Қазақстан транзиттік әлеуетін арттырып, жол инфрақұрылымын жаңғыртады

Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Бұл Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыруға жол ашады. Ал «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтады.
– Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналу үшін осы тарихи мүмкіндікті пайдалануы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жол инфрақұрылымының сапасына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, келесі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту жұмыстары басталуы қажет. Сонымен қатар келесі жылы барлық автомобиль өткізу пункттерін сапалы қайта жаңғырту аяқталуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен сапасына жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстарды үйлестіру Көлік министрлігі арқылы Үкіметке жүктеледі.
– Қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар қажет. Битумның, қиыршық тастың сапасын сылтау етуге болмайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы отандық жүк тасымалдаушыларды қолдаудың маңызын да атап өтті. Негізгі мақсат – көлік-транзит әлеуетін нығайту, жүк тасымалын дамыту және қазақстандық кәсіпкерлердің табысын арттыру.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



