Қарағандыда заманауи AI-кеңсе ашылды
Қарағанды қаласында Apple Store тұжырымдамасы негізінде әзірленген заманауи AI-кеңсе ашылды. Тұрғындарға мемлекеттік және сервистік қызметтерді бір кеңістікте алуға мүмкіндік беретін жаңа форматтағы орталық. Жоба өңірде цифрлық технологияларды дамытуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Жоба Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Атап айтқанда, бастама Үкімет отырысының 2026 жылғы 11 тамыздағы №28 хаттамасының 1.5-тармағына сәйкес іске асқан.

– Бүгін Қарағанды қаласында кезекті AI-кеңсенің ашылуына куә болып отырмыз. Жыл басынан бері Үкіметтің тапсырмасына сәйкес еліміздің бірқатар өңірінде осындай орталықтарды ашу жұмыстары жүргізіліп келеді. AI-кеңсе азаматтарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік береді. Мұнда жасанды интеллект негізіндегі GPT технологиясы енгізілген арнайы терминалдар орнатылған. Олар тұрғындарға қажетті қызметті таңдауға, оны алу жолдарын түсінуге және өтінім беруге көмектеседі. Орталық бірнеше аймаққа бөлінген. Бірінші аймақта тұрғындар құжаттарын өздері сканерлеп, арнайы компьютерлер арқылы мемлекеттік қызметтерді ала алады. Күрделі қызметтерге арналған бөлек аймақта бейнебайланыс арқылы құжаттарды жолдап, өтінім беруге жағдай жасалған, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

AI-кеңсенің дәстүрлі ХҚКО-лардан басты айырмашылығы – мұнда операциялық терезелер жоқ. Оның орнына кеңесші мамандар азаматтарға қызметті өз бетінше рәсімдеуге көмектесіп, қажетті бағыт-бағдар береді. Цифрлық қызметтерді пайдалануды білмейтін тұрғындарға арналған арнайы оқыту сыныбы да қарастырылған.

Онда азаматтар мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуды үйренеді. Кейін бұл дағдыларын үйде отырып-ақ компьютер немесе ұялы телефон арқылы қолдана алады.

Жаңа AI-кеңсе заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді халыққа жақындатуды көздейді. Мұнда азаматтарға қызмет көрсету үдерісі жаңа форматта ұйымдастырылып, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жағдай жасалған. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын күнделікті өмірге енгізуге, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі.

Жобаны іске асыруға Қарағанды облысының әкімдігі де қолдау көрсетті. Атап айтқанда, мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығынан жалпы аумағы 244 шаршы метр болатын ғимарат бөлініп, онда жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, кеңсені қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 15 моноблок сатып алынып, орнатылды.

AI-кеңсенің ашылуы өңірдегі цифрландыру үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Енді тұрғындар қажетті қызметтерді заманауи әрі жайлы ортада алып, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана алады.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



