Бас тақырыпЖаңалықтар

Бизнесті бәсеке билейді

Қарағандыда Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары – 2026» көрме-байқауы аймақтағы өндірістің бүгінгі тынысын танытты. «Garden Hall» кешеніне жиналған кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынып, жаңа нарыққа шығу, өндірісті кеңейту, іскерлік байланыс орнату жайын ортаға салды. Көрмеге облыстың 80 кәсіпорны қатысып, тоғыз өндіруші үш аталым бойынша үздік деп танылды. Мерекелік басқосуда іргелі зауыттардың жетістігімен қатар, шағын шеберханадан кәсібін бастаған жандардың еңбегі де бағаланды. Көрме, іскерлік кездесулер мен марапаттау рәсімінің ортақ өзегі – облыста өндірілетін тауардың сапасын арттырып, оны тұтынушыға жақындату. Ал, оқушылар мен студенттердің бизнес-жобаларына арналған байқау осы істің жалғасын жастардан іздеуге мүмкіндік берді.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков кәсіпкерлік саласының өңір экономикасындағы салмағын дерекпен тарқатты. Облыста 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Еңбекке қабілетті халықтың жартысына жуығы осы салада еңбек етсе, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 23 пайызға жуықтаған. Облыс өңдеу өнеркәсібі бойынша еліміздегі жетекші өңірлер қатарында. Аталған көрсеткіштерде ірі өндіріс ошақтарымен қатар, соларға қызмет көрсететін шағын кәсіпорындар мен өңірдің күнделікті сұранысын өтейтін кәсіп иелерінің еңбегі тұр. Сондықтан, шағын және орта бизнестің үлесін арттыру – өндірісі дамыған Қарағанды үшін де өзекті міндет.

– Биыл инвестиция көлемін 1,5 триллион теңгеге жеткізу міндеті қойылды. Өңірде 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, шағын және орта бизнесті қолдауға 14,5 миллиард теңге бағытталды. Бөлшек салық мөлшерлемесі 2 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Өңіріміздің экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өндірістің өркендеуіне үлес қосып жүрген – сіздерсіздер, кәсіпкерлер. Бүгінгі көрмеге қатысып отырған кәсіпорындардың басым бөлігі – шағын және орта бизнес өкілдері. Бұл – өңірлік кәсіпкерліктің әлеуеті мен мүмкіндіктерінің айқын көрінісі, – деді Ораз Тәуірбеков.

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің арнайы жүлделері табысталды. «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» марапаты «QazTehna» серіктестігіне, «Инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізгені үшін» жүлдесі «НПО Перспектива» кәсіпорнына берілді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев та өндірістегі жергілікті кәсіпорындардың орнын атап өтті. Ол металлургия, тау-кен және машина жасау салаларының төңірегінде отандық жеткізушілер мен сервистік компаниялар қалыптасып келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың мүмкіндігін кеңейту, қосылған құны жоғары тауар шығару және жаңа нарыққа жол табу маңызды екенін айтты.

– Көрме-байқау ірі зауыттармен қатар, шағын өндірушілерді де танымал етіп, нарықтағы серіктестермен табыстыруға қызмет етеді. Қарағанды кәсіпкерлері үшін ірі өндіріс тізбегіне қосылу – тапсырыстың тұрақтылығын, ал, өз брендімен шығу – өнімді өткізудің жаңа арнасын білдіреді. Әр отандық тауарда ұжымның еңбегі, тұтынушы алдындағы жауапкершілік пен сапаға деген ұмтылыс тұр, – деді Жеңіс Тайшытаев.

«Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаздар үш бағыт бойынша анықталды.

«Өндірістік мақсаттағы тауарлар» аталымында антифриз өндіретін «Азия-СМ», құбыр арматурасын шығаратын «Бёмер Арматура» және технологиялық жабдықтар жасайтын «Инкар-I» серіктестіктері үздік шықты.

«Азия-СМ» компаниясы 2018 жылдан бері автокөліктер мен карьерлік техникаға арналған антифриздің онға жуық түрін шығарады. Кәсіпорын бір сегіз сағаттық ауысымда 24 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы.

– Бізде 45 адам еңбек етеді. Алматы мен Өскеменде филиалдары бар, алдағы уақытта экспорт географиясын кеңейтуді көздеп отыр. Кәсіпорын директоры Светлана Сороколетова шикізаттың бір бөлігі шетелден келетіндіктен, қажетті компоненттерді отандық өндірісте игеру мәселесі де күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Өнімдері жеңіл автокөліктермен қатар, жүк көлігі мен карьерлік техникаға да арналған. Кәсіпорын Қарағандыдағы автобус парктерімен әріптестік байланыс орнатқан. Ендігі міндет – шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнімнің сыртқы нарықтағы орнын кеңейту. Біз үшін байқауда жеңімпаз атану – өнім сапасы мен ұжым еңбегінің мойындалуы. Қазір өндіріс көлемін арттырып, Ресей мен Өзбекстан нарықтарына шығуды жоспарлап отырмыз, – дейді Светлана Сороколетова.

