанжығалауы. Ата дәстүрді ардақтап, ұлттық сусынымызды әлемдік стандартпен өндіріп жатқан осындай еңбек адамдары барда, Сарыарқаның сары қымызы барша әлем танитын танымал брендке айналатынына сенім мол.

Мәтіннің сөз қолданысы мен мазмұны сақталды. Тек тасымалданған сөздер, артық бос орындар, тыныс белгілері және техникалық қателер реттелді.

Назар ӘЛІ
Қарқаралы ауданы
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button