Бас тақырыпЖаңалықтар

Өңірде тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Күздің соңғы айында Қарағанды мен Теміртау қаласына алғашқы қар түсті. Қысқы ауа райының басталуына байланысты коммуналдық қызметтер жедел әрекет етіп, көшелер мен тротуарларды қардан тазарту жұмыстарына кірісті. Қарағандының екі ауданында және Теміртау қаласында арнайы техника мен жұмысшылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Cуретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазыбек би ауданында қысқы маусымға 185 арнайы техника әзірленген. Қажет болған жағдайда қосымша 120 жалдамалы техника жұмылдырылады. Қазіргі уақытта жол тазалау жұмыстарына 150-ден астам жұмысшы тартылған. Алдағы уақытта олардың санын 200-220 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр.

– Қысқы маусымға 20 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы дайындалды. Мердігер ұйымдар екі ауысыммен жұмыс істейді. Күндізгі ауысым сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін, түнгі ауысым 19:00-ден 05:00-ге дейін жалғасады. Магистральдық жолдарды тазалау да екі ауысымда жүргізіледі, – деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал, Әлихан Бөкейхан ауданында коммуналдық қызметтер күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Түнгі уақытта көктайғақ жиі пайда болатын жол учаскелеріне арнайы қоспа себілді. Бұл жұмысқа 40 тонна көктайғаққа қарсы материал (КУБ) пайдаланылған.

Күндізгі ауысымда 58 арнайы техника мен 52 жол жұмысшысы іске кірісті. Олар аудан жолдарын күтіп ұстау және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Теміртау қаласы әкімдігінің мәліметінше, тазалық жұмыстарына 32 арнайы техника мен 81 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Олар жолдың жүргінші бөлігін және тротуарларды қардан тазалап, аялдама павильондарының, қоқыс жәшіктері мен су қабылдағыштардың жағдайын ретке келтіруде.

Сонымен қатар қоқыс, түскен жапырақтар, бұтақтар мен ірі көлемді қалдықтарды жинау және шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Коммуналдық қызметкерлер жол жиектеріне және жасыл аймақтарға да ерекше көңіл бөлуде.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button