Жаңалықтар

Мектеп құрылысы қажеттіліктен басталуы керек

Мектеп салу – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау, өңірдің демографиялық және әлеуметтік дамуын ескеру. Сондықтан, білім беру нысандарын жоспарлау кезінде оқушы санын, мектептердегі орын тапшылығын, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуын және халықтың көші-қон қозғалысын назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені, бүгінгі қажеттілікке сай салынған мектеп ертеңгі күннің де сұранысын өтеуге тиіс.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМОВ

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау міндеті айтылды. Мемлекет басшысы мұндай нысандардың қажеттілігін жан-жақты саралап, сапалы жобаларды жедел жүзеге асыру керектігін атап өтті. Бұл тапсырманың мәні де терең. Яғни, әлеуметтік нысан құрылысы тек сандық көрсеткішті арттыру үшін емес, халықтың нақты сұранысын өтеу үшін қолға алынуы керек. Әсіресе, мектеп салуда оқушы санының бүгінгі көрсеткішімен шектелмей, алдағы жылдардағы демографиялық өзгерістерді, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуын және көші-қон үдерістерін де ескерген жөн.

Бұл бағытта Қарағанды облысында да бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Жаңа тұрғын аудандардың бой көтеруі, елді мекендердің дамуы және мектеп жасындағы балалар санының өзгеруі білім беру инфрақұрылымына қойылатын талапты күшейтуде. Қарағанды облысы білім басқармасының мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында өңірдегі мектептерде 175 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 15 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, 11-сыныпқа 9 546 оқушы барған. Бұл көрсеткіштер мектеп инфрақұрылымын жоспарлау кезінде оқушы санының қозғалысын тұрақты назарда ұстау қажеттігін аңғартады.

Осы қажеттілікті өтеу мақсатында жаңа оқу жылы қарсаңында облыста төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның үшеуі Бұқар жырау ауданында орналасқан. Атап айтқанда, Үштөбе ауылында 300 орындық №2 жалпы білім беретін мектеп, Доскей ауылында 300 орындық №1 мектеп және Ғабиден Мұстафин кентіне қарасты Нұра станциясында 300 оқушыға арналған білім ордасы ашылды. Ал, Қарағанды қаласының жаңа шағынауданында 1 200 орындық №29 мектеп алғашқы оқушыларын қабылдады. Төрт білім ошағының жалпы сыйымдылығы 2 100 оқушы орнын құрайды. Жаңа мектептердің барлығы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.

Аталған ұлттық жоба өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға тың серпін берді. Жаңа мектептердің іске қосылуы оқушы орындарының тапшылығын азайтып қана қоймай, білім беру сапасына да оң ықпал етіп тұр. Мәселен, Қарағанды қаласында жаңа мектептер ашылғанға дейін оқушы орындарының тапшылығы 4 577-ні құраса, кейін бұл көрсеткіш 1 844 орынға дейін қысқарған. Яғни, тапшылық 1,8 есеге азайған. Ал, Балқаш қаласында үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешімін тапқан. Бұл жаңа мектеп құрылысының нақты қажеттілікке бағытталған жағдайда нәтижелі болатынын көрсетеді.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту тек жаңа мектептер салумен шектелмейді. Қолданыстағы нысандарды жаңғыртып, олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту да басты назарда болуы тиіс. Осы бағытта жаңа оқу жылына дайындық барысында облыстағы 217 білім беру нысаны жөндеумен қамтылды. Оның ішінде 18 мектеп пен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығында күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, 198 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Олардың қатарында 126 мектеп, 62 балабақша, төрт колледж, төрт қосымша білім беру ұйымы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдайтын екі орталық бар. Бұл жұмыстар білім беру мекемелерінің жағдайын жақсартып, оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Әрине, мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстарының нәтижесі тек пайдалануға берілген нысандар санымен өлшенбеуі керек. Ең маңыздысы – олардың орналасқан жері, сыйымдылығы және оқушы сұранысына сәйкестігі. Мектепті  – ұлт болашағы қалыптасатын орта дейміз. Сондықтан, оның құрылысы да жан-жақты есепке, нақты қажеттілікке және ұзақ мерзімді жоспарға негізделуі керек. Бүгін салынған білім ордасы ертеңгі күннің де сұранысына жауап беріп, әр баланың сапалы білім алуына мүмкіндік жасауы тиіс. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің түпкі мақсаты да осы.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button