Мемлекет басшысы әлемдегі тұрақсыздық жағдайында ел бірлігін нығайту маңызды екенін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты бірқатар мәселе әлі де өзекті. Сондықтан ел алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды орындау үшін қоғамда татулық пен тұрақтылық сақталуы қажет.
– Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі әлемдегі жағдайдың күрделене түскеніне де назар аударды. Оның сөзінше, мемлекеттер арасындағы өзара сенім әлсіреп, халықаралық деңгейдегі текетірестер күшейген. Сонымен қатар бақылаусыз көші-қон мәселесі бірқатар елдің қауіпсіздігіне әсер етіп отыр.
Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі төмендеп, халықаралық құқықтың маңызы әлсірегенін атап өтті. Қазіргі геосаяси ахуалдың болашағына қатысты саясаткерлер мен сарапшылар арасында ортақ пікір жоқ.
– Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, осындай күрделі кезеңде Қазақстан үшін ішкі тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына басымдық беру маңызды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



