Жаңалықтар

Қарағанды техникалық университеті түркиялық компаниямен серіктестік орнатты

Түркияның Gedik Holding компаниясы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында құбыржол арматурасы мен дәнекерлеу өнімдерін шығаратын зауыт салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Жоба жүзеге асса, кәсіпорынға білікті инженерлік-техникалық мамандар қажет болады. Осы мақсатта түркиялық тарап өңірдің өнеркәсіп саласына кадр даярлайтын Қарағанды техникалық университетімен байланыс орнатуға бастамашы болды. Осы  орайда Қарағандыда жаңа өндіріс орнына қажетті инженерлік мамандарды даярлау үшін халықаралық ынтымақтастық орнатылды. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Түркияның İstanbul Gedik Üniversitesi меморандумға қол қойды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Келісім Шымкентте Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) халықаралық инвестициялық форумы аясында жасалды. Форумға әлемнің 40 елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты.

Серіктестік Қарағанды облысында жоспарланған өнеркәсіптік жобамен байланысты. 

Меморандумға университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Тимур Қанапиянов пен İstanbul Gedik Üniversitesi Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Хюлия Гедик қол қойды.

Ынтымақтастық аясында металл өңдеу, дәнекерлеу технологиялары және өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалану бағыттарында мамандар даярлау көзделген. Білім беру бағдарламалары өндірістің нақты талаптарына бейімделеді. Студенттердің өндірістік практикадан өтуіне, тағылымдамадан өтуіне және академиялық ұтқырлықты дамытуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар оқытушылар мен зерттеушілер тәжірибе алмасып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыра алады.

Форумға университеттің Директорлар кеңесінің мүшесі әрі тәуелсіз директоры Ерлан Оспанов та қатысты. Ол «Сары-Арқа әуежайы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде көлік-логистика саласына арналған панельдік сессияда сөз сөйледі. Жиында Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және халықаралық инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Жаңа серіктестік Қарағанды өңіріндегі өнеркәсіптік жобаларды білікті мамандармен қамтамасыз етуге және инженерлік білімді өндіріс қажеттілігімен ұштастыруға бағытталған.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button