Даңқтының дәстүрлі турнирі
Қарағандыда ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XIV халықаралық бокс турнирі өз мәресіне жетті. Биыл дәстүрлі додаға еліміздің 12 облысынан және Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Тәжікстаннан келген 320 спортшы қатысып, шаршы алаңда өзара мықтыны анықтады.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Құрылтай депутаты, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов қатысып, жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар, турнирдің ашылу салтанатына спорт саласының ардагерлері мен белгілі спортшылар да қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Валерий Громов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғазы Жарылғапов, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және бокстан әлем мен Азия чемпионы Мерей Ақшалов та бар.
Салтанатты жиында облыстық спорт басқармасының басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан Серік Сәпиевтің иығына оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті.
– Турнирдің ашылу салтанатына келіп, қолдау көрсеткен барлық достарым мен әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Өзге елдерден келген қонақтарымызға ерекше сәлем жолдаймын. Басқарма басшысы Нұркен Қанатұлына ұйымдастыру жұмыстарын тікелей бақылап, жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, – деді Серік Жұманғалиұлы.
Нұрбақыт Молдахметұлы сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Жарысқа қатысып жатқан жас боксшыларға сәттілік тілеймін. Биыл 14-ші рет ұйымдастырылып отырған бұл турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, спорт басқармасына және демеушілерге алғыс білдіремін. Жас спортшыларға Серік ағаларының жолын берсін. Көк Туымыз көкте желбіреп, жеңісті күндеріміз көп болсын! – деді Құрылтай депутаты.
14 жастағы қарағандылық Ерсұлтан чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен келіпті. Бокспен айналысып жүргеніне алты жылдан асқан жас спортшы осы уақыт ішінде талай белесті бағындырған. Облыстық чемпионатта қола жүлдеге қол жеткізсе, ел біріншілігінде топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген. Енді ол бұл додада 44 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, чемпионаттағы алғашқы кездесуін де сәтті бастаған. Өзі Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернатында жаттығады екен. Өкінішке қарай, жас спортшы жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
– Бұл чемпионатқа ұзақ уақыт бойы дайындалдым. Соның нәтижесінде алғашқы қарсыласым тәжікстандық боксшыны жеңіп, келесі кезеңге өттім. Дегенмен, бұл додада осал қарсылас жоқ. Менің салмақ дәрежемде ірі жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген қостанайлық және елордалық боксшылар бар. Олармен әзірге басқа турнирлерде кездескен емеспін. Осы чемпионатта, өкінішке қарай, сол қарсыластарымнан айламды асыра алмадым, – деді қарағандылық жас боксшы.
Жалпыкомандалық есепте ұлдар арасында өткен бәсекеде үш алтын, екі күміс және 11 қола жүлде еншілеген қарағандылықтар көш бастады. Одан кейінгі сатыға бір алтын, екі күміс және екі қола жүлдемен елордалықтар табан тіреді. Ал үздік үштікті бір алтын және бір күміс жүлде иеленген Түркістан облысының спортшылары түйіндеді.
Қыздар арасындағы бәсекеде бес алтын, екі күміс және екі қола жүлдемен шымкенттіктер топ жарды. Екінші орынды үш алтын, бір күміс және екі қола медаль еншілеген Алматы облысының спортшылары иеленсе, үшінші орынға екі алтын және үш қола жүлде алған Ұлытау облысының боксшылары жайғасты..
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



