Бас тақырыпЖаңалықтар

Дүйсен Қасейінов Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлықпен марапатталды

Анкара қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті аясында қазақстандық қоғам қайраткері, өнертанушы, дипломат Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Бұл жайлы Түркия Республикасы Президенті жанындағы Коммуникациялар басқармасы мәлім етті. 

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Марапатты Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған ресми қабылдау барысында табыстады. Түркия Президенті өз сөзінде марапат Дүйсен Қасейіновке түркі халықтарының бірлігі мен мәдени ынтымақтастығын нығайтуға, ортақ мәдени мұраны сақтауға және халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан үлесі үшін берілгенін атап өтті.

« – Жыл сайын түркі дүниесінің ғылыми және мәдени мұрасына үлес қосқан тұлғаларға арнайы берілетін  Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлықты табыстаймыз. Бұл марапатты биыл Қазақстаннан келген құрметті Дүйсен Қасейіновке тапсыруды жөн деп таптық. Өнер қайраткері, академик және дипломат мәртебесіне ие Қасейінов мырза 2008–2022 жылдар аралығында ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшылығы қызметін табысты атқарды. Түркі тілі, мәдениеті, ғылымы мен түркі дүниесінің бірлігіне зор үлес қосты. Дүйсен Қорабайұлына  Түркі мемлекеттері ұйымы атынан алғыс білдіреміз.
Осы тілектермен, Республика күнінің қуанышын бізбен бөліскендеріңіз үшін әрқайсысыңызға жеке-жеке ризашылығымды білдіремін.
29 қазан – Республика мерекесі құтты болсын! Түркі мемлекеттерінің бірлігі мен ынтымағы мәңгілік болғай!», – деді Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған. 

Айта кеткен жөн, Дүйсен Қасейінов 2008–2022 жылдары Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы қызметін атқарды. Осы кезеңде түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытып, бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асырды.  Түркі халықтарының өнері мен дәстүрлерін халықаралық деңгейде таныту бағытында жұмыстар жүргізді.

Әр жылдары ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын басқарды, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі қызметін атқарды және дипломатиялық қызметте болды.

Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлық түркі әлемінің мәдени, ғылыми және рухани дамуына, түркі халықтарының ортақ құндылықтарын дәріптеуге үлес қосқан тұлғаларға беріледі. 2026 жылғы сыйлық Дүйсен Қасейіновке табысталды.

Марапаттау рәсімі Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитіне орай Анкарада ұйымдастырылған ресми қабылдау аясында өтті.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button