Жаңалықтар

Қарағандыда ұлттық мәдени мұраны қорғау жөнінде семинар өтті

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, қолөнері, ұлттық ойындары мен төл өнері – ұлттың рухани болмысын айқындайтын баға жетпес қазына. Оны сақтау, заман талабына сай жаңғырту және кейінгі буынға жеткізу – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттің бірі. Осы бағытта Қарағандыда өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға арналған семинар өтті.

Cурет автордан

Облыстың тарихи-өлкетану музейінде ЮНЕСКО-ның Техникалық гранты аясында материалдық емес мәдени мұра элементтерін жергілікті деңгейде түгендеу, сақтау және дамыту мәселелеріне арналған басқосу ұйымдастырылды. Оған Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының делегациялары, мәдениет саласының өкілдері, сарапшылар мен мамандар қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – ұлттық мұраны қорғау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, өңірлердің тәжірибесін ортаға салу. Жиында ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенциясын жүзеге асыру, мұра иелері мен олардың қауымдастықтарын анықтау, дәстүрлі өнер түрлерін құжаттандыру мәселелері сөз болды.

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Музафаровтың айтуынша, Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар 2024 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның техникалық гранты аясында жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

– 2024 жылы Қазақстан Үкіметі ЮНЕСКО-ға материалдық емес мәдени мұраны анықтау және сақтау бағдарламасына техникалық көмек көрсету жөнінде ұсыныс жасады. Соның нәтижесінде 2025 жылдан бастап, арнайы грант іске қосылды. Бағдарлама аясында Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды және Қызылорда облыстары пилоттық өңірлер ретінде таңдалды. Бұл аймақтарда материалдық емес мәдени мұра иелерін, олардың қауымдастықтарын анықтау және жойылып кету қаупі бар дәстүрлі өнер түрлерін зерттеу жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, зерттеу барысында ерекше назар аударуды қажет ететін екі бағыт анықталған. Олар – қазақтың кілем тоқу және киіз үй жасау өнері. Себебі, осы кәсіптің қыр-сырын меңгерген шеберлер қатары сиреп, дәстүрлі әдіс-тәсілдерді кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселесі өзекті болып отыр.

– Бұл өнер түрлерін сақтап қалу үшін олардың иелерін анықтап қана қоймай, жинақталған тәжірибені құжаттап, кейінгі буынға жеткізу қажет. Ал, терме мен айтыс секілді өнер түрлері шығармашылық өмірін жалғастырып келеді. Әр мұра элементінің қазіргі жағдайына қарай жеке тәсіл қолдану маңызды, – деді Рустам Музафаров.

Бес пилоттық өңірде басталған жұмыс алдағы уақытта Қазақстанның барлық 17 өңіріне таратылады. Осы ретте Қарағандыда өткен семинарға көршілес Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысып, өңірлік тәжірибемен танысты.

Өңірде осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның міндетіне мәдени мұра элементтерін зерделеу, шеберлер мен орындаушыларды анықтау, олардың тәжірибесін жүйелеу және Ұлттық тізімге енгізуге ұсынылатын материалдарды әзірлеу кіреді. Құжаттандыру жұмыстары ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясының қағидаттарына сәйкес жүргізіледі. Арнайы формулярлар, келісім парақтары және бейнежазбалар арқылы мұра иелері туралы мәліметтер жинақталады. Онда адамның кәсіби тәжірибесі, қандай дәстүрді меңгергені, оны кімнен және қалай үйренгені, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолдары қамтылады.

– Қарағанды облысында материалдық емес мәдени мұраның 27 элементі тіркелген. Оның 10-ы Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізіміне енгізілген. Олардың қатарында айтыс, киіз үй, қазақ күресі, Наурыз дәстүрі, асық ату, тоғызқұмалақ, «Ортеке» өнері, құсбегілік, күй тарту және шелпек пісіру дәстүрлері бар.