«Халыққа арналған тауарлар» бағыты бойынша тұрмыстық техника өндіретін «Silk Road Electronics», балаларға арналған және шаруашылық бұйымдарын шығаратын «Қарағанды металл бұйымдары зауыты», сондай-ақ, санитариялық-гигиеналық қағаз өнімдерін өндіретін «Sunpaper» кәсіпорындары жеңімпаз атанды.

Ал, «Азық-түлік тауарлары» аталымында «SaumalBioTech», «Сарыарқа-ұн» және сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «Сыр өнімдері» жеке кәсіпкерлігі үздіктер қатарынан көрінді.

Шет ауданының Жарық станциясында орналасқан «Сыр өнімдері» кәсіпкерлігі шағын өндірісті дамытудың озық үлгісін көрсетті. Кәсіпкер Жанар Қантарбаева 2022 жылы тәулігіне 20-30 литр сүт өңдеуден бастаған ісін бүгінде 500 литрден бір тоннаға дейін жеткізген. Жергілікті фермерлерден алынған шикізаттан ірімшік, құрт, қаймақ, май, балмұздақ секілді 30-ға жуық өнім шығарады. Былтыр алған 5 миллион теңгелік грантқа өндірістік жабдықтарын толықтырған. Кәсіпті бастапқыда «Freshchi» атауымен жүргізген цех кейін «Ауыл дәмі» брендіне көшті. Қазір ірімшік пен құрттан бөлек, сыр мен табиғи сары май өндіреді. Өнім бағасы мен сапасына мән беру – шағын цех үшін жергілікті нарықтағы орнын сақтаудың негізгі жолы.

– Басты мақсатымыз – табиғи сүт өнімдерін өндіріп, ұлттық тағамдарымызды дәріптеу. Бастапқы шағын өндірістің осындай деңгейге жетуі – тынымсыз еңбектің нәтижесі, – дейді Жанар Қантарбаева.

Сонымен қатар, «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы «Үздік салық төлеуші» аталымында «KERABLOK», «КазСолар 50» және «QARMET» ұйымдары тиісінше шағын бизнес, орта бизнес және сыртқы экономикалық қызметке қатысушы санаттарында танылды. «Әлеуметтік жауапты бизнес» атағын «Пржевальское» серіктестігі, ал, «Үздік сауда нысаны» атағын «OSTEN» серіктестігінің «Норма» супермаркеті иеленді. Бұл марапаттар бизнестің табыспен бірге қоғам алдындағы жауапкершілігін де алға шығарды.

Енді облыстық кезеңде топ жарған аймақтың үздік тауарлары «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауының республикалық кезеңінде бақ сынап, кеншілер өлкесінің намысын қорғайды.

Іс-шараның тағы бір маңызды бөлігі – мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің бизнес-идеялар байқауы. Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің бастамасымен екінші рет өткізілген сайысқа биыл 96 өтінім түскен. Оның 61-і іріктеуден өтіп, финалистер өз жобаларын қорғады. Былтыр 82 өтінім қабылданғанын ескерсек, жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығы арта түскені байқалады.

Төрт бағытта оза шапқан жобалардың мазмұны да сан алуан. «Агроөнеркәсіптік кешен және өңдеу өнеркәсібі» аталымында әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия оқушысы Інжу Төлеген табиғи сүттен дәруменмен байытылған құрт өндіру идеясымен жеңді. Ал, «Жасанды интеллект, роботтехника және ақпараттық технологиялар» бағытында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-интернаттың оқушылары Бақдәулет Әмірбек пен Алимбатыр Тұрсымбековтің «NEMO» жобасы үздік танылды. Олардың автономды робот-көмекшісі қарт адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

«Бизнес-шешімдерге бағдарланған экология» бағыты бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Лука Долидзе су бетіндегі мұнай ластануын анықтап, жоюға арналған интеллектуалды жүйесін таныстырды. Жобада дрон, EcoSorb сорбенті және компьютерлік көру технологиясын қолдану көзделген. Бұл – қоршаған орта мәселесін технологиялық тәсілмен шешуге бағытталған ұсыныс. Ал, «NEMO» жобасының артықшылығы – автономды құрылғының мүмкіндігін қарт адамдардың қауіпсіздігімен байланыстыруы. Бірі экологияға, екіншісі әлеуметтік қажеттілікке жауап іздейді.

«Өңдеу өнеркәсібі» аталымында әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназияның өкілі Альмира Кабденова тері өңдеу және аң терісінен бұйым тігу жобасымен жеңімпаз атанды. Жас өнертапқыштарды Кәсіпкерлердің өңірлік кеңесінің төрағасы Владимир Алескеров марапаттады.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

 

Суреттер ұйымдастырушылардан

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button