Жаңалықтар

Елімізде сирек металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесі құрылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның минералдық ресурстарын тиімді пайдаланып, отандық өндірісті дамыту қажеттігін айтты. Президент геологиялық барлау саласын жаңғыртып, сирек және түсті металдардың қорын басқарудың ұлттық жүйесін құруды тапсырды.
Сурет Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа кен орындарын іздеуге заманауи технологиялар мен жеке инвестиция тарту қажет. Сонымен қатар тау-кен жобаларын ұзақ мерзімге қаржыландыру тетіктерін әзірлеп, отандық кәсіпорындардың өніміне тұрақты сұраныс қалыптастыру маңызды.

– Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өндіріс орындарын ашу кезінде нарықтағы сұраныс пен өңірлердің ерекшеліктерін ескеру қажеттігін де атап өтті. Оның сөзінше, жаңа кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнеске кедергі келтірмеуі керек. Ол үшін Үкіметтің өңірлік жобаларды үйлестірудегі рөлін күшейту қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аймақтардың экономикасын әртараптандыруға назар аударды. Өңірлерде негізгі өндірістермен қатар білім беру, ғылым, логистика, қызмет көрсету және технологиялық кәсіпкерлік салаларын дамыту маңызды.

Президенттің пікірінше, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы өңірлерде өзара байланысты салалардан тұратын экономикалық экожүйе қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button