Ұлттық тізімге енгізу үшін тағы 17 элемент ұсынылған. Олардың қатарында кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, тымақ тігу, ағаш өңдеу, ою-өрнек өнері, терме айту, тазы өсіру, дәстүрлі садақ ату, жекпе-жек, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату және ат баптау дәстүрлері бар.

Өңірде дәстүрлі өнерді жаңғыртуға бағытталған бастамалар да аз емес. Соның бірі – ұлттық музыкалық және қуыршақ өнерінің ерекшеліктерін біріктіретін «Ортеке» жобасы. Оның аясында дәстүрлі орындаушылық тәсілдерді зерттеу, шеберлер тәжірибесін сақтау, жастарды үйрету және өнерді заманауи мәдени кеңістікте таныту көзделген. Қарағандыда өткен «Ортеке» республикалық этнофестивалі де осы бағыттағы жұмыстардың біріне айналды.

Айтыс, жыршылық және терме өнерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі таңда облыста 17 айтыскер және 6 жыршы-термеші бар. Жастардың дәстүрлі сөз өнеріне қызығушылығын арттыру мақсатында 10-35 жас аралығындағы азаматтарды қамтитын арнайы мектеп жұмыс істейді. Бүгінде онда шамамен 30 оқушы айтыс, жыршылық-жыраулық және термешілік дәстүрді меңгеріп жүр, – деді облыстың мәдениет пен өнерді дамыту орталығының басшысы Сержан Мұсайын.

Ұлттық спорт түрлері де мәдени мұраның маңызды бөлігі саналады. Облыста осы бағытта түрлі жарыстар мен фестивальдер ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 2026 жылғы 5-6 маусымда Қарқаралы қаласында өткен «BaiQymyz – Қарқаралы» этно-гастрофестивалі аясында аламан бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату және бес асықтан жарыстар өткізілді. Ал, 2025 жылы облыс спортшылары ұлттық спорт түрлері бойынша 51 республикалық және халықаралық жарысқа қатысып, 105 медаль жеңіп алған. Оның ішінде, 20 алтын, 29 күміс және 56 қола медаль бар.

Материалдық емес мәдени мұраны сақтау жұмыстары тек зерттеу және тіркеумен шектелмейді. Бұл іске жергілікті мәдениет ұйымдары мен мамандарды тарту да маңызды. Осы мақсатта мәдениет саласының қызметкерлеріне, музей мамандарына, қолөнершілерге және клубтық ұйымдардың әдіскерлеріне арналған оқыту семинарлары өткізіліп келеді.

2025 жылғы қазанда өңірдің материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және дамыту мәселелеріне арналған семинар ұйымдастырылды. Сол жылдың қарашасында қалалар мен аудандардың мәдениет қызметкерлері қатысқан «Руханият – рухтың байрағы» атты облыстық семинар-марафон өтті. Биыл 27 сәуірде клубтық ұйымдардың әдіскерлеріне арналған семинар-практикум өткізіліп, қатысушылар мұра элементтерін анықтау, құжаттандыру және ұлттық әрі халықаралық тізімдерге енгізу тәртібімен танысты.

Мұндай шаралар жергілікті мамандардың тәжірибесін жетілдіріп, мұра иелерімен жұмыс істеудің ортақ тәсілін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, жергілікті мәдениет үйлерінің рөлін күшейту көзделіп отыр. Олар мұра иелері, зерттеушілер, мәдениет мамандары мен дәстүрді үйренуге ниетті жастар бас қосатын қауымдастық орталықтарына айналуы тиіс.

Семинардың екінші күні Қарағанды қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қатысушылар «Қайрат» спорт мектебіне барды.

Ұлттық мұра – өткеннің естелігі ғана емес, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты жалғайтын алтын көпір. Оны сақтау үшін дәстүрді дәріптеу аз, сол өнердің иелеріне қолдау көрсетіп, олардың білімі мен тәжірибесін кейінгі буынға үйрету қажет. Ұлттық құндылықтың өміршеңдігі оның халық жадында ғана емес, күнделікті тіршілікте жалғасын табуымен өлшенеді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